15 маусым күні Лисаков қаласының құрылғанына 53 жыл толды. Шаһардың іргетасын қалап, еңсесін көтеруге атсалысқан құрылысшылар әлі күнге арамызда жүр. Қаладағы көптеген зәулім ғимараттың, тұрғын үйлердің қабылғасында қолының табы қалған алғашқы құрылысшылардың бірі Николай Рожнов есімді ақсақал еді.
Биыл қарт құрылысшы 85 жасқа толды. Николай Петрович Лисаковтағы көп қабатты үйлердің, өндіріс орындарының іргетасын алғаш өзі бастап қалаған. Құрылыс нысандарының барлығында ақсақалдың қолтаңбасы бар.
Николай Рожнов 1939 жылы Мордовияның Шишкеев ауылында дүниеге келген. Қазақстанға, оның ішінде Рудный қаласына 1961 жылы қоныстаныпты. Боалашқ жарын да осы жерден тапқан екен. Араға төрт жыл салып, 1965 жылы Компартияның жолдамасымен Лисаков қаласының іргетасын қалауға аттанады. Сол жылдың қаңтар айынан бастап Лисаков кен құрылыс басқармасында жұмысқа кірісіп, зейнетке шыққанша бел жазбай еңбек етті.
«Жұбайым өндірістік ғимараттар құрылысының басы-қасында жүрді. Осы бағытта көп жыл еңбек етті. Басында механик, одан кейін бас механик, бірнеше жыл парторг болды. Жалпы, кез келген жұмысты беріліп, жанын салып істейтін. Кей кездері фабрикада апталап ететін еді», – дейді жұбайы Лидия Сергеевна.
Лисаков қаласының алғашқы құрылысшысының ерең еңбегі зая кетпеді. Мәртебелі марапаттарға ие болды. Солардың ішіндегі ең салмақтысы – «Еңбек Қызыл ту» ордені. Сондай-ақ, Кеңестер одағы тұсында халық шығармашылығының жетістіктері көрмесінің қола медаліне ие болды. Бүгінде бұл марапаттары қалалық музейде сақтаулы тұр.
2002 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан ақсақал, үйде қол қусырып отырмай, жергілікті ардагерлер кеңесінің жұмысына да белсене атсалысты.
Мерейтой иесін бірінші болып құттықтаған Лидия Сергеевна екеуінің 44 жыл бірге отасып келе жатқанын айтады. Үш қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан үш немере, екі шөбере сүйіп отыр.
«Балаларымыз жақсы қарайласып тұрады. Бастысы, бізге деген олардың қамқорлығы жанымызды жылытады. Қазір бізге ештеңе де қажет емес, тек қамқорлық пен ақ пейілдерін көрсек, басқа қалауымыз жоқ. Өмірдің мәні де сол емес пе», – дейді көпті көрген кейуана Лидия Рожнова.
Бір өкініштісі, еңбекторы қарияның денсаулығы соңғы уақытта сыр беріп жүр екен. Оны зайыбы мәпелеп, бабын келістіріп, бағып-қағып отыр.
«Біз ардагерлер кеңесінің іс-шараларына жиі қатысып, көмек көрсетіп жүруші едік. Қазір жолдасымның денсаулығы нашарлай бастады. Көп уақыты үйде өтеді. Далаға шығып, серуендегенді жанымыз қалайды. Қала сыртына 2–3 сағат сейіл құрып келетін кездеріміз болады. «Әй-шәй» десіп көрмеген жұбайыммен өзімді бақытты сезінемін», – дейді ардагердің жұбайы.
Николай Петрович Лисаковқа алғаш келгенде бұл жерде бір де бір үй болмаған екен. Қазір сәулетті де дәулетті қала көз алдында тұңғыш перзентіндей өсіп-өніп келеді.
Қария жан-жақта салынып жатқан құрылыс нысандарын көріп, көңілі марқайып, көзіне жас алатын көрінеді. Бәлкім, алыс қалған жастық шағы есіне түсетін шығар…
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ