Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Шығын өтелді, кәсіп оңалды

20 июня 2024 8:47 • 377 просмотров

Биылғы су тасқынынан облыстың оңтүстік өңірлеріндегі шаруашылықтар көп зардап шекті. Әсіресе, табиғи апат шалғайдағы ағайынның жалғыз жанбағыс көзі – төрт түлік малынан айырған еді.

Қазір шаруалар жеке кәсібін қалпына келтіруге кіріскен. Олардың қатарында «Бикен» шаруа қожалығының басшысы, торғайлық Хамит Шакин де бар.

Оның фермасы Жанкелдин ауданына қарасты Тәуіш ауылында орналасқан. Кәсіпкер алапат тасқында шығын болған үй жануарлары үшін толық көлемде өтемақы төленгенін айтып отыр.

«Президенттің тапсырмасы бойынша 6 998 278 теңге мөлшерінде өтемақы алдым. Тіпті жоғалған малдың ақысы да төленді. Үкіметтің қолдауына ризамын. Көп рахмет. Бізді осындай қиын-қыстау кезде жалғыз қалдырмай, бірден қол ұшын созды. Барлық проблемаларымды шешіп берді», – дейді Хамит Қарағұлұлы.

Ол шаруа қожалығын 1998 жылы ашқан. Ата кәсіппен сол кезден бері айналысып келеді. Мемлекеттік қолдау арқасында қожалықтың аясын айтарлықтай кеңіткен еді. Осы қиындықтан кейін де шаруаны қайта дөңгелентіп әкетеріне бек сенімді.

«Біз қой-ешкі және жылқы өсіріп отырмыз. Бұған қосымша егін саламыз. Барлығы 12 мың гектар жеріміз бар. «Агроқаржы» компаниясы да шаруашылығымыздың дамуына зор жәрдем тигізгенін атап өткім келеді. Несие, жаңа техника алуға мүмкіндік бар. Биыл барлығын қайтадан жаңартқымыз келеді. «Бикенде» 15 адам жұмыс істейді. Жағдайдың тұрақталып, өміріміздің қалпына келіп жатқанына қуанамыз. Енді жұмысымызға ештеңе кедергі болмайды деп үміттенеміз», – дейді фермер.

Жалпы, Тәуіш ауылының тұрғындары су тасқыны салдарынан 77 бастай ірілі-ұсақты малынан айырылды. Олардың қай-қайсысына да бағалау комиссиясының қорытындысы бойынша өтемақы төленіп жатыр. Бүгінге дейін ауыл тұрғындары шығын болған қой-ешкі, ІҚМ және жылқы малы үшін, шамамен, 26 миллион теңге көлемінде демеуқаржыға ие болған.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ