Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Қазіргі жағдай туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндады, жекелеген облыстардың әкімдері тыңдалды.
ҚР Энергетика министрлігінің жоспарларына сәйкес, биыл Қазақстанда газ өндіру көлемі 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,3%-ға – 60,5 млрд м3-ке дейін артады. Негізгі өсім Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған ірі кен орындары есебінен болады деп көзделіп отыр. Тауарлық газ өндірісі өткен жылғы 29,8 млрд м3 деңгейінде қалады.
Бұл ретте тұтынудың болжамды көлемі 2023 жылмен салыстырғанда өсті және шамамен 20,9 млрд м3 құрайды. Премьер-Министр Олжас Бектенов жауапты ведомство басшылығының назарын өсіп келе жатқан тұтыну көлеміне аударып, тапшылыққа жол бермеу үшін бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Үкіметі ел аумағын газдандыру және газ тасымалдау жүйесін дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықтың 60%-ына немесе шамамен 12 млн адамға газ қолжетімді. Инфрақұрылымды дамыту аясында бірқатар магистральдық газ құбыры салынып, жөнделді.
Биыл одан әрі газдандыруға республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Іс-қимыл жоспары шеңберінде қосымша 105,4 млрд теңге бөлінді, бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге және 1 700 км астам газ желілерін жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда, олардың ішінде Қашаған кен орнында катарлық инвестор UCC Holding компаниясымен бірлесіп, газ өңдеу зауыттары салынып жатыр.
Сондай-ақ таяуда Орталық Өріктау, Батыс Прорва және Қаламқас газ жобалары іске қосылады деп күтілуде.
Сонымен қатар ҚМГ мен Eni Жаңаөзенде газ, күн және жел энергиясымен жұмыс істейтін алғашқы гибридті электр стансасын салуға кірісті.Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр инфрақұрылымды жаңғырту, газ барлау мен өңдеуге инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Олжас Бектенов халықты газбен жабдықтауда сапалы қызмет көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
«Үкіметке азаматтардан газбен жабдықтау мәселесіне қатысты көптеген арыз-шағымдар келіп түсуде. Тиісті мекемелер бірінші кезекте, халыққа сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылуы қажет. Туындаған проблемаларды дереу шешу керек. Алматы өңірінің газға деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін «Алматы – Байсерке – Талғар» газ құбырының екінші желісінің жобасы іске асырылуда. Алайда, газ құбырының қорғау аймағында жекеменшік құрылыстардың болуына байланысты жерлерді алу қажеттігі туындап отыр. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктеріне бұл жұмысты жедел жүргізуді тапсырамын», – деді Үкімет басшысы.
«Ары қарай газдандыру мақсатында биыл республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ Іс-шаралар жоспары аясында Үкімет қосымша 105,4 млрд теңге бөлді, бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етіп, 1700 шақырымнан астам газ желілерін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ел тұтынушыларын газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі стратегиялық инфрақұрылым жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін, «Ақтөбе – Қостанай магистралды газ құбырын, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын салу», – деп хабарлады ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Министр еліміздің транзиттік әлеуетін толық пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Өткен жылдың қазан айында Ресей газын Өзбекстан Республикасына транзиттеу іске қосылды. Былтыр 1,28 млрд м3 тасымалданды. Биыл көлемді 3,8 млрд м3 дейін ұлғайту жоспарлануда.
Тұрақты өсім түрікмен және өзбек газдарының ҚХР-ға транзитінен көрінеді. Сонымен қатар Ресей газының Қырғызстанға транзитін ұлғайту мәселесі талықлау сатысында тұр.
Бақыт ТҰРАШ