Еліміздің ғылыми әлеуетін арттырудың бірден-бір жолы – шетелдік дамыған ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, өңірлерде жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу.
Үш жыл бұрын Мемлекет басшысының қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы университет пен Аризона университеті (АҚШ) арасында екі дипломдық білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асырылды. Білім министрлігі қажетті қаражатты қарастырып, грант сомасы ұлғайтылды және арнайы бағдарламалар әзірленді, олардың бірі тек ағылшын тілінде оқығысы келетіндерге арналған.
Қазіргі уақытта СҚО Мемлекеттік университетінде осы бағдарлама бойынша 17 облыстан және Республикалық маңызы бар 3 қаладан 600-ден астам студент оқиды. Студенттер жергілікті университетте де, АҚШ-тың Аризона университетінде де білім алады. Осындай стратегиялық мақсатты ұстанған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов АҚШ-тағы Аризона Университетінің өкілдерімен кездесті.
Қостанай облысына қадам басқан Аризона университетінің делегациясы мүшелерінің айтуынша, екіжақты келісім екі елдің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруі тиіс.
«Біздің мақсатымыз-Қостанай облысында да осындай жобаны жүзеге асыру, – деп атап өтті облыс әкімі. – Осы бағдарлама аясында біздің студенттер бір мезгілде екі білім ошағы – қазақстандық және американдық университеттерде оқуға және оқу аяқталғаннан кейін екі ЖОО дипломдарын алуға мүмкіндік алады».
Осы салаларда тәжірибе мен білім алмасу – ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жаңа деңгейге көтереріне сенім зор.
Бақыт ТҰРАШ