Қостанайлық қолөнер шебері, дарынды дизайнер, Arlan Design студиясының жетекшісі Арлан Анкауов республикалық байқау-фестивальден олжалы оралды. Абай облысында өткен шеберлер сынында қанжығасына Бас жүлде – 1 миллион теңге байланды. Таяуда облыстық Тарихи-өлкетану музейінде жеңімпазбен кездесу өткен еді.
Бүгінде Арлан шебердің ел көлеміне есімі танылып қалды десек, артық айтқандық болмас еді. Өйткені көптеген республикалық байқауларда, халықаралық көрмелерде көпшілік көзіне ілігіп жүр. Осы күнге дейін бағындырған белестері, шығармашылық жеңістері ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, қолөнерші дизайнердің ең үлкен жетістіктерінің қатарына – Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында 2015 жылы өткен халықаралық суретшілер жобасына қатысуын қосар едік. Мұның сыртында, елордамызда қанат жайған «ЭКСПО-2017» көрмесінде де жерлесіміздің көз тартар көркем туындылары әлем жұртшылығының назарына ұсынылған болатын.
Осы жолғы жеңісінің де жөні бөлек. Абай облысында 13–15 маусым аралығында «Креативтік индустрия мен этнотуризмді дамыту тұжырымдамасы» бағдарламасының аясында «Асыл мұра» республикалық өнер байқау-фестивалі өтті. Оны сол облыстың «Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған. Аталмыш өнер мерекесі данышпан Абайдың әкесі, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының туғанына 220 жыл толуына арналыпты. Елдің әр түпкірінен жиналған қолөнердің хас шеберлері үш күн бойы төрешілер сарабына түсіп, материалдары тыңғылықты іріктеуден өткен.
«Біз бұл байқауға үш жұмысымызды ұсындық. Олардың бірінде ұлы ақын, кемел кемеңгеріміз Абай Құнанбайұлы кейіптелген еді. Осы тұста айта кетуім керек, мен өзімнің дәл осы еңбегімді Абай атындағы музейге сыйға тарттым. Ал жалпы байқау-фестивальге Қазақстанның тоғыз облысынан 21 қолөнерші қатысты. Бәсекелестерімнің қай-қайсы да осал емес. Әрбірінің еңбегі жоғары бағалануға лайық еді», – дейді Арлан Аңқауовтың өзі.
Ол осынша қатысушылардың ішінде Бас жүлде иеленемін деп ойламағанын да айтады. Арланды құттықтай келген әріптестері мен туған-туыстары оның қандай жүлдеге де лайық екенін айтып, жылы лебіздерін арнады.
«Қостанайлық қылқаламшылар мен қолөнершілер республикаға көптен бері танымал. Олардың қай-қайсысы да зор жетістіктерімен бізді қуантудан танбай келеді. Арлан да ерекше картиналарының жарыққа шығуына бар ынтасын салп еңбек ететін дарын. Бірнеше жыл қажырлылықпен еңбектеніп келе жатқанынан куәміз. Сондықтан байқау төрешілерін тәнті етіп, жоғары жүлдеге ие болып отыр. Әлі талай жарыстарда жұлдызы жана береді деген үміттеміз», – дейді өнертанушы, галерея меңгерушісі Сая Калинова.
Айта кетейік, 1-орынды жетісулық шебер иеленіп, 800 мың теңгені қоржынына басқан. Ал 2-орын алматылық қарсыласына бұйырыпты, оған 600 мың теңге табыс етілген. Ал 3-орынға Батыс Қазақстан облысынан келген қылқаламшы лайық деп танылыпты. Оның жүлдесі – 400 мың теңге.
Арлан Аңқауов осы байқау-фестивальдегі қомақты жүлдесі бұрынғыдан да шабыттандыра түсетін, зор серпін сыйлайтын олжа деп есептейді. Жерлесімізді жетістігімен біз де құттықтаймыз!
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ