Елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Ұлттық домбыра күні – 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспбының күні ретіне тойланып келеді.
Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы отандық БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған еді.
Ұлттық домбыра күніне орай Тобыл жағалауында қалалық «Мирас» мәдениет сарайы мен Қостанай облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Күй шеруі» атты мерекелік бағдарлама өтті. Мерекелік іс-шарада 310 домбырашының қатысуымен жеті күй орындалды.
1500 жыл бұрын қолданыста болған көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды.
Бірнеше айларға созылған келіссөздерден кейін ғана Моңғолия тарапы домбыраның көшірмесін алуға рұқсат беріп, кейін сол көшірме негізінде жасалған көне домбыраның нұсқасы музейге қойылды.
Мерекеге орай қостанайлық домбырашылар Тобыл жағалауында «Жастар биі», «Тепең көк», «Салкүрең», «Әлқисса», «Желдірме», «Балбырауын», «Ерке сылқым» атты жеті күйді ойнады. Орындаған «Жұлдыз», «Айсұлтан», «Ай Қостанай», «Аружан», «Чудо-чудо», «Белая мама» музыка мектебі мен қалалық балалар шығармашылғы мектебінің домбырашылары.
Алғашқы құттықтау сөз кезегін ҚМДБ Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Тәжімбет алып, барша қазақ елі мен қостанайлықтарды мерекемен құттықтап, ұлттық аспабымызды ұлықтауға шақырды.
Кештің төрінен Назымбек Молдахметов атындағы қазақ ұлттық оркестрі орын алып, бірнеше күйлерді тарту етті.
Кезекті құттықтау сөз кезегін алған облыстық көркемөнерпаздар мен халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмер Қалқаев тұрғындарды мерекемен құттықтай отырып, кешке жиналушыларға алғысын білдірді.
Сонымен қатар Лилия Корда мен Бақытжан Жүнісовке ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның алғыс хатын табыс етті. Кешті Т. Молдағалиев, С. Әбілов, Г. Абдулина сынды филармонияның өнерпаздары әнмен әрледі.
Мұндай іс-шара Арқалық қаласында да өтті. Арқалық аспанын күй күмбіріне бөлеп, елордамыз Астана күні және Ұлттық домбыра күніне орай 300 домбырашы бір мезетте 7 күй тартты. «Демалыс саябағындағы» дала сахнасында жиналған жұртшылықты қала әкімі Әмірхан Асанов мерейлі мерекелермен құттықтап, марапаттауларын табыс етті.
«Астанамыз – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы. Қазақстан халқы қол жеткізе алатын шексіз мүмкіндіктердің үлгісі. Елордамыз Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытты. Еуразияның жүрегінде орын тепкен керемет шаҺар шын мәнінде де ғылыми ой-сананың діңгегі болып, әлемдік деңгейдегі жоғары инновациялық технологиялар орталығына айналды. Домбыра қазақтың жаны, ұлтымыздың асқақ рухы, баға жетпес қазынасы. Бабалар үнін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, азаттықтың ақ таңы атқан бүгінгі күнге дейін халқымыздың сенімді серігі бола білді», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов қала халқын қос мерекемен құттықтауында.
Қала басшысы тілге тиек еткендей ұлттық домбыра күнін арқалықтықтар үш жылдан бері ұлықтап келеді. Алғашында көршілес Аманкелді ауданында бастау алған «1000 домбыра» іс-шарасы Арқалықта «1500 домбырамен» еселене түсті.
Торғайлық өнерпаздар да күй шеруіне үн қосты. Домбыра күнінде «Топжарған» стадионында 7 түрлі күй ойналды. Ауданның екі жүз өнерпазы «Жастар», «Тепеңкөк», «Жеңіс», «Желдірме», «Ерке сылқым» және «Әл Қиса» күйлерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Домбыра күнімен жеріміздің даңқын шығарып жатқан өнерпаздар мен оқушыларды аудан әкімі құттықтап, марапаттады:
«Торғайымызда осындай керемет мереке күні өткізілгеніне шын жүректен қуаныштымыз. Болашағымыз осы өсіп келе жатқан жасөспірімдерімізге байланысты. Өнерпаз аға-апаларының ізімен келе жатқан оқушыларымыз әрі қарай жерімізді дамытып, даңқын көтеріп, бүкіл елге танытады деген ойдамын», – деді аудан әкімі Шота Оспанов.
Бақыт ТҰРАШ