Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Шегірткемен күрес ширай түсті

20 июня 2024 9:06 • 456 просмотров

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Жалпы 1,1 миллион гектар аумақ шегіртке зиянкестеріне қарсы өңделді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ағымдағы жағдаймен жеке танысып, аумақтардағы химиялық өңдеу жұмыстарының барысы мен сапасын тексеру үшін өңірлерді аралауда.

Айта кетейік, Қостанай облысы Ақтөбе және Түркістан облыстарымен қатар биыл шегірткенің ең көп таралуы болжанатын өңірлердің қатарында. Жалпы, мұнда 775,6 мың гектар аумақта жұмыс жүргізу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда 57 арнайы техниканың көмегімен 120 мың гектардан астам алқап өңделді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Арқалық қаласында, Амангелді, Жангелді, Қамысты және Науырзым аудандарында кешкі және таңғы уақытта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, 500-ге жуық адам, оның ішінде фитосанитарлық диагностика орталығының 129 сарапшысы қамтылған мониторингтік іс-шаралар жалғасуда. Мамандар 339 мың гектар жерді зерттеді.

Министрдің айтуынша, елімізде шегірткеге қарсы іс-шараларға 2500-ден астам адам жұмылдырылды.

Министр Амангелді ауданы, Арқалық қаласындағы бірнеше шаруа қожалықтарын, егіс жұмыстары жалғасып жатқан алқаптарды аралап көрді, шаруа қожалықтарының басшыларымен және мердігерлермен кездесті.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен шегіртке зиянкестерімен күрес белсенді жалғасуда. Бұл мәселе Премьер-Министрдің ерекше бақылауында. Біздің алдымызда шегіртке зиянкестерімен күресті тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Қажетті көлемде дәрі-дәрмек сатып алу және жұмысты бастау бойынша дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде жоспарланған 2,5 миллион гектар залалсыздандыру алаңының 1,1 миллион гектардан астамы өңделді. Техника жеткілікті, өңірлер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Барлық өңдеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде», – деді Айдарбек Сапаров.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі қорғаныс шараларын дер кезінде ұйымдастыру бойынша кешенді шараларды қолға алып жатқанын естеріңізге саламыз.

Мәліметтер мен өңдеу нәтижелері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің ресми арналары арқылы халыққа және БАҚ-қа жүйелі түрде жеткізіліп отырады.

Шегірткелердің көші-қонын болдырмау мақсатында көрші мемлекеттермен жұмыс жүргізілуде.

«Көршілермен және халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Жұма күні, яғни, 7 маусымда біз ФАО алаңында шегірткеге қарсы күрес тақырыбы бойынша Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуін өткіздік. Күш-жігерді үйлестіру талқыланды. Ресей тарапымен кеңес өткізілді, өзбек әріптестерімен бірлескен өңдеулер жүргізілді», – деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрі шегіртке зиянкестеріне қарсы өңделетін жерлерді анықтау және өңдеу мәселелері ведомствоның ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, 17 маусымдағы жағдай бойынша үйір шегірткелердің болжамды 2,5 миллион гектар аймақтың бүгінгі күнге дейін 1,3 миллион гектардан астам аумақ өңделді.

2500-ден астам адам жұмылдырылды, 427 арнайы бүріккіш техника пайдаланылды.

271 мың гектар аумаққа шегірткенің таралуы болжанған Түркістан облысында марокко шегірткелеріне қарсы 348 мың гектарға жуық аумақ өңделді. Өңдеу шаралары аяқталды. Жағдай тұрақты, бірақ шегірткелердің таралу қаупін жою және жаңа ошақтарды анықтау мақсатында Мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық және аудандық аумақтық инспекцияларының мамандары Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының инспекторларымен бірлесіп жағдайды бақылауда.

Қостанай облысында итальяндық шегіртке мен азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда, 184 мың гектар алқап өңделді. 130 қызметкер жұмылдырылды. 55 техника бірлігі пайдаланылады.

Ақтөбе облысының 12 ауданында итальяндық шегіртке мен азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 432 мың гектарға жуық немесе жоспарланған көлемнің 55 пайызына жүргізілді. 74 техника бірлігі пайдаланылады. Шегірткелердің инкубациялық жерлерін зерттеуге және анықтауға 600-ге жуық адам жұмылдырылды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі Мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов осы облыста жұмыс атқаруда.

Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 350 мың гектар алқап өңделді.

Өңделетін аумақтар анықталған жағдайда Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында химиялық өңдеу жұмыстары басталады.

Сондай-ақ шекаралас аймақтардан шегірткенің қоныс аудару қаупі бар.

Жүргізілген химиялық өңдеулердің тиімділігін төмендеуіне жол бермеу және тұрақты фитосанитарлық жағдайды сақтау мақсатында көршілес мемлекеттерге Қазақстан Республикасымен шекаралас мемлекеттерге шегірткелердің таралуын бақылауды күшейту шараларын дереу қабылдау туралы хаттар жолданды.

Айта кетейік, 14 маусымда Қазақстанда егіс науқаны ресми түрде аяқталды. Бүгінгі таңда 23,8 млн гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары мәресіне жетті, бұл жоспарланған көлемнің 100% құрайды. 16,6 млн га алқапқа дәнді дақылдар, 3,0 млн га жерге майлы дақылдар, 3,4 млн га жерге мал азықтық дақылдар егілді.

Сондай-ақ, 142,5 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдары, 166,8 мың гектар алқапқа картоп орналастырылды. Көктемгі дала жұмыстары күрделі ауа райы жағдайына қарамастан оңтайлы мерзімде жүргізілді.

Сонымен қатар жауын-шашынның көп түсуіне байланысты егіс мерзімі кешіктірілген жағдайларда диқандар ерте және орташа мерзімде пісетін сорттарды пайдаланған. Егіс науқанын уақтылы және толық көлемде аяқтау еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытудың маңызды кезеңі болып саналады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін егу науқанының сәтті өтуі шаруалардың үйлесімді жұмысының және қажетті ресурстармен, соның ішінде қаржылық қамтамасыз етудің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің алдында тұрған басты міндет – егінді уақтылы күтіп-баптау және егін жинауға дайын болу», – деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, егіс науқанына дайындық барысында қажетті 2,4 млн тонна тұқым көлемі қалыптастырылды. Ағымдағы жылы тыңайтқыш енгізу көлемін ұлғайту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде шаруалар 2023 жылдың сәйкес күнімен салыстырғанда тыңайтқышты 2,1 есекөп енгізді. Жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 2024 жылы 580 млрд теңгені құрады, оның 400 млрд теңгесі қарыз қаражаты есебінен.

Бақыт ТҰРАШ