Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Санжар КЕРІМБАЙ: «Ұлт қайраткерлеріне бас июіміз керек»

4 июля 2024 8:44 • 262 просмотров

Мәдени майдан – мәңгі тоқтамас күрес. Ол күресте олқы түссек, ұлттың ұпайы түгенделмейді, ұтыларымыз көп. Тәуелсіздігіміздің бастауында да ұлы қайраткерлеріміздің осы майдандағы жеңісі тұр. Шығыстанушы, ағартушы, жазушы Санжар Керімбай осылай дейді. Ол бүгінде «мәдени майдан» ұғымын ел көлемінде кеңінен насихат етіп жүр.

Қазақ мәдениетінің қоламтасын үрлеп, ұлт руханиятын өрге сүйреген қастерлі тұлғалардың өлшеусіз еңбегін алаш жұртына паш етіп жүрген Санжар Керімбай елдің бірнеше аймағында келелі жиындар өткізгенінен хабардар боларсыздар. Зияткер тұлғаның рухани сапары Қостанай қаласында да аялдағаны мәлім. Ол кезде «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымын жасап, ұлт руханияты туралы көп сыр ақтарған-ды. Сол жолғы тағылымды әңгімелерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Әуелі айтылмыш кітаптың мазмұнына тоқтала кетейікші. Бұл – Тобыл-Торғай өңіріне көп қатысы бар еңбек. Кітап қалың қазаққа аты мәшһүр тұлға, ұлт мәдениетінің жоқшысы, біздің өңірде қызмет етіп, құндылықтарымызды түгендеуге орасан зор үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің және мүдделес, рухтас зиялылардың қазаққа сіңірген қайраткерлігін баяндайды. Автор бұл еңбекті жазудағы мақсат-мұраты, оның жарық көруі жолындағы ізденістері, кітаптың мазмұны туралы кең көсіліп, тыңдарманды құнды мәліметтерден құлақдар еткен еді. Өзінің айтуынша, Қазақстанның бірнеше өңірін аралай жүріп, көзкөргендермен жүздесіп, жер-жерден ақпарат жинап, оны жазып шығуына жеті ай уақыт жұмсаған. Елдіктің, теңдіктің сақталып қалуына себепкер болған тағдыршешті оқиғаларды, қазыналы деректер мен дәйектерді жүк еткен кітаптың ерекше сұранысқа ие болып, қолдан-қолға жылдам тарап жатқанынан-ақ көп жайды аңғаруға болатындай.

Ал енді Санжар Керімбай «мәдени майдан» деп нені айтады? Ол бұл ұғымның мәнісін былайша тереңнен түсіндіріп берді.

«Шығармашылықтағы қадірлі бір ұстазым айтқандай, мәдени майдан деген бұрынғыдай атыс-шабыс емес, ол тиімсіз тәсілге айналғалы қашан, айғай-шуы, сұрауы көп. Ал адамды мәдени «өлтіріп» тастайтын болсаң, одан артық ештеңенің керегі жоқ. Туған тарихынан, мәдениетінен айырып, оны қуыскеуде ауруына шалдықтырып, миының бәрін шайып тастайтын болса, сол жеткілікті, оны өлтірудің қажеті де болмайды. Ондай адам өзін билеп-төстеп, қанын сорып отырған қанаушының құлақкесті құлына айналғанына разы болып, соның қол астында қызмет еткенін абырой көріп жүре береді. Ұлтымызды осындай нәубеттен сақтап қалудың қамын ойлаған қайраткер тұлғаларымызға бас июіміз керек. Ал бұл күрес ешқашан тоқтап қалмауға тиіс», – дейді ол.

Ол ұлылар сабақтастығы туралы ой қозғағанда ұлттық жадының жойылуына жойқын қауіп төндірген тарихи трагедияларды тізбелеп, осы ықтимал апаттан мәдени майдандағы қабырғалы қайраткерлердің жанкештілігі ғана құтқарып қалғанын сөз етеді.

«Ашаршылық тарихи тізбекті үзген алапат нәубет еді. Қырғынға ұшыраған толқын-толқын қазақтың көкірегінде қаншама мәдени құндылықтар, көзі ашылмаған бұлақтар, рухани қазына-кендер кетті. Бұл, сөзсіз, мәдени майданда ұлтты жеңіліске ұшыратқан алғашқы да негізгі ауыр соққы болды. Соның салдары қазақ қоғамын мәдени қабілетсіз халге түсірді. Сол кезде тарихи әділдікті қалыптастыруға сахнаға кесек тұлғалар шықты. Басы Сәтбаев пен Әуезовтен, оған материалдық демеу берген Ілияс Омаровпен, Темірбек Жүргеновтермен басталып, Өзбекәлілер жалғаған ұлылардың алтын жүлгесі қалыптасты. Олар қазақтың рухын оятамыз, өрге сүйрейміз деп жанқиярлықпен еңбек етті. Ең ұлы серпіліс – нәубеттен соң үш жылдан кейін «қазақтар енді есін жыя алмайды, ел болудан қалды» деген мазақ сөз ашықтан-ашық айтыла бастағанда, Жүргенов бас болып, бұл жаланы жоққа шығаруға күш жұмылдырды емес пе! Қазақ ішінен іріктеліп алынған 300 шақты өнерпаз Ресей сахнасында атой салып, таңғажайып өнерлерімен «ұлықтарды» еріксіз мойындатқан еді. Сол 1936 жылы еліміз «Қазақ АСР-ы» болып тұрған жерінен «Қазақ КСР-ы» деген жаңа мәртебе иеленді, яғни «автономиялы республика» статусынан арылдық. Бұл еліміздің дербестік алуына жол ашқан ғаламат оқиға еді. Сондықтан қазіргі тәуелсіздігіміз – сол кездегі әртістеріміздің алып берген жеңісі», – дейді жазушы.

Ол жиі айтылатын «ұлттық код» та ұлылар бүгінгі ұрпаққа аманат етіп кеткен мәдениетімізде жатқанын айтты. Иммунитетімізді жоюға бағытталған, соңғы 25 жылда етек жайған кері пропогандалық күштердің мәдениет майданында шарасыз халге түсуімізге итермелеп жатқаны туралы да ой толғады. Спикердің негізгі айтар ойы – ұрпақтың ата-бабадан мирасқа қалған рухани-мәдени құндылықтарды сіңірмей өсуіне жол бермеу, ғылым тілінде айтылатын «экзистенциялық вакуум» кеселінен сақтандыру.

«Адам санасы уақытты «кеше, бүгін, ертең» дейтін үш түрлі формацияда қабылдайды. Кеше не болғанын білмесең, болашаққа жоспар құра алмай, тұрған жеріңе байланып қаласың. Ондай халге түссе, адамның ішіп-жемді ғана білетін жануардан айырмасы қалмайды. Өткен шаққа қамалып, алға қарай шыға алмайтын болса, онда сана деңгейі орта ғасырда қалған діншіл, консерваторлар көбейеді. Ал тереңдегі тамырынан нәр тарта алмайтын, тарихын біржолата ұмытқан адам қоғамға қауіпті элементке айналып шыға келеді», – дейді зияткер.

Өзбекәлі Жәнібектің бөлек болмысы, ерен еңбегі тұрғысына келгенде автор ерекше шешіле сөйлеп, қайраткерлігін айшықтайтын қажырлы қызметін жіпке тізгендей етіп айтады.

«Өз-ағаның қазақ өнерінің атағын аспандатуға қаншама күш-қайрат жұмсағанын бір сөзбен айтып шығу мүмкін емес, – деп көсіле түседі ол. – Бір ғана би өнерін биікке шығарғанын айтайықшы.1968 жылы 9-шы жастар фестиваліне қазақтардан ешкімді алмай қойды. Тағы да сол «қазақтарға би өнері дарымаған, көшіп-қонғаннан басқа қолдарынан түк келмейді» деген әңгіме ашық айтылады. Осы кезде Өзбекәлінің қаны басына шауып, көкірегін ыза мен намыс буады. Шұғыл түрде жаппай би байқауын ұйымдастырып, көп қатысушының ішінен бір қазақ қызын алып шығады. Оны бастан-аяқ киіндіруге, барлық шығынына ақша аямайды. Ақырында сол қыз әлгі фестивальден 2-орын иеленеді. Кейін бишіміз Америкаға дейін барып, мұхиттың арғы жағындағы жұртты таңдай қақтырды. Ол бишінің аты Гүлжан Талпақова еді. Мәдени майдан жолындағы күрескерліктің хас үлгісін көрсеткен Өзбекәліге бұдан соң қалай қайран қалмайсыз?».

Айта кетейік, автордың «Өзбекәлі және мәдени майдан» еңбегімен қоса, «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен әр жылдары жарық көрген «Қуыскеуде», «Бейсен және болмыс», «Әлдиден эпосқа дейін», «Сыр сөз» сияқты көптеген еңбектері бар. Ол ұлт болып ұйысуымызға ықпал еткен қазақтың маңдайлады тұлғаларын жеке-дара еңбек етіп қалың қазаққа ұсыну жолындағы ізденісін жалғастырып жатыр.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ