Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бірлік – береке бастауы

20 июня 2024 8:31 • 341 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-ші сессиясы өтті.

Жиын барысында өңірдің ҚХА-ның этносаралық келісімін іске асыру және этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің этносаралық коммуникацияның тиімді құралдарын қалыптастырудағы қызметі, облыс ҚХА-ның «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қосқан үлесі. Мемлекеттік тілді үйренудің маңыздылығы және оның дамуындағы «Жастар Ассамблеясының» рөлі талқыланды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов отырысты ашып, ассамблеяның жұмысына оң бағасын берді. Өңір басшысы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА-ның 33-ші сессиясында айтылған ойларын тілге тиек етті: «бірлік, келісім және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Әрқайсымыздың басты назарымыз азаматтық бірегейлікті нығайту және патриотизмге тәрбиелеу болуы тиіс» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құмар Ақсақалов бірлік тек мемлекеттік идеология ғана емес, әр азаматтың өмір салты болуы керек екенін, күнделікті іс-әрекетте көрінетінін атап өтті. Бірліктің құндылықтарын тану мен құрметтеудің арқасында Қазақстан халқы бейбітшілік пен келісімде өмір сүреді.

— Келер жылы ҚХА 30 жылдығын атап өткелі отырмыз. Этносаралық және конфессияаралық келісім – еліміздің баға жетпес байлығы. Мемлекет басшысы атап өткендей, бірлік, келісім және бейбітшілік мемлекеттің басты құндылығына айналып отыр. Азаматтық бірегейлік пен патриоттық тәрбиені бекіте түсудің мән-маңызы зор. Бұл тұрғыда Ассамблеяның атқарар рөлі зор, қызметі құнды. Оның мүшелерінің шынайы патриот, туған елге деген сүйіспеншілігі ерекше, өңіріміздің игілігі жолында еңбек етіп келеді. Қоғамда әлеуметтік жауапкершілік идеясы қанат жая бастады, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов сөз басында.

Әкім ҚХА-ның ерекше рөлін 2024 жылғы су тасқыны кезеңінде халықты біріктіру бойынша белсенді жұмыс атқарылғанын атап өтті. Құмар Ақсақалов өз сөзінде ҚХА қызметін Жаңа гуманитарлық-идеологиялық саясатпен үндестіру қажеттігіне баса назар аударды.

Сондай-ақ, облыстық ассамблеяның этносаралық келісім бағытындағы қызметін жандандыру және этносаралық коммуникацияның тиімді құралдарын қалыптастыру үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің қызметі туралы облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жанұзақ Аязбеков баяндама жасады. Ол жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Кеңестің қоғамдық, әлеуметтік, рухани саладағы маңызды іс-шараларға белсенді араласып келе жатқанын сөз етті. Сондай-ақ, «Достық үйі» аталатын ұйымға жаңа ғимарат бөлу жөнінде ұсыныс айтты.

«Біз қоғамдағы өзара қарым-қатынасты, құрмет пен сенімді нығайту, діни, өңірлік және әлеуметтік – экономикалық келіспеушіліктерге қарсы тұру үшін пәрменді шаралар қабылдауымыз керек», – деп қорытындылады облыс әкімі.

Сессия қорытындысы бойынша өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету бойынша ҚХА-ның одан әрі жұмысына бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.

Шара соңында «Таза Қазақстан» акциясының өңірде жүзеге асу барысы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде баяндамалар тыңдалды. Жиын соңында көктемгі су тасқыны кезінде жапа шеккен халыққа көмек көрсетіп, белсенділігімен көзге түскен еріктілер облыс әкімінің қолынан Құрмет грамотасын алды.

Бақыт ТҰРАШ