Қаламы сиқырлы, жазары сүйкімді жыр жүйрігі Қостанай төрінде көркем кештің себепкері болды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көптеген республикалық жыр додаларының жеңімпазы Дәулет Жадырасынның «Тығылмақ ойнамаймын» атты тұңғыш жыр жинағының тұсауы кесілді.
«Өзім тумасам да, өлеңім туған өңір». Студент шағы өткен, түбітқанат туындылары жарыққа келген, өлең өлкесіне қанат қақтырған Тобыл топырағы туралы осылай тебіренеді Дәулет. Сыр елінің перзенті, бүгінде елордалық тұрғын атанған ақын жігіт осы себептен тырнақалды жыр жинағынның тұсауын Қостанайда кесуді қалапты. Дәулет – жырсүйер жұртты жас күнінен-ақ жалт қаратқан тамаша ақын. Оның әр өлеңінде өзгеше өрнек, бөлекше болмыс-бояу бар. 25 жастағы ғана жігіттің өзі құралпылас жастар ортасында бір бас жоғары тұрғаны да содан. Бұған пышақтың қырындай ғана осы жинағын бір шолып өтсеңіз, көзіңіз жетер еді…
«Тығылмақ ойнамаймын» деген атау ақынның өзін танымал еткен «Тығылмақ» дейтін өлеңнен алынған.
«Үмітімді үзгенмін келмес күннен,
Ғажайыпқа ендігі сенбеспін мен.
Тығылып түн ішінде өлең жазам,
Тығылмақ ойнамаймын енді ешкіммен», – деп келетін жолдары бар әсерлі өлеңі балалықпен қоштасу, ересек өмірге қадам басу кезеңін сипаттайды. Жалпы, жинақ атауы сәтті қойылған-ау деп ойлаймыз.
Кітап Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан 1000 данамен жарық көріп отыр. Оған Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы, ақынның жанашыр ағасы Сайлаубек Ещанов демеуші болған. Ал Қостанайдағы тұсаукесер рәсімінің өтуіне облыстық Мәдениет басқармасы, бірер жыл бұрын өзі қызмет еткен Л. Толстой атындағы облыстық кітапхана ұжымы қолдау көрсетті. Рухани іс-шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері, депутаттар, өлеңсүйер ағайын, қаламдас аға-бауырлары қатысты.
«Ешкімге ұқсамайтын ерекше қолтаңбасы бар бауырымызды, ұлттық бояу мен нақышқа толы жырларын көпшілік біледі деп есептеймін. Руханият айналасында жүргендер мен оқырмандарымыздың қарасын көбейтіп, өңірде осындай кеш өткізіп отырғаныңа рахмет. Мұны бастамасы деп ойлаймыз. Жинағыңның сұранысы артып, өмірі ұзақ, сапары сәтті болсын», – деді облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэльс Әбдірахманов.
Жыр жинағының тұсаукесер рәсімін жүргізу қазақтың көрнекті ақыны Серікбай Оспанұлына, белгілі қаламгер, ҚЖО облыстық өкілдігінің төрағасы Жанұзақ Аязбекұлына және ахметтанушы ақсақал Ибрагим Ағытаевқа ұсынылды. ЖАңа туындының қызыл жібі шешілген соң танымал тұлғалар Дәулет ақынға ағалық ілтипат-лебіздерін білдірді.
«Осы қаршадай ғана бала тырнақалды жырларымен-ақ жан-дүниесінің қандай екенін байқатып, жұртты мойындатты. Уызынан жарыған, қазақы тәрбие көрген адамның әрбір тармақтары бірден жүрегіңді тербетіп жібереді, – деп сөз бастады Жанұзақ ағамыз. – Қазақстан Жазушылар одағында мыңға жуық адам бар. Солардың қатарына Дәулетті үш жыл бұрын қабылдаған кезде қазақтың маңдайалды ақыны Ұлықбек Есдәулет алғаш көргенде тосырқап, «бұл не балалар?» дегендей құлағыма сыбырлаған-ды. «Бірінші жазған дүниелерін оқып көріңізші, жарамайтын болса, оны айтарсыз» деп, бірнеше өлеңін қолына ұстаттым. Ертеңіне тәнтілігін жасырмай: «Мынау керемет дүние ғой, қалай көрмей-білмей жүргенмін?!» – деп таңданыс білдірген еді. Біздің Дәулет құлагердің құлын шабысын аңғартқан шығармаларымен жарқ ете қалды. Қазақтың бүкіл өңірі туған жер, сондықтан Қостанайға келіп жүрек лүпіліңді бөлісіп жатқаныңа рахмет!».
Бұдан соң Жанұзақ Аязбекұлы кітаптың көрімдігі ретінде Дәулеттің кеудесіне ҚЖО төсбелгісін тақты. Ізінше Серікбай ағамыз сөзді жалғап, ақын жігітті екі-үш өлеңін ғана оқығанын, содан-ақ қаламының қуатын аңғарғанын айтты.
«Мәселе кітаптың қалыңдығы мен жұқалығында емес, ішіндегі өлеңдерінде. Көп өлеңіңді оқымадым. Республикалық мүшайрада бәйге алған жырыңды оқығаным есімде. Қалғаны осы кезге дейін қолыма түсе қойған жоқ. Қазір жастар өлеңдерін басылымға беруге аса ынталы емес сияқты. Бәлкім, ол да дұрыс шығар. Себебі жазғанның бәрін жариялай берудің өзі қате, оқушыларды ренжітіп алуың мүмкін, жақсы өлеңдер ғана шығуы керек. Жинағыңа да іріктелген жақсы өлеңдер енді ғой деген үміттеміз. Оқырманы көп болсын», – деп лебіз айтты Серікбай ағамыз.
Кеш тізгінін ұстаған белгілі журналист, «Астана» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Заңғар Санай су жаңа жинақтың авторымен көпшілік алдында сұхбат жүргізді. Дәулет шығармашылығы, осы кітапты жарыққа шығару процесі жайында баяндап, өлең, поэзия туралы толғанды. Ақынның «Қарыздармын, Қостанайым», «Кеншінің баласы», «Жаным, саған…», «Еркіндік сублимациясы» секілді бірінен бірі асып түсетін көптеген жыры оқылды. Өзі жазған авторлық әндері шырқалды. Кеш иесіне көрермендер сұрақ қойып, қаламдас аға-бауырлары құттықтау айтты. Кешті облыс өнерпаздары әсем әуен, күмбірлеген күймен көмкеріп, көркін кіргізе түсті…
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ