Елімізде 8 сәуірде республика бойынша «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы басталды.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру.
Бұл күндері облыс аймағындағы елді мекен тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері қоршаған ортаны таза ұстауға және тазартуға өз үлестерін қосуда. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала тұрғындарының қатысуымен шаһарды қоқыстан тазарту жұмыстарының нәтижесінде, полигондарға 175 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған мемлекеттік қызметкерлер де атсалысты.
Қалалық жағажай ауданында ауқымды сенбілік өтті. Оған Қостанайдың 500- ге жуық тұрғыны, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер қатысты. Негізгі тазарту жұмыстары Тобыл өзенінің бойындағы «Шағала» жағалауы мен орталық жағажайдың аумағында жүргізілді. Қазір мұнда жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары бар серуендеу аймағы құрылуда. Ол орталық жағалауды жағажаймен және триатлон саябағымен байланыстырады. Жағажайдың жабдықталған аймағы да кеңейіп келеді.
ТКШ бөлімінің айтуынша, барлық тазалық жұмыстары қала күніне орай аяқталуы тиіс.
Сенбілік «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтті. Оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Қостанай әкімі Марат Жүндібаев қатысты. Олар өз жұмыстарын бұрынғы стадионның трибуналық үйіндісін тазалаудан бастады. Қазір ол үйеңкіге толып кеткен. Қостанайды абаттандыру жоспары бойынша бұл орын бұрынғыгша ашық стадион ретінде қайта пайдаланылатын болады. Қала әкімі Марат Жүндібаевтің айтуынша, ескінің орнында жаңа, ашық стадион салу жоспарлануда.
Жұмыс арасындағы үзілісте Құмар Ақсақалов сенбілік тек аумақты тазарту ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру деген пікірімен бөлісті.
— Тәртіп пен тазалық әрқайсымызға, біздің ойларымыз бен істерімізге байланысты. Егер біз таза көшелермен жүргіміз келсе, таза саябақтарда серуендегіміз келсе, әрине, адам өзіне талапшыл болуы керек. Бұл сенбілік бір реттік емес. Бүгін ғана емес, бұған дейін де болған, бұдан кейін де жалғасады. Мен өзім барлық сенбілікке белсенді қатысуға тырысамын, өйткені бұл біз үшін маңызды. Біз экологиялық мәдениетті өз әрекетімізбен қалыптастыруымыз керек. «Таза Қазақстан» бағдарламасын Президент жарияланғаннан бері облыстың 370 000 тұрғыны экологиялық акцияларға қатысты. 113-ке жуық рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылды. Бүгінде облыста 300-ден астам гүлзарлар мен саябақтар ретке келтірілуде. Субұрқақтар қалпына келтіріліп, облыс аумағын абаттандыруда ауқымды жұмыстар атқарылды. Бизнес өкілдерімен кездесу барысында бағдарлама жөнінде сөз қозғап, ауыл-аймақтарды абаттандыруға қатысты меморандумдарға қол қойылуда. Осы мүмкіндікті пайдаланып, адамдарды тазалық үшін күресімізге қосылуға шақырамын, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыста үлкен жұмыс жүргізілуде: қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелері қабылданды, тұрақты экологиялық рейдтер жүргізілуде, субұрқақтар қалпына келтірілуде, билік қана емес, сонымен қатар тиісті меморандумдар жасалатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де үлкен жұмыс жүргізуде. Айта кетейік, биыл Қостанай облысын абаттандыруға 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа санитарлық тазалау, көгалдандыру, қоршаулар, балалар және спорт алаңдарын, бейнебақылау камераларын орнату, саябақтар мен алаңдарды абаттандыру және тағы басқалар жүргізіледі. Қостанай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы басталғаннан бері барлығы 370 мыңнан астам адам қатысып, 175 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, 52 мыңға жуық көшет отырғызылды.
«Қазір орталық алаңда тас төсемдерді ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жарықтандыру орнатылып, автоматты суару жүйесі бойынша жұмыстар атқарамыз. Жалпы жұмыс үш кезең бойынша атқарылуда. Алғашқы кезектегі жұмыс толығымен аяқталды. Жарықтандыру, суару жүйесі мұның бәрін қала күніне дейін толығымен айқтауды көздеп отырмыз», – дейді қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Алтынбек Қайратұлы.
«Шағала» жағажайына келер болса, тасқын су біраз инфрақұрылымға зақым келтірді. Қазір барлығын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет қайраткері Кенжеғали Сағадиевтің ескерткішінің жаны да бүлінген. Тас төсемдер суға көтеріліп, жарамыз болып қалған.
«Мұның бәрі су тасқынының салдары. Қазір қоршауларды орнына қойып, сырлап жатырмыз. Тиісінше жағалау аймағындағы барлық бүлінген дүниелер қалыпқа келтірілуде. Жағалау жиектеріндегі тастарды алмастырамыз. «Шағала» жағажайы мен қалалық жағалау арасын байланыстырамыз. Жаяу жүргінші үшін тас төсем төселіп, веложол жасалады. Эко-орындықтар мен 88 эко-қоқыс жәшігі қойылады. Жағалау аймағына 10 мың текшеден астам құм төселеді. Тиісінше шатырлар орнатылады», – дейді Алтынбек Қайраұлы.
Бақыт ТҰРАШ