Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Алты айдың қорытыныдысы шығарылды

25 июля 2024 8:41 • 313 просмотров

Облыс әкімдігінің кезекті отырысында облыстың 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды.

Ең көп өсім құрылыста 10,8%, тау-кен өндіру саласында – 7,9%, бөлшек саудада – 6,9%, ауыл шаруашылығында – 6,8% байқалды. Ең төменгі көрсеткіштер көлік және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша. Өнеркәсіпте, оның ішінде өңдеу саласында теріс динамика байқалады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған салалар бойынша өсімді қамтамасыз етпеген аудан әкімдерінің орынбасаралары жауапкершілікке тартылды. Мәселен, өңір басшысы Құмар Ақсақалов жұмысты дұрыс атқармаған Аманкелді, Денисов, Федоров аудандарының әкімдері мен Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартуды бұйырды. Ал Қарасу ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан босатты.

— Ел экономикасын жыл сайын 6% деңгейінде өсіру турасындағы Мемлекет басшысының тапсырмасы өңдеу өнеркәсібінен басқа салаларында толығымен орындалды. Өңдеу жоспарына машина жасауда және тамақ өнімдерін өндіруде өндіріс көлемінің төмендеуі тіркелді. Қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1 337,4 млрд теңгеге өнім өндірген. Оның ішінде тау-кен өндіру секторында 368,5 млрд теңгеге, өңдеу секторында 922,2 млрд теңгеге өнім өңделді. Алдағы міндет – жыл қорытындысы бойынша өсім көлемін 112% деңгейіне жеткізу. Сол себепті, әріптестер, аталмыш мәселе біздің жұмысымызда маңызды бағыттардың бірі. Оған селқос қарауға болмайды, – деді өз сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

— Дегенмен өндіріс көлемі айтарлықтай қысқарған өңірлер де бар. Мысалы, Меңдіқара, Денисов, Қарасу, Қарабалық аудандары мен Лисаков қаласында өндіріс көлемі қысқарған. Ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда ең үлкен өсім Жітіқара, Б. Майлин және Қостанай аудандарында байқалатынын айта кету керек. Ең төменгі өсу қарқыны Арқалық, Қостанай және Денисов аудандарында тіркелді, – деді облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина.

Ал көш бастап келе жатқан Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов өз сөзінде жыл басынан бері ауданда жағдай тұрақты екенін жеткізді.

— Құрылыс саласы 2,7 есе ұлғайған. Инвестиция көлемі – 15,6% артып, аудан экономикасына 12,9 млрд теңге тартылған. Инвестицияның басты бағыты ауыл шаруашылығы саласына, сонымен қатар кәсіпкерлік нысандардың құрылысы мен жаңғыруына бағытталып отыр. Жыл басынан бері 27,3мың шаршы метр баспана салынған. Жыл аяғына дейін 23,6 мың шаршы метр баспана салынады деп жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі Берік Таңжарықов.

Ауданда қолға алынған негізгі жобалардың бірі терезе өндірісін инновациялық трансформациялау бойынша зауыт салу. Инвестиция көлемі 300,0 млн теңгені құрайды, қуаты айына 3,0 мың шаршы метрге дейін жетіп, 25 мың жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, құны 250,0 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету үшін «Techsystems & Bourgalt» техникалық орталығының шеберханасының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта ғимараты салынды, электр қуаты қосылды, сумен жабдықтау да жүргізілген. Ішкі әрлеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұдан басқа, ерітінді-бетон торабы мен газ-блокты бұйымдар шығаратын зауыт құрылысы бойынша жоба іске асырылуда, жобаның құны 30 жұмыс орнын құрумен 100,0 млн теңгеден асады.

Жалпы, жақын арада ауданда 1,0 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 200,0 млрд теңгеге 20 жобадан тұратын пул қалыптастырылуда. Инвестициялық жобалар өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады, осылайша оның өнеркәсіп құрылымындағы үлесін арттырады.

Бақыт ТҰРАШ