Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Денисов ауданына іссапармен барды. Бұл ауданның тиімді географиялық орналасуы, табиғи ресурстары, туризмді, ауыл шаруашылығын және экономиканың басқа да салаларын дамытуға ерекше қолайлы.
Сапар барысында өңір басшысы бірқатар жаңа кәсіпорындарға барып, Денисов ауданының одан әрі даму жоспарларымен танысты.
Туризм саласында ауданда «Шаңырақ» демалыс базасы салынып жатыр. Аталмыш демалыс орнында 80-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорнын салу жоспарлануда.
Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ет саласын дамыту мақсатында ауданда 50 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы жаңа құс фабрикасын салу жоспарлануда. Осы өндіріс толық іске қосылған кезде 2028 жылға қарай кәсіпорында 400 адам жұмыс істейтін болады.
Айта кететін жайттың бірі, «Ауыл Аманаты» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аудан әкімдігі мал шаруашылығы мен бизнесті дамыту үшін 120 млн теңгеден астам қаражат бөліп отыр. Аудан тұрғындары 20 млн теңгеге 4 өтінім берген. Осы ретте, өңір басшылығы азаматтарды бизнес-жобаларға белсенді қатысуға шақырады.
— Біздің фермерлеріміздің өз ісін дамытып қана қоймай, ауылдық аумақтарды абаттандыруға белсенді көмек көрсетуге әлеуеті бар екенін ерекше атап өткім келеді. Өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салған, жаттығу алаңын жабдықтаған және тұрғындарына басқа да жағдай жасаған Денисов ауданындағы «Фрунзенское» ЖШС жарқын мысал бола алады. Бұл серіктестік ауылды абаттандыруға шамамен 100 миллион теңге салып отыр. Шаруашылық иесі Николай Шерердің игі істері өскелең ұрпақ пен іскер әріптестері үшін лайықты үлгі, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ, аудан тұрғындарымен және кәсіпкерлермен кездесу барысында су ресурстарын сауатты пайдалану, туризм мен спортты дамыту, абаттандыруды жақсарту, мектептерді жөндеу және жастардың бос уақытын өткізу сияқты өзекті мәселелерді талқыланды.
Ауданда қабылданған жоспарларға сәйкес сумен жабдықтау және газдандыру бойынша жобалар белсенді іске асырылуда. Мақсат – халықты 100% сапалы ауыз сумен және газбен жабдықтаумен қамтамасыз ету.
Жолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыруды жақсарту бойынша жобалар жалғасуда. Әлеуметтік жауапкершілік бастамалары, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жобалар енгізілді.
Облыс әкімдігі Денисов ауданы тұрғындарының пікірлері мен тілектерін ескере отырып, аудан азаматтарының экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуындағы бастамаларын қолдауды жалғастырады.
Бақыт ТҰРАШ