Облыста су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударады және жеке бақылауда ұстайды.
Қостанай облыс бойынша су тасқыны кезінде барлығы 1 283 үй зардап шекті, оның 468-і қалпына келтіруге жатпайды. Қазіргі таңда 315 пәтер сатып алынды, сондай-ақ 153 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Мәселен, Қостанай қаласының зардап шеккен тұрғындары үшін Қонай шағын ауданында 14 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қонайдағы тұрғын үйлер аяқталу сатысында. Барлық коммуникациялар жүргізілді, ішкі әрлеу жұмыстары аяқталды. Сыртта кіреберістің өзінен тікелей жолға апаратын асфальт жолдар бар. Сонымен қатар, аулаларға кіреберіс кеңейтіліп, тұрғындар көліктерін қоя алады. Мұндағы әр үйдің ауданы 80 шаршы метрді құрайды. Енді ғимараттарды пайдалануға беру актілеріне қол қою керек, содан кейін мемлекетке балансқа беру қажет. Осыдан кейін-жекешелендіру туралы шарт және кілттерді тапсыруға болады. Қоныс тойы жақындап қалды.
Ал Қостанай ауданыныңда зардап шеккен тұрғындары үшін Алтынсарин ауылында 21 жеке тұрғын үй салынуда. Барлық салынған үйлерге инженерлік коммуникациялар жүргізілді, абаттандыру жұмыстары да аяқталуда.
Барлық үйлер әрлеу жұмыстарымен, толық жөндеумен тапсырылады. Бір үйдің ауданы шамамен 80 шаршы метрді құрайды. Жаңа үйлер зардап шеккен азаматтардың бұрынғы тұрғын үй жағдайларын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді, ал салынған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жайлы тұруды қамтамасыз етеді.
— 20 шілдеге дейін біз бәрін толығымен аяқтауымыз керек, айдың соңына дейін қоныс тойын тойлауды жоспарлап отырмыз. Негізінде, 17 шілдеге дейін он үй тапсырылады, құжаттарды рәсімдеу қатар жүреді. Адамдар кілттерді өтініш берген ретпен алады, — деді Қостанай әкімі Марат Жүндібаев.
Аймақ басшысының айтуынша, құрылыс кезінде жергілікті материалдар пайдаланылып, мердігерлер жергілікті компаниялар болды.
— Президенттің тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй салуға және пәтер сатып алуға қаражат бөлінді. Бұл бюджет қаржысы емес, елімізде, оның ішінде Қостанай облысының аумағында жұмыс істейтін ірі бизнестің қолдауы екенін атап өту маңызды. Адамдар екінші нарықта сатып алуға немесе жаңа үй алу мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде адамдардың өтініші бойынша құрылыс сала бастады. Тағы бір маңызды мәселе, осылайша адамдар өздерінің тұрғын үй жағдайларын айтарлықтай жақсартты, — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Су басу орындарындағы бұрынғы үйлер, шын мәнінде ескі. Көбісі 50-ші жылдардың басында салынған.
Баспасөз турына қатысушылар Қостанай ауданындағы Алтынсарин ауылының тұрғыны Николай Гаанның салынып жатқан үйіне барды. Оның қызы Анастасия бұрынғы үйі 1950 жылы салынған дейді. Су тасқыны болғаннан кейін билік дереу көмекке келді. Барлық зардап шеккен отбасыларға бірден 100 АЕК бөлінді, бұл шамамен 370 мың теңге. Содан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әрбір отбасы жоғалған мүлкі үшін тағы 554 мың теңге өтемақы алды.
Қостанай ауданында су тасқынынан 292 нысан зардап шекті. 73 отбасы жаңа пәтер алды. 198 меншік иелеріне тұрғын үйді жөндеуге ақша бөлінді. 21 отбасы «Таза бұлақ» жаңа шағын ауданының тұрғындары атанып отыр. Облыс әкімі су тасқыны тәжірибесі ескерілгеніне және болашақта ықтимал су басу орындарында бөгеттер салынатынына сендірді.
Дәл қазіргі уақытта 21 үйдің тоғызы толық салынып біткен. Аудан әкімі Берік Таңжарықов қалған үйлердің 20 шілдеге дейін толық салынып бітеріне уәде берді.
“Тұрғындардың алдында екі таңдау болды: не екінші нарықтан, не сәл уақыт сабыр сақтап, жаңа баспаналарының салынуын күту. Мінекей, аса ұзақ тостырмай, заман талабына сай келетін үйлердің іші-сыртын көріп, сапасына көз жеткізіп тұрсыздар. Кезінде, 60-70 жыл бұрын саман мен қамыстан салынған үйлердің орнына су жаңа баспаналар салынып жатыр. Қуаныштарыңызға ортақпын”, — деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ