Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Кореяда білім береді

25 июля 2024 8:34 • 310 просмотров

Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының былтырғы түлегі Ақбөпе Баярыстан Кореядағы шетелдік оқушыларға сабақ беру мүмкіндігін иеленді. Ол «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасы бойынша шетелге аттанғалы отыр.

Шет тілдерін, оның ішінде ағылшын, орыс, неміс және корей тілдерін жетік меңгерген институт түлегі Корей елінде сабақ беру мүмкіндігі туралы естіген бойда конкурсқа қатысуға өтінім берген. Нәтижесінде көрсетілген барлық талаптардан сүрінбей өтіп, 14 үміткердің ішінен таңдап алынған. Білім беру бағдарламасының жетекшісі Әсел Асанова институт түлегінің студенттік кезеңде өзін жақсы қырынан таныта білгенін, оқу үлгерімі жоғары, белсенді, мінезі байсалды, ізденімпаз студенттің болашағына зор сенім артылғанын тілге тиек етті.

«Шет тілдерін меңгеруге деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан бастап оянды. Осылайша, ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуға түсіп, тілдік машықтарымды арттыра түстім. Студент кезде «Coursera» платформасы арқылы корей тіліндегі дәрістерді тыңдап, жаттыға бердім. Менің мақсатым – оқытуда және оның ішінде шетел тілдерін оқытуда оқушылардың тілдік мәдениеті мен тілдер арасындағы коммуникациялық қабілетін жетілдіру, оқушыларға білім тұрғысынан бөлек ментальдыт ұрғыда қолдау көрсету. Теориялық және тәжірибелік дағдыларымның шыңдалуына зор септігін тигізген институтыма алғысым шексіз» – дейді Ақбөпе.

Институт ректоры Ержан Әмірбекұлы үздік маманмен сапар алдында кездесу өткізіп, іргелі білім ордасының беделінің артуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Ақбөпе бұған дейін де академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Түркияның Кахраман мараш Сютчю Имам университетінде бір семестр білім алып келген-ді.

Айта кетейік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024 жылғы 1–3 сәуірде Сеул және Гонконгқа іссапары аясында министрлік пен Корея Республикасының Кенги провинциясының Білім басқармасы арасындағы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылған. Кенги провинциасының білім басқармасының Ансан, Хуасон, Ансон және т. б. қалаларындағы жергілікті орта мектептерде орыс тілді шетелдік оқушылардың үлгерімі төмен болғандықтан, оқушыларға қосымша көмек көрсету үшін меморандум шеңберінде Қазақстаннан орыс тілін меңгерген жас педагогтарды жергілікті мұғалімдердің көмекшісі ретінде шақыруда.