Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мал шаруашылығы мандысын десек…

4 июля 2024 9:06 • 398 просмотров

Мал тұқымын асылдандыру – мал шаруашылығының маңызды бағыты. Оған Қостанай облысында жітірек мән беріліп келеді. Қазір өңірдің әр түкпірінде асыл тұқымды малды өрістетумен айналысып отырған кәсіпкерлер көп. Осы бағытта мол тәжірибесі бар шаруашылықтардың бірі – Меңдіқара ауданындағы «Қарқын» агрофирмасы» ЖШС.

Аталған серіктестік он төрт жылдан бері асыл тұқымды қара мал өсіреді. Қазіргі таңда мұнда екі мыңға жуық етті бағыттағы Әулиекөл тұқымды ІҚМ бар. Сондай-ақ шаруашылық мың шақты Абердин-ангус тұқымын бағып отыр. Агрофирманың келешекке құрған жоспары да ауқымды. Көздеген мақсаттары – алдағы бес-алты жылда ұрғашы қара малдың санын мың жарымға дейін жеткізу. Бұл межеге жетерлеріне шаруалар шүбәсіз сенеді. Себебі өздері өсіріп отырған түлікке сұраныс өте жоғары.

«Біздің малды Қарағанды, Атырау, Ұлытау облыстарының шаруалары жиі сатып алады. Әулиекөл тұқымына әсіресе ақтөбелік фермерлер әуес. Мұның сыртында, облыстың көптеген қожалықтары агрофирмамыздың бір жасар бұқашықтарын сатып алып отырады. Биылғы мамыр айының өзінде жүз шақты бұқашық саттық. Жыл аяғына дейін тағы 250–300-дейін сатамыз деп жоспарлап отырмыз», – дейді ЖШС директорының орынбасары Темірхан Ағытаев

Оның айтуынша, бағымдағы малдарының бір ерекшелігі, Абердин-ангус тұқымы да, Әулиекөл тұқымы да жергілікті жерге тез бейімделеді. Бұзаулары күніне 750 грамнан 1,5 келіге дейін салмақ қосады екен. Осы жылы әр жүз сиырдан сексеннен бұзау алған көрінеді. Ал бұлардың өте тез өсетіні сондай, бір жасқа келген бұқашықты тірідей салмағына сәйкес 1700 теңгеден саудалауға мүмкіндіктері бар. Нақтылай айтқанда, әрбіреуінің құны 600–650 мың теңгеге тең келеді.

«Қанша өнімді десек те, асыл тұқымды мал өсірудің өзіндік қиындығы да көп. Мәселен, олардың әрқайсысы туғаннан бастап әбден зерттеледі. «Қарқын» агрофирмасы Астана, Қостанай қалаларындағы ғылыми-зеттеру институттарымен тығыз жұмыс істейді. Ғалымдар әр бұзаудың «жеті атасына» дейін тексереді. Егер тұқым стандартқа сәйкес келсе, онда бірінші категорияға жатқызылады. Олардың нарықтағы құны да сәйкесінше жоғары болады. Кері көрсеткіш жағдайында өнімділік те азаяды. Біз түлігіміздің сапаға сай болып бағылуына барынша күш саламыз», – дейді агрофирма шаруалары.

Қазіргі таңда серіктестіктің бүкіл малы жайылымда бағылады. Дала қосында бақташылар үшін арнайы жағдай жасалған. Емін-еркін жайылған түлік тез күй жинайды. Сондықтан, малшылар күні бойы мал соңында жүреді, кезектесіп бағады. Қыста ғана шаруашылықтың базасына әкеледі. Әлбетте, қыраукөз қыста да мал күтіміне мейлінше мән беріледі. Бір қысқа 2,5 мың тонна шөп, 4 мың тонна пішендеме, 1100–1200 тонна сабан әзірленеді. Шаруалар мұның бір маусымға артығымен жететінін айтып отыр…

Айтқандай, таяу күндері ғана ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен, Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Бұдан былай АӨК субъектілері үшін жалпы өнім көлемі, яғни тауарлары немесе қызметтері ақшалай мәнде өсіп, сақталатын болады. Жаңа жылдан бастап осы жағдайды қамтамасыз етуді көздейтін міндеттемелер енгізілмек. Субсидиялау процестерін цифрландыру және оңтайландыру шеңберінде тауар өндірушілерден қағаз түрінде талап етілетін құжаттар да алынып тасталды. Аталмыш ережелер 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді. Бұның да болса мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге едәуір қолдау екені сөзсіз.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ