Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Міржақыптың кесенесі мен музейін салдырған әкім

11 июля 2024 9:06 • 338 просмотров

Алматы мен германия арасы немесе Қызбелден басталған сапар

Батырбек Ахметов 1954 жылы 9 желтоқсанда Қостанай облысы Жанкелдин ауданы, Саға ауылында өмірге келді. Әкесі Мықансалық соғыс ардагері, Сталиндік темір тәртіп сүйегіне сіңген қатал, сұсты кісі болса, анасы Ботыш аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, жайдары, ашық жан еді.

Бала Батырбек 1961 жылы Қаратал бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1971 жылы Қызбелдегі Ақсуат орта мектебін тәмамдап шықты. Аттестаты қолына тиісімен«ауыл-аймақты» місе тұтпай бірден Алматыға аттанды. Мақсаты – ауылшаруашылығы институтына оқуға түсу. Ойдағыдай тәмамдап, елге келіп еңбек ету. Алайда, ол кезде қазақ балаларының жоғары оқу орнына қабылдануы бір мұң болатын. Намысшыл бозбала бетінен қайтпады. «Оқудан құлап қалдым» деп Қызбелге қайтып баруды қолай көрмеді. Етінің тірілігінің арқасында Алматыдағы № 6 автобазаға автослесарь боп орналасты. Жұмыс істей жүріп Ауылшаруашылығы институтының электр мамандарынын дайындайтын факультетіне сырттай оқуға түсті.

1973 жылы әскерге шақырылып, ГДР-де борышын өтеп, елге оралды. Екі жыл солдат етігін киіп, шыңдалып келген зіңгіттей жігіт амалсыз аудан көлемінен жұмыс іздеді. Әуелі Жанкелдин аудандық ішкі істер бөлімінде өрттен қорғау инспекторы, кейін 1981–1982 жылдары Торғай облыстық өрттен қорғау бөлімінде техникалық бөлімше бастығы қызметін атқарды.

Орындалған арман

Көптен күткен мақсатына 1982 жылы қолы жетті. Сол жылы Бидайық егін совхозы ашылып, жаңа шаруашылыққа жұмыс күші жетпей жатқан-ды. Жас жігіт бірден туған жеріне қарай құстай ұшты. Бағына қарай ҚанапинҚалап Тілеубайұлы сынды білікті басшы жолықты. Азаматтың талабын таныған кәнігі директор оны қазақы тілмен айтқанда «отқа да, суға да салып», әбден шынықтырды. Еңбек жолын машина паркінің меңгеруші боп бастаған Батырбек Мықансалықұлыаз жылда МТМ басшысының орынбасары, бас инженер, егіс бригадирі, бас агрономның міндетін атқарушы сынды баспалдақтардан өтті. Жұмыс істей жүріп оқуын жалғастырып, жоғары білім алды. Сөйтіп 1992 жылдың күзінде Бидайық совхозының директоры болды. Оның алдында бір жыл бұрын ғана ол КСРО басшысы М. С. Горбачевтің қолы қойылған «ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне таққан еді. Мұндай жоғары марапатқа Бидайықтың жыл сайын ырғын астық жинап, облыста озаттар қатарына кіргені ықпал еткен-ді.

Міржақыптың тойын мінсіз атқарған

Ел Тәуелсіздік алып, бөркін аспанға атып жатқан шақ. Алаш арысы Міржақып Дулатовтың сүйегі елге оралып, Бидайыққа жерленетін болды. Себебі, қайраткерге қандай да бір елдімекен атын беру парыз. Ал, Қызбел күллі қазақ білетін тарихи жер, атауын ала алмайсың. Оған қоса Бидайық 30 мың гектарға егін себетін аудандағы ең озат совхоз. Той шығынын қиналмай көтере алады.

Сонымен Бидайық совхозына М. Дулатов аты берілді. Басшылық бекер сенім артпапты, Батырбек Ахметов бәрін ың-шыңсыз атқара білді. Алаш ардақтысының кесенесі мен музейін салып, ауылды мұнтаздай етіп қойды. Міржақып бабаның сүйегі аруланып жерленді. Барлық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, келген қонақтар ризашылығын жаудырып жатты. 1995 жылы Бидайықта дүркіреп өткен Жаһаңның110 жылдық тойы әлі күнге елдің жадында.

Жаңа мекендегі жаңа мектеп

Көп ұзамай халық нарықтың экономиканың қатал қыспағына тап келді. Мал-мүлік, техника бөлініп берілді. Дулатов совхозы да әуелі қауымдастық, одан ұжымшар, көп ұзамай ЖШС боп өзгерді. Мұндай күрт өзгеріске дайындығы жоқ халық, жібі үзілген моншақтай шашырап, дүрк көше бастады. Әлеуметтік жағдай сын көтермейтіндей тұралады. Астықтың, малдың құны түсті. Күнкөріс шынымен қиындады. Осы сәтте, яғни, 1998 жылы Батырбек Ахметов тәуекелге бел буып, орнына экономисін қалдырып, Алтынсарин ауданына қоныс аударды. Арқасүйер азаматымен бірге 57 отбасы қатар көшті. Іргесі ажырамаған ағайын-туыс Алтынсарин ауданы, БольшоеЧираков селолық округіне қарасты Осипов бөлімшесіне кеп табан тіреді. Көшіп келген отбасылардағы бала саны сексеннен асады, ал жаңа мекенде қазақ мектебі жоқ. Батырбек Мықансалықұлыныңбілек сыбана кірісуімен Осиповтің орыстілді бастауыш мектебі мемлекеттік тілде білім беретін негізгі мектепке айналды. Шаруашылықтың тізгінін інілеріне ұстатқан кейіпкеріміз өзі де жаңа бір өмір мектебінің табалдырығын аттады. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деген бабалар сөзін жүрегіне бекітіп, мемлекетқызметіне араласты.

Кадр мәселесін шешу үшін мемлекет арнайы оқыту ұйымдастырып, бітіргендерге сертификат беретін. Батырбек Ахметов те алғашқы топпен бірге осы курстан өтті. Бұл сынақтан көп тәжірибе жинаған басшы бірнеше мекемеде істеп, 2001 жылы Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары болды. Өзін іскерлік қырынан таныта білген мемлекеттік қызметкердің мойнына облыс әкімдігі ең бір жауапкершілігі мол жұмысты жүктеді. 2004 жылы Жангелдин ауданының әкімі қылып тағайындады.

Туған жерде төккен тер

Батырбек Ахметов тізгінін ұстаған сәттегі Торғайдың тұрмысы мақтанарлықтай емес еді. Үшінші мыңжылдықтың үш жылы артта қалса да ауданда он бір жылдық жеті мектеп әлі пеш жағып отыр. Орталықтағы әлеуметтік нысандар да жөндеуді қажет етеді. Атағы Алатаудан асатын байырғы Торғай-дуан, атақты шаһардың жолдары шұрқ-шұрқ. Өндірісі жоқ, шетте жатқан өңірге қаржы бөлуге жоғары жақта аса құлықты емес. Жұмысы жоқ, тоқтаусыз көшіп жатқан жұрт… Қайтпек керек? Жаңа әкім ең бірінші аталған жеті мектепті орталықтандырылған жылу жүйесіне қостырды. Қаржы да тапшы. Әйтсе де қол қусырып отырмай, биліктің назарын тарихи өлкеге «тізеге салып» бұрғызып, облыстық спартакиаданы Торғайда өткізетін боп шешті. Соның «сылтауымен» Ш. Уәлихановорта мектебіне, аудандық ауруханаға, «Топжарған» стадионына күрделі жөндеуге ақша бөлдірді. Мердігерді де тез тауып, бас-аяғы үш айда бар жұмысты тап-тұйнақтай бітіріп, аудан қонақтарды қабылдауға дайын болды. Мұның сыртында көшелерге асфальт төсеуге он млн теңге бөлдірді. Ол уақытты бұл қомақты сома саналатын және осы он млн теңгені өзі қызметін кеткенше «ұстап отырып», жыл сайын сонша соманы облыстан «тартып алып» отырды. Тоқсаныншы жылдардан, Қосабаев кезінен жөндеу көрмеген Торғайдың 38 көшесі Батырбек Ахметов басқарған тұста тоқсан пайыздан астамы бүтінделіп қалды. Бұдан бөлек ең шалғай үш елдімекенде, Ақкөлде, А. Байтұрсынұлы ауылында, Милісайда үр жаңа үш мектеп салынды. Жазда жем-шөп даярлау, қыста қар аршу жұмыстары да мүлтіксіз атқарылды. Көше тазалығына, тәртіпке баса мән берілді. Торғай кентінің 17 шақырымдық ішкі су құбыры жаңаланды. Аралбай, Сужарған ауылдарының құрғап қалған құбырлары қайта іске қосылды. Ақшығанақ ауылына су тұщыту қондырғысы орнатылды. Оған қажет қаражатты әкімнің араласуымен Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты 20 млн теңге демеуші ретінде бөлген-ді. Көкалат, Тәуіш ауылдарына тартылатын су құбырының жобалық-сметалық құжатын да жасатты. Жылуы үзіліп, бос қалған бұрынғы интернатқа Б. Хамзин атындағы музыка мектебін көшіртіп, жылуын тартқызды. Бұл нысан қазір әрі интернат, әрі музыка мектебі қызметін атқарады. Әкімшілік ғимараты, балабақша жөндеуден өтіп, жылу жүйесі толықтай жаңарды. Сапаржайды қайтадан іске қосты.

Осыншама еңбек еленбей қалмады. Әкімнің төсінде «Құрмет» ордені боп жарқырады.

Еңбек ескерусіз қалмайды

Өз ісіне тиянақты, қарамағындағыларға талапшыл, жоғарыдағыларға сөзін өткізе алатын басшы одан кейін де Қостанай облысының Жер ресурстарын реттеу және бөлу басқармасының басшысы, Алтынсарин ауданының әкімі қызметін атқарып, 2017 жылы еңбек демалысына шықты. 2020 жылдан бастап «Ардагерлер ұйымы» РҚБҚостанай облыстықфилиалының төрағасы.Сөз орайы келгенде кейіпкеріміздің қазіргі таңдағы атқарған қоғамдық жұмыстарын да тізе кеткен артық болмас. Батырбек Мықансалықұлы Қостанай облыстық ономастика комиссиясының мүшесі ретінде Тәуелсіз еліміздің атақты азаматтарын мәңгілік есте сақтауғ мақсатында атқарылған жұмыстарға өз үлесін қосты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия мүшесі ретінде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетімүрағаттарында да жұмыс істейді. Мұнан бөлек Қостанай облыстық қоғамдық кеңесінің комитет төрағасы. Ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп, облыстық бюджетке түсетін салық, тариф, баға, аграрлық мәселелерді назарда ұстап келеді.

Биыл елімізге алапат су тасқынынан қауіп төнгенде, Президенттің нұсқауымен, Қостанай облысы бойынша құрылған облыстық Штабтың төрағасы болып сайланған соң, жағдайды халыққа түсіндіруге кірісіп кетті. Апатты аймақтарда 621 кездесу өткізілсе, оларға 8 612 адам қатысқан. Ал, Батырбек Мықансалықұлыоблыстық Штабтың төрағасы ретінде 12 кездесу өткізді, соның ішінде ең алыс елдімекендерде, Жанкелдин, Аманкелді аудандарында жол жоқ жерлерде қайықпен, тікұшақпен аралап, қалыптасқан қиын жағдайдың оң шешілуіне ықпал жасады. Бұл мемлекет қызмет ардагерінен әлі күнге аттанған түспегенінің бір айғағы болса керек.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ