Қостанай облысындағы діни жағдай тұрақты сипатқа ие. Оны ұдайы жүргізіліп отыратын мониторинг қорытындылары айғақтайды. Бұл жөнінде облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Ерлан Теменов баспасөз мәслихатында жан-жақты баяндап берді.
Бүгінде облыста 105 діни бірлестік бар. 90 ғибадатхана жұмыс істейді. Оның 26-сы – мешіт. Православ шіркеулерінің саны әлдеқайда көбірек – отыздан асады. Мәслихатты осындай деректермен бастады басқарма басшысы.
«Қазір Федоров ауданының орталығында және Заречный кентінде мешіт салынып жатыр. Рудныйда жаңа православ шіркеуі пайда болады. Юбилейный шағын ауданына мешіт салу да қаланың бас жоспарына енгізілмек, – дейді Ерлан Теменов. – Жалпы, барлық діни бірлестіктің қызметіжіті қадағалауда. Миссионерлік қызметпен айналысатын 16 адам бар. Олар Ресей, Польша, Украина және Австралия елінің азаматтары. Шетелдік күдікті теологиялық оқу орнында облыстың бір азаматы оқитыны белгілі болып отыр».
Сөйте тұра, айтуынша, өңірде деструктивті діни бірлестік тіркелмеген. Дегенмен «жалған салафизм» жетегінде 67 адам жүр екен. Алған бетінен қайтқысы жоқ бұл жамағаттармен тиісті оңалту жұмыстары жүргізіліп отырады. Ендігі бір мәселе – оқушылардың орануы, мектепке діни форма киәп баруы. Биыл Қостанайда және Әулиекөлде мұндай сегіз дерек тіркелген. Олардың жартысынан көбі теріс ағым ұстанатын отбасылардың балалары көрінеді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқасында 4 оқушы мектепке діни атрибуты жоқ форма киіп баратын болған. Қазір де осы бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасу үстінде.
«Басқарма қызметі үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асады: мекенжайда (нысаналы) ақпараттық-түсіндіру жұмысы, интернет-кеңістікте діни экстремизмге қарсы насихат және деструктивті діни ағымдардың құрбанына айналған адамдарды оңалту, дерадикалдандыру. Жыл басынан бері елу мыңға жуық адамды қамтыған 742 әртүрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылды. Қамтылғандардың 40 мыңнан астамы – 35-ке дейінгі жастар», – дейді спикер.
Салафизм идеологиясына тұтылғандарды оңалдыру мақсатымен, ҚМДБ өкілдігінің имамдары мен мемлекеттік органдар бірлесіп жекелеген алдын алу шараларын жүргізген. Әсіресе, түзеу мекемелерінде жиі өтіп тұрады. Соңғы бес айда «Кибербақылау» ақпарат жүйесіне экстремистік сипаты болуы мүмкін 1100 материал енгізіліпті. Олардың 38-і бұғаттауға жіберіліп, қалғандары жан-жақты тексерілу үстінде. Жалпы, әлеуметтік зерттеу нәтижесі көрсеткендей, өңірде конфессияаралық келісім барған сайын нығайып келеді.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ