Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Көгілдір отын келді ауылға

25 июля 2024 8:48 • 336 просмотров

Алтынсарин ауданының Үлкен Чураков ауылында табиғи газ берілді. Аталмыш оқиғаға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсқалов қатысты. Көгілдір отын 414 тұрғын үйге жеткізілді, қазіргі уақытта оның 255-і қосылған.

Үлкен Чураков ауылының тұрғыны Анатолий Юрьевич үшін бұл ерекше күн. Отағасы өзінің туған ауылына, оның үйіне табиғи газдың жеткізілгеніне дән риза. Өйткені, бұл ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы.

— Енді бізге отын жинап, көмір сатып алудың қажеті жоқ. Ауылдағы өмір біз қалағандай жайлы болады. Биылғы қыс ешқандай қиындықсыз өтеді деп ойлаймын, – дейді ауыл тұрғыны Анатолий Юрьевич.

Үлкен Чураков ауылында 840,7 млн теңгеге құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Газ 414 тұрғын үйге жеткізілді, қазір оның 255-і қосылған.

— Бүгін елді мекеннің барлық тұрғындары үшін өте қуанышты және көптен күткен оқиға. Елді мекендерді газдандыру маңызды мәселе болып табылады.

Бүгінгі таңда облыста газ көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты газдандыру бойынша шектеулер бар. Біз бірнеше жыл бұрын іске асырыла бастаған объектілерді ғана газға қосамыз. Сонымен, Үлкен Чураков ауылын газдандыру сондай жобалардың бірі. Ауылды газбен қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың құны 840 млн теңгеден асты. Газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Өткен жылы Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына магистральдық газ құбырын салу бойынша жобаны іске асыру басталғанын атап өткім келеді. Бұл газ құбыры болашақта ауылдық елді мекендерді газдандыру үшін ғана емес, сонымен қатар газдың үлкен көлемін талап ететін ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін де жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ауылдағы газға қоса отырып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Алтынсарин ауданына жұмыс сапары барысында Құмар Ақсақалов кезекте тұрғандарға арналған екі пәтерлі төрт үйдің құрылыс барысымен танысты. Тұрғын үйді осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Айта кетейік, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 113 адам тұр.

Сондай-ақ, өңір басшысы ауданға барған кезде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты, аудан тұрғындарымен және кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында бірқатар мәселелер талқыланды. Ауданның дамуына қатысты мәселелерді талқылау барлық тұрғындардың мүдделерін ескеруге және Алтынсарин ауданында өмірді одан да жақсартатын шешімдер табуға мүмкіндік береді.

Бақыт ТҰРАШ, сурет Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды