Қостанай облысындағы табиғи апат кезінде су кірген мыңға тарта үйдің жартысына жуығы қайта салынуда немесе үй иелеріне тегін пәтер берілгені белгілі. Қалған үйлер күрделі жөндеуден өтеді. Бұл бағыттағы жауапты міндетті ірі бизнес өкілдері мойнына алып отыр.
Көктемде өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев осындай ізгі ниет танытқан бірқатар алпауыт компанияның өкілдерімен жүздесіп, «ADD Capital» холдингінің негізін қалаушы Данияр Әбілғазин, «ERG» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов, «Аллюр» және «АгромашХолдинг» компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев, сондай-ақ «RG Brands› басқарма төрағасы Тимур Қалтаев тәрізді кәсіпкерлермен жүздесіп, оларды алда атқарылатын жұмыс көлемімен танысқан болатын.
Қостанай, Арқалық қалалары мен Амангелді, Жангелдин, Қарасу, Қостанай аудандарында жарияланған жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай әлі күшін жойған жоқ. Өңірдегі 2 эвакуация пунктінде 160 адам тұрып жатыр. Оларға табиғи апаттан келген шығынды өтеу, оның ішінде су астында қалған саяжай баспанасы үшін өтемақы төлеу тәртібі түсіндірілді.
Алтынсарин ауылында 300 үйдің 151-іне су кірген. 52 үй қалпына келтіруге жарамайды. Енді бұл үйлердің орнына жаңа үй салынады немесе халықтың қалауымен басқа жерден пәтер беріледі. Қазірдің өзінде облыс орталығынан жаңа пәтер алуға 30 тұрғынмен келісімшарт жасалған. Тұрғындарға кәсіпкер Данияр Әбілғазиннің «Аяла» қоры көмек көрсетіп жатыр. Д. Әбілғазин Қостанай ауданы мен Арқалық қаласындағы 65 отбасына 1,5 млрд теңге жеке қаражатына пәтер сатып алып берген. Мұның сыртында, «Демеу» қорына тағы 500 млн теңге аударады.
Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 50 пәтерлік «ақылды» тұрғын үй салынып жатыр. Қалада су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтар үшін 50 пәтерлік «ақылды» үй салынып жатыр. Тұрғын үйді «BAZIS» компаниялар тобы қаржыландырып отыр. «Тұмар» символдық атауы бар жаңа тұрғын үй Face ID бейне есік қоңырауларымен жабдықталған. Үй құрылысы мамыр айының ортасында басталып кеткен. Нысан күзге қарай пайдалануға беріледі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының «Жомарт жан» гуманитарлық орталығы аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық қоры» қоғамдық қоры Қостанай облысындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жайлы баспана алып берді.
Қор басшысы Рафик Мирзоевтің айтуынша, аталған қоғамдық ұйым су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға белсенді түрде көмек көрсетуді жалғастыруда, өйткені олардың көпшілігі қиын өмірлік жағдайға тап болып, баспанасынан айырылған.
«Су тасқынына дейін балаларымызбен пәтер жалдап жүріп, өз үйіміз қашан болады екен деп армандайтынбыз. Табиғи апат өмірімізді тас-талқан етті, бар нәрсемізден, тіпті жалдап тұрып жатқан уақытша баспанамыздан да айрылып қалдық. Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында өз пәтерімізге көшіп, жаңа өмірдің парағын аштық. Бұған әлі де сене алар емеспін, өңім емес, түсім сияқты», дейді Айман Қадырханқызы.
Зардап шеккен отбасылардың ішінде бірінші болып Арқалық қаласынан Қазовтарға көмек көрсетілді. Айман Қадырханқызы кәмелетке толмаған төрт баласымен су тасқыны кезінде баспанасыз қалған. Қоғамдық қор оларға Арқалық қаласынан төрт бөлмелі пәтер алып беріп, жаңа әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етті.
«Алтынсарин ауылында жартылай су астында қалған үйімді комиссия тұруға жарамсыз деп таныды. Бізге бірден көмек көрсетіліп, қажет дүниенің бәрімен қамтамасыз етті. Үш балам бар, бүгін, міне, жаңа үйден үш бөлмелі пәтер беріліп жатыр. Қатты қуанып тұрмыз. Осындай қиын сәтте қасымыздан табылған Үкімет адамдарына алғысымыз шексіз» дейді Қостанай облысының тұрғыны Әсем Камалова.
Жалпы, облыс тұрғындарынан біржолғы төлем алуға 3 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Бүгінде 2 мыңға жуық отбасына 705,2 млн теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетілді. Зардап шеккен азаматтардың бәріне 100 АЕК көлемінде өтемақы төлеу – әкімдіктер мен мәслихаттардың құзырында. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жоғалған немесе бүлінген мүлкі үшін 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтемақы алуға құқылы. Мұндай мүліктер тізіміне тамақ сақтауға және дайындауға арналған заттар, асүй жиһазы, жатын жиһаз, азаматтарды ақпараттандыру құралдары, сумен жабдықтау және жылыту құралдары кіреді. Вице-премьер арнайы комиссияларға су тасқынынан келген шығынды бағалау жұмысын 10 мамырға дейін аяқтауды тапсырды. Ең бастысы, жергілікті атқарушы билік күн суытпай тұрып үйсіз қалған жұрттың бәрін жайлы баспанамен қамтамасыз етуі керек.
Қорыта айтқанда, ірі кәсіпкерлер өңір тұрғындарына 378 үй сатып алып берді және 638 үйге жөндеуге көмектесті.
«Мұндай қиын уақытта бизнес өкілдері әлеуметтік жауапкершілік деген ұғымды шындап сезінуге тиіс. Қостанай облысында біздің бірнеше кәсіпорнымыз бар. Қызметкерлеріміз табиғи апатқа қарсы күреске, ауыл тұрғындарын, атап айтқанда, балаларды су басу аймағынан шұғыл эвакуациялауға белсенді түрде қатысты. Арқалық маңындағы ауылдарға бөгеттер салу үшін арнайы техника жібердік. Баспанасыз қалған жандар үшін біз дайын баспана сатып аламыз», деді ERG компаниясының өкілі Шухрат Ибрагимов.
«Eurasian Resources Group» компаниясының акционерлері су тасқынының алғашқы күндерінде 400 млн теңге, сондай-ақ апат салдарын жоюға және тұрғындарға қолдау көрсетуге 40 млрд теңге қаржы бөлгенін айта кеткен жөн. Аталған қаражат жол салуға, инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғыртуға және мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады.
Кәсіпкер Андрей Лаврентьев те тасқын зардабын жоюға 3 млрд теңге бөлетінін айтты. Бұл қаржыға 140 үй салынады немесе 96 пәтер сатып алынады. Сондай-ақ 400 үй күрделі жөндеуден өтеді. А. Лаврентьев басқаратын компания бұған дейін апатқа қарсы күрес шараларын қолдау мақсатында «Демеу Қазақстан қорына» 500 млн теңге аударған еді.
«Бірліктің күші әдетте осындай қиындықта танылады. Қостанай облысында су тасқыны басталғанда мыңнан аса қызметкеріміз әкімдік пен арнайы қызметтердің мамандарымен бірге дамбыларды күшейтумен айналысып, тұрғындарды эвакуациялық пункттерге жеткізуге көмектесті. Қостанай – өзіміздің туған өлкеміз, біздің барлық кәсіпорындарымыз осында. Бөлінген қаражатқа пәтерлер сатып алынады, үй салынады. Біз Мемлекет басшысының үндеуін толық қолдаймыз және Үкіметпен бірлесе отырып өзімізге жүктеліп отырған міндетті абыроймен атқарып, аяғына дейін жеткіземіз деген ойдамын», деді А. Лаврентьев.
«RG Brands› компаниясы да өңірде тұрғын үй салуға және үйлерді қалпына келтіруге 1,46 млрд теңге бөлмек.
Бақыт ТҰРАШ