Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қоныс тойға санаулы уақыт қалды

18 июля 2024 9:42 • 363 просмотров

Облыстың оңтүстік өңірлерінде тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арналған баспана құрылысы жер-жерде қызу жүріп жатыр. Бүгінгі таңда қауырт жұмыстың көбі бітіп, азы қалған. Мәселен, Арқалық қаласындағы 50 пәтерлі көп қабаттың үйдің пайдалануға берілер күні алыс емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елге көмек» атты бастамасы аясында, Арқалықта бес қабатты үйдің құрылысы басталып жатқаны туралы бұған дейін де хабарлаған едік. Осыдан екі ай бұрын іргетасы салынған нысан бүгінде еңсе көтеріп қалған. Қаладағы Шақшақ Жәнібек көшесі бойында пайда болған ғимаратқа, бұйыртса, Аманкелді, Жанкелдин ауданында тасқыннан зардап шеккен ағайынның бір бөлігі қоныстанады.

Айта кетейік, «Тұмар» деп аталатын тұрғын үй кешенінің мердігері – Қазақстанға кеңінен танымал «BAZIS – A» құрылыс компаниясы. Құрылыстың қазығы қағылған сәтте компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович арнайы келіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, көпқабатты тұрғын үй құрылысының таныстырылымын жасап, болашақ пәтер иелеріне сертификаттарды өз қолымен салтанатты түрде табыстаған болатын. Жаңа кешен, уәде етілгендей, жоспарға сай салынып жатыр, таяу арада пайдалануға беріледі. Жылу беру уақытында үйді компания өзі жылуға қосып, сапалылығын мұқият қарап, тексеретін болады.

Елу пәтерлі үйге бір ғана Жанкелдин ауданынан 14 отбасы қоныстанғалы отыр. Олар әуел баста не тұрғылықты ауылдарынан үй салу, не Арқалық қаласынан пәтер сатып алып беру ұсынысы жасалғанда мүмкіндікті пайдаланып, қаладан баспана иелену нұсқасын таңдаған.

«Комиссия, техникалық бағалау, тәуелсіз сапаршылар жұмысының қорытындысы бойынша, Жанкелдин ауданындағы су басқан елді мекендерде 88 үйге нұқсан келгені анықталған-ды. Қазіргі уақытта баспанасынан айырылған 41 отбасыға арналып үй салынып жатыр. 27 жанұя таңдау мүмкіндігі ұсынылғаннан кейін Арқалыққа көшуге ниет білдірді. Бүгінде оның 13-і екінші нарықтан үй сатып алды. Қаражатын мемлекет төледі, ішінара қайырымдылық қорынан да қаржы алғандар бар. Қалған 14 отбасы жаңа тұрғын үй кешенінің кілтін иеленбек», – деп бұл жөнінде аудан әкімі Шота Оспанов ақпарат берді.

Осы жерде «таяқтың екі ұшы бар» деген тәмсіл ойға оралады. Себебі онысыз да халқының «қаны толмай» отырған Торғай даласынан бір мезетте осыншалық отбасының сыртқа көшіп кетуі жергілікті демографияға кері ықпалын тигізгені сөзсіз. Аудан басшысы да мұның елеулі мәселе екенін жасырмайды.

«Халықтан бәріміздің де айырылғымыз келмейді. Бірақ ешкімді «былай істегенің дұрыс еді, олай қылғаның бізге қолайлы еді» деп мәжбүрлей алмаймыз ғой. Ондай мәжбүрлі үгітке рұқсат та берілмейді. Әрине, «Арқалыққа көшу ұсынылмағанда қалай болар еді?» дегенді бәріміз де іштей ойладық. «Басқа ауылда тұрасыздар ма, қалаған жерлеріңіз ауданның іші болсын, кез келген жерден үй саламыз» деген айтылса, біз әлгі 27 отбасыны ұстап едік. Айтып-айтпай не керек, көпшілік таңдауы солай жасалды. Бәрі де орайлы мүмкіндікті пайдаланып, қалаға қарай көш басын бұрды. Ал, жалпы, осы қысылтаяң шақты есепке алмасақ, басқаша жағдайда ауданнан үдере көшу деген жоқ», – дейді Шота Сәбитбекұлы.

Арқалықтағы көп қабатты үйге енгелі отырғандардың бірі – Амандық Есболов. Зейнет жасындағы қарт Тәуіш ауылының байырғы тұрғыны. Балалықтан қариялық жасқа дейінгі өмірі осы елді мекенде өткен. Өзінің еске алуынша, сонау жігіт болып, жілігі толған шақта, әскерден оралысымен, әкесінен қалған қарашаңыраққа ие болып қалған. Одан бері де қырық жыл уақыт өтіпті. Кезінде ауылдағы жалғыз телефон иесі саналған байланыс саласы қызметкерінің үй-жайы ауыл тұрғындарының үлкен-кішісіне түгелдей таныс-тын. Тіпті көрші ауылдардағы ағайын да адаспай табушы еді. Мінекей, табалдырығынан кісі аяғы арылмайтын шеткеріректегі осы бір «танымал» үйді де алапат тасқын елеп-қарап жатпады, жан-жақтан құрсауға алған ағын су іргесін ірітіп, қабырғасын қақыратып, тұруға жарамсыз етті де кетті…

«Осында өндік, өстік. Бүгінде ата-әже болдық. Мынадай апатты алғаш көруіміз. Басында абдырып қалғанымыз рас. Үлкен кісілерді аудан орталығына жіберді. Ертеңіміз қалай болмақ деп, уайымға салындық. Енді бәрі де өтті-кетті. Қазір Президенттің бастамасы көңілімізді серпілтіп, үкімет елге, халыққа көп көмегін тигізіп жатыр. Бізге Арқалық қаласынан пәтер беретін болды. Ал қолымда тұрған балам төрт бала-шағасымен Тәуіште қалады. Оларға жаңадан үй салынып жатыр», – дейді Амандық ағамыз.

Естеріңізге сала кетейік, қазір Тәуіш ауылында 22 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тиесілі баспаналарын тұрғындар жеребе арқылы анықтап алған. Олар осы айдан кешікпей жаңа қонысқа орналасып аламыз деп үміттеніп отыр.

«Қазір ауылдағы ахуал біртіндеп оңалып келе жатыр. Су тасқыны кезінде де, сол алапаттан кейін де жан-жақтан көп көмек келді, қолдау-жәрдем әлі күнге толастаған жоқ. Халық суға кеткен мал басы үшін толықтай өтемақы алды. Жапа шегуші ретінде өтініш берген азаматтар бір реттік қаражатына да қол жеткізді. Арнаулы комиссия да құлаған үйлерді бағалау шараларын уақытылы жүргізді. Баспанасынан айырылған ауылдастарымызға он миллион теңгеге сатылып алынған құралмалы үйлерді үлестіріп бердік», – дейді Бақыт Қабдырашұлы.

Жаңа қоныстарын тосқан тұрғындар әзірше ескі баспаналарының жанынан қос тігіп, киіз үй құрып, тіршіліктерін жалғастырып жатыр. Бастысы, тасқыннан кейінгі тіршілік өз арнасына түсіп, апаттан есеңгіреп қалған ағайын ес жиып, етек жауып, еңсерелін түзей бастады.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ