Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Германияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсенмен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – екіжақты қатынастарды нығайту және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту.
Облыс басшысының айтуынша, Қостанай облысы үшін сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту басым бағыттардың бірі. Бүгінгі таңда облыстың сауда қатынастары әлемнің 109 елімен орнатылған, ал Германия бұл тізімде ерекше орын алады.
«Соңғы 5 жылда біздің облыс пен Германия арасындағы сыртқы сауда айналымы үш есеге өсті. Бұл өзара сенімнің жоғары деңгейін және біздің ынтымақтастығымыздың болашағы зор екенін көрсетеді, – деді өз сөзінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Әкімнің айтуынша, Германиямен сыртқы сауда көлемінің өсу динамикасы айрықша: егер 2019 жылы сауда көлемі 36,4 миллион АҚШ долларын құраса, 2023 жылы ол 98,8 миллион АҚШ долларына жетті. Оң үрдіс биыл да жалғасуда, – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Қостанай облысында 30 мыңнан астам неміс тұрады, осыған сай мәдени-гуманитарлық бағытта ауқымды жұмыстар атқарылады.
«Неміс инвесторларының кез келген ұсыныстарын талқылауға дайынбыз», – деді Құмар Ақсақалов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік білдірді.
Бақыт ТҰРАШ