Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мақсат – өңірдің әлеуетін әртараптандыру

1 августа 2024 8:03 • 294 просмотров

Ағымдағы жылдың 24 шілдесінде «Қостанай Инвест 2024» инвестициялық форумының іскерлік бағдарламасы шеңберінде көзделген іс-шаралар өтті. Форум бағдарламасы екі күнге созылды. Инвестфорумның екінші күні оның негізгі іс-шарасы – пленарлық отырыс өтті. Ол «KamLitKZ» ЖШС шойын құю зауытының базасында ұйымдастырылды.

Іс-шара кәсіпкерлерді, мемлекеттік органдардың өкілдерін және инвесторларды біріктірді. Оның шеңберінде ұсынылған жобалар ең маңызды салаларға қатысты болды. Бұл металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және инфрақұрылым саласы. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «негізгі мақсат – экономиканы одан әрі дамыту» деп атап өтті. Оның ойынша, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылынсыз ілгерілеу мүмкін емес. Ол сондай-ақ соңғы екі жылда аймаққа шамамен 1 миллиард доллар инвестиция тартылғанын айтты.

— Осы іс-шараға қатысқандардың барлығына алғыс айтамын. Өйткені бүгін форумда біздің облысымыз үшін өте маңызды мәселе қаралады. Ол экономиканы әртараптандыру. Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту үшін біз өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымды жетілдіруді жалғастырамыз. Соңғы 2 жылда өңірге 1,0 млрд. АҚШ шетелдік инвестициялар. Облыста бас-аяғы 1400-ден астам шетелдік компания жұмыс істейді. Бізде жаңа өндірістерді ашу үшін барлық ресурстар бар. Ол пайдалы қазбалар, су және жер ресурстары. Өңірде 200-ге жуық бос кен орындары шоғырланған бірегей минералды шикізат базасы бар, оның 25-і қатты пайдалы қазбалар. Барлық ресурстық-шикізаттық әлеует инвестициялық порталда орналастырылған. Мүдделі тұлғалар пайдалы қазбаларды барлауға арналған аумақтармен, бос кен орындарымен, сондай-ақ бекітілген қорлармен танысып, лицензия алу мақсатында оларға өтініш бере алады. Облыс аумағында игеруге дайын никель-кобальт кендері, бокситтер, темір, алтын, көмір, титан, титан-цирконий және нефрит сияқты бос кен орындары бар. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және жоғары қайта бөлу кластерлерін құру қажеттілігі жөнінде міндет қойып отыр. Өткен инвестициялық форумда мен қара металлургия саласын дамытудың маңыздылығын атап өттім. Бір жыл ішінде не істелді? Облыста шикізатты қайта өңдеуге бағытталған 3 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Біз әрқашан жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ашықпыз және өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған бастамаларды жан-жақты қолдауға кепілдік береміз, – деді өз сөзінде өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Бұл іс-шара отандық және шетелдік бизнес, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және басқа да іскер топтар өкілдерінің қатарынан 500-ге жуық адамды біріктірді. Іс-шараны өткізу орны кездейсоқ таңдалып отырған жоқ: пленарлық отырыс Индустриалдық аймақ аумағында орналасқан «KamLitKZ» ЖШС өтті. Өйткені, тап осы индустриалдық аймақ соңғы жылдары біздің облысымыздың экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беріп келеді. Индустриалдық аймақ – бұл инвесторлар үшін тартымды алаң. Оның артықшылығы инженерлік инфрақұрылымның барлық кешенімен қамтамасыз етілуі болып табылады.

Отырыс спикерлерінің бірі «Еуразиялық Топ» ЖШС Бас директоры Серік Шахажанов болды.

— Қостанай облысында ERG-дің бірнеше кәсіпорны бар. Біз жеткізу географиясын кеңейту нұсқасын қарастырамыз және дамудың келесі кзеңіне өтуге дайынбыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде, металды, мұнайды, газды терең өңдеу сияқты бағыттарға назар аудару керектігін айтты. Басқаша айтқанда, қайта бөлу кластерлерін жасау керек. Біз болашақта Қостанай облысындағы ыстық брикеттелген темір зауытының құрылысын толық циклді металлургиялық кластердің негізі ретінде қарастырамыз, – деді Серік Шахажанов.

Ыстық брикеттелген темір зауытының құрылысы республиканың металлургия, газ және бірқатар аралас салаларға айтарлықтай әсер етеді.

— Естеріңізге сала кетейін, 2023 жылдың тамыз айында «Қостанай инвест 2023» инвестициялық форумы өткізілді, онда да өңірдің инвестициялық әлеуеті ұсынылды және өнеркәсіптің түрлі салаларында ірі жобалардың іске асырылып жатқандығы таныстырылды. Мәселен, өткен жылғы форумның қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен ірі инвесторлар арасында сомасы шамамен 440 млрд теңге болатын жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімдер жасасылды. Олардың ішінде Kia Corporation әлемдік Оңтүстік Корея автоконцернімен толық циклді KIA автомобильдері өндірісі зауытын салу туралы келісімді атап өтуге болады. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары белсенді қарқынмен жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «Полиметалл Евразия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнеркәсіптік холдингімен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды, атап айтқанда күн және газды поршенді электр станцияларын салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бастамашы жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр. Сонымен, биылғы жылы өтіп жатқан форум қазірдің өзінде дәстүрлі сипатқа ие, және бұдан басқа, Қостанай облысының қазіргі заманғы инвестициялық имиджін қалыптастыру бойынша біздің одан арғы ұмтылысымыздың жалғасы және қозғаушы векторы болады.

Форумның алдағы пленарлық отырысында металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобалар ұсынылатын болады. Жалпы алғанда, біздің облыс әлеуетті инвесторлар үшін қашанда ашық екенін, сондай-ақ жаңа бастамаларды іске асыруда жан-жақты қолдауға кепілдік беретіні туралы айта кетсем деймін, – деді өз сөзінде Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов.

Тағы бір шетелдік инвестор, «AC Agro» ЖШС директоры Махмут Серкан Йылдыз дәнді-бұршақты дақылдарды өңдейтін зауыттың жұмысымен таныстырды. Инвестиция көлемі 24 млрд теңге. Аталған зауыт Әуежай шағын ауданында орналасады. Кәсіпорын 100 мың тоннаға жуық өнімді қайта өңдеп, сақтай алады. Сондай-ақ, 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

— Қайта өңдеу зауытының жалпы ауданы 9 гектар. Күнінен кемінде 400 тонна бұршақ дақылдарын шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір инвестициялық келісім-шартқа қол қою үшін бизнес-жоспар дайындап жатырмыз. Осыдан кейін дизайн басталады. Зауыттың құрылысы үш жылға созылады және үш кезеңде өтеді. Зауытты 2027 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Біздің компания сатып алу, логистика, ауыл шаруашылығы және жалпы сауда қызметі саласында белсенді жұмыс істейді. Жібек жолы арқылы әлемге жаңа құндылықтарды әкелуге ұмтылады. Жемісті қызметінің арқасында компанияның әлемдік аренада өз орны бар», – дейді «AC Agro» ЖШС директоры Махмут Серкан Йылдыз.

Екі күнге созылған «Kostanay Invest 2024» форумының нәтижесінде инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған 1,5 трлн теңгеден астам сомаға меморандумдарға қол қойылды.

Ұсынылған жобалар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, экономикалық өсуді ынталандыруға және өңір халқының өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бақыт ТҰРАШ