Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлт аспабы ұлықталған күн

4 июля 2024 8:48 • 420 просмотров

Ұлттық Домбыра күніне орай, облыста маусым айынан бастап «Күй шеруі» атты акция өтіп келеді. Өңірдің әр аудан-қаласында жаппай домбыра тарту іс-шаралары жалғасып жатыр. Күй керуені күні кеше Сарыкөл ауданына да жетті.

Жергілікті домбырашылар ұлттық мерекеге жоғары деңгейде дайындалған. Былтыр қырық шақты адам бір мезетте күй ойнаса, биыл жүз адам қазақтың киелі аспабын қолға алыпты. Орталық алаңдағы бас сахна ернеуіне тізіле отырған, біркелкі киім үлгісіндегі үлкенді-кішілі өнерпаздар ерекше көз тартады. Айтулы іс-шараны аудан әкімі Амантай Балғарин құттықтау сөзімен ашып берді.

«Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Ұлттық аспап бүгінде заманауи музыкаға бейімделіп, әлем сахнасында қазақ өнерін танытуға зор үлес қосуда. Домбыра – қазақ үшін өнерден де биік тұрған киелі құндылық. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені белгілі. Ұлық аспабымыз әр қазақтың төрінен табылып, ұрпақтан-ұрпаққа құнды мұра болып қала берсін. Бүгінгі айтулы іс-шараны ұйымдастырып отырған барлық жергілікті азаматқа алғыс білдіремін», – деді аудан әкімі мерекелік сахна төрінде.

Жалпы, жүз домбырашыны жинаудың да оңайға соқпағаны белгілі. Өнерпаздар қатарын аудандық колледж, мектеп, ауылдық жерлердегі оқу ошақтарының оқушылары мен мұғалімдері, кітапхана қызметкерлері, ауыл ақсақалдары және өзге ұлт өкілдері толтырған. Жүздіктің басын біріктіру бір бөлек, оларды жеті бірдей күйге дайындауға да аз уақыт жұмсалмағаны анық. Домбырашылар төрт ай бойы жаттыққан. Арнайы тапсырыспен елу домбыра жасатып, көк түсті біркелкі киім тіктіріпті. Мұндай дайындық жұмыстары барлық өңірде де тоқтаусыз жүргізілген. Қай-аудан қала да Домбыра күнін асқан жауапкершілікпен өткізіп келеді. Бұл жөнінде облыстық Көркемөнерпаздар халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының басшысы Дәмір Қалқаев айтты.

«Күй шеруі» акциясы аясында барлық аудан-қала өнерлерін ортаға салып жатыр. Бұл – ұлт аспабына деген зор құрмет. Әр өңір жеті күйден таңдап, оны халық алдына алып шығуда. Сарыкөл ауданы да соңғы жылдары мәдениет саласына көп көңіл бөліп, қомақты қаражат құйып, жергілікті өнерпаздардың биіктерден көрінуіне ықпал жасап жатқан аудан басшылығына, осындағы барлық әріптесімізге рахмет айтамыз», – деді Дәмір Ертайұлы.

Концерттік бағдарламаның да тыңғылықты әзірленіп, жинақы жүйеленгені аңғарылды. Басы қойылым түріндегі монологпен басталды. Актер де, концертті жүргізушілер де облыс орталығынан шақырылған. Шымылдық ашар рәсімдердің бірі – халыққа шашу шашылып, сахна төрінде белгілі термеші Байдос Қожасағиев сарыкөлдіктерге арнау айтты. Жергілікті ақсақал Төлеген қарияның ақ батасынан соң кезек сарыкөлдік домбырашыларға ұсынылды. Жұрт өнерін асыға күткен жүздік «Тепеңкөк» күйін нәшіне келтіре орындады. Бұдан соң «Салкүрең», «Жастар биі», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Әлқисса» күйлерін күмбірлете тартты. Әлгінде ғана айтқанымыздай, домбырашылар тобының ішінде өзге ұлт өкілдері де шебер өнер көрсетті. Солардың бірі – Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің оқытушысы Юлия Салтовская.

«Биыл біз әріптестерімізбен «Күй шеруі» акциясын қолдауға ниет білдірдік. Өзім жасөспірімдердің Домбыра үйірмесінде бес жыл қазақ халқының осы қастерлі аспабын үйреніп, бір кісідей шерте алатын деңгейге жеткен едім. Содан бері домбыраны қолымнан тастамадым. Осы іс-шараға ұжыммен бір ай уақыт көлемінде дайындалдым. Бүгін, менің ойымша, жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, көрерменнің көңілінен шыға білдік. Оны халықтың қошеметі мен ыстық ықыласынан аңғардық. Бұйырса, алдағы жылдарда да осындай акцияларға міндетті түрде қатысамын деп бекініп отырмын», – дейді Юлия.

Айта кетейік, жүз домбырашының ең жасы жетіде, ал ең үлкені – 75 жастағы зейнеткер. Ауыл қарты Байзақ Ақылбаевтың домбыра тартып жүргеніне алты жыл болыпты. Домбыра күні қарсаңындағы күй тартысқа алғаш рет қатысуы екен.

«Өзім жас күнімнен аккордионда ойнаймын. Қазақстанға Астраханнан көшіп келгелі домбыра үйренуге әуесім ауды. Сарыкөл ауданының тұрғыны атанғалы ата-баба аспабын қолыма алдым. Бүгінгідей іс-шараға бірінші рет қатысып отырмын. Кәсіби музыканттардың жетекшілігімен көп уақыт дайындалдық. Халық алдында өнер көрсетудің әсері өте керемет болды. Күй тарта отырып, өзімді қырандай көкке самғап кеткендей сезіндім. Ондай сезімді көрермен қауым да бастан кешірді ғой деп ойлаймын. Халық дәстүрін дәріптейтін осындай мерекелер жиі бола берсе екен деген тілегім бар», – дейді қария.

Ал ең жас домбырашының есімі – Бірәлі Жанзақ. 7 жасар балдырған Сарыкөл ауылында оқиды. Домбыра үйренгеніне көп уақыт өтпесе де, қағылез жеткіншек осы іс-шарада ойналатын күйдің бәрін көппен ілесіп, көп ұзатпай жаттап алған.

«Маған домбыра тартқан ерекше ұнайды. Бүгін жүз адамның құрамында күй тартқаныма қуаныштымын. Болашақта бүкіл елді мойындатқан атақты күйші болуды армандаймын. Ол үшін шеберлігімді дамыта беруім керек. Оған үйірмемдегі мұғалімдерім, Мәдениет үйіндегі ағайлар көп көмегін тигізеді деп үміттенеміз. Осындай концерттерге қалмай қатыса бергім келеді», – дейді бал тілді балақай.

Бір аңғарғанымыз, расымен де, күйшілер ұжымының қатарында оқушылар мен студенттер көбірек болды. Бұл да домбыра аспабына қызығушылығы бар жастардың жылма-жыл көбейіп келе жатқанының жарқын дәлелі сияқты.

Сарыкөлдіктердің көркем кешін облыс орталығынан келген кәнігі күйшілер, әншілер мен термешілер, өңірге аты мәшһүр ансамбльдер көркемдей түсті. Мереке меймандары, жергілікті тұрғындар алаңға құрылған ақ шатыр астындағы көрмені тамашалап, ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, естелік суреттерге түсіп жатты…

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген – Бейбіт НҰРМҰХАН