Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Әртараптандыру – дамудың  даңғыл жолы

4 июля 2024 8:52 • 366 просмотров

Халықтың әл – ауқатын арттыру, экономиканың сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басты басымдығы. Осыған байланысты экономиканы әртараптандыру осы мақсатты іске асырудың тиімді құралы болып табылады. Қазіргі уақытта облыс аумағында 925 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 42 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бүгінгі таңда облыста ерекше назар аударатын экономиканың 3 базалық бағыты бар.

— Бұл Қостанай облысын – қара металлургия орталығы, автомобиль жасау орталығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу орталығы ретінде дамыту. Сонымен қатар, экономиканы неғұрлым жедел дамыту үшін әртараптандыру маңызды, жаңа бағыттарды дамыту қажет. Елдің тұрақты дамуы экономиканың нақты секторы динамикасының оң өсуімен тығыз байланысты. Бұл бағытта өңіріміздің индустриялық-өнеркәсіптік секторын дамыту және әртараптандыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыстық кәсіпкерлік индустриалдық-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Назарбек Қоңқабаевтың айтуынша, биыл машина құрастыру саласында конвейерден шыққан көліктердің санын 95 000 -ға дейін ұлғайту жоспарланған. Сондай-ақ, 2 252 жүк көлігі, 2 573 трактор шығару көзделіп отыр.

— Осы саланы одан әрі дамыту мақсатында номенклатураны кеңейту және өнімнің жаңа түрлерін шығару жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты жұмывстар жүргізіліп жатыр. Биыл машина жасау саласында 12,8 млрд теңге сомасына бес жоба қолға алынды. Олар пайдалануға берілгенде 800 жұмыс орны ашылмақ. Мәселен, наурыз айында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС -інде инвестиция көлемі 33,7 млрд теңгеге бағаланған шағын торапты Chevrolet Enix автомобильдерін өндіру жобасы іске асырылды. Өндіріс қуаттылығы жылына 30 мың көлік құрастыруғва қауқарлы. Мұнда 400-дей адам еңбек етеді. Ал «ЖЗҚ серіппе» ЖШС жылжымалы теміржол құрамы үшін серіппелер шығаратын зауыттың құрылысын салып жатыр. Жобаның құны 1,1 млрд теңге. Онда жылына 10 мың вагонкомплект шығарылмақ. Айта берсек, ауыз толтырып айтарлық мұндай ауқымды жобалар жетерлік, – деді Назарбек Қоңқабаев.

Кеңесте машина құрастыру, тау-кен өндірісі, қара металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты сан-саланы қамтитын экономикалық жобалар таныстырылды. Олблыс басшысы Құмар Ақсақалов өңір экономикасын өрістете түсу үшін өнім өңдеуші кәсіпорындардың қатарын көбейту қажеттігін еске салды. Бүгінде біздің облыс машина құрастырумен қатар, ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға ден қойып отыр. Мәселен, бидайдан гөрі нарықтағы құны екі-үш есе жоғары дәнді-бұршақты алқаптарды әртараптандыру күн тәртібінен түспейді. Сондай-ақ, ауылды жерлерде сүт-тауарлы фермаларын салу да аса маңызға ие сала.

— Агроөнеркәсіптік кешен өңір экономикасының маңызды бөлігін алады.Біздің облыс еліміздегі ірі астық өндірушілердің бірі. Облыста өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі түрі дәнді майлы дақылдар екені аян. Өңірдің шикізат өндіруден тауар өндіруге ауысуы-уақыт талабы. Осыған байланысты бүгінгі таңда экономиканы әртараптандыру мәселесі өзекті болып отыр. Біздің алдымызда «үш жыл ішінде АӨК-дегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70% – ке дейін ұлғайту» міндеті тұр. Ал агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа заманауи объектілерін салуға, қолданыстағы инвестициялау өндірісін жаңғыртусыз аяқ басу мүмкін емес. Өңірде астықты, сүтті және басқа да шикізатты қайта өңдеу сияқты бағыттар басымдыққа ие. Сондықтан, өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларына кредит беру жұмыстары жалғаса береді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.

Ол алдағы екі-үш жылдың бедерінде жүзеге асатын тың жобалардың барысына тоқталды. Егер осы айтылған ауқымды өндіріс ошақтары іске қосылса, онда облыстың импортқа тәуелділігі көп төмендемек.

— Халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканың сапалы және орнықты қамтамасыз ету Мемлекет саясатының бвасым бағыттарының бірі. Осыған байланысты экономиканы әртараптандыру осы мақсатты тиімді іске асырудың негізгі құралы іспетті. Бүгінде облыста басты үш бағытта жұмыс қолға алынған. Оларға біз нақты көңіл бөліп отыормыз. Соның арқасында салалар дамудың даңғыл жолына түсті. Біздің облыс қара металлургияның, машина құрастырудың, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің орталығына айналды. Олардың көрсеткіші уақыт озған сайын ұлғайып келеді. Бірақ, экономиканы әртараптандыру мәселесі мұнымен тоқталып қалмауы керек. Біз жаңа бағыттарды қолға алғанымыз жөн. Біз жаңа жобаларды қолға алғанда не нәрсені көбірек импорттаймыз. Соған мән беруіміз керек. Экономиканы әртараптандыру – дамудың басты тетігі. Ол үшін салмақты сараптама қажет. Үнемі нарықты зерттеп отыру қажет. Кәсіпкерлер арасында ұдайы сауалнама жүргізген жөн, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов кеңесте.

Бақыт ТҰРАШ