Қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлихановтың туғанына келесі жылы 190 жыл толады. Ұлтымыздың біртуар тұлғасының мерейтойы үлкен сынақ болғалы отыр. Себебі жерлестерінің ғұламаға деген құрметі нақты істермен көрініс беріп тұруға тиіс. Алайда Сырымбет пен Омбыға сапарлап қайтқан «Шоқан Уәлиханов ізімен» экспедициясының мүшесі, шоқантанушы Еділбай Ахменов әлем таныған ғалым туған жерінде лайықты деңгейде ардақталып отырмағанын айтады…
— Еділбай аға, экспедициядан қандай әсермен оралдыңыздар? Не көріп, не түйіп қайттыңыздар?
— Бұл біздің көптен күткен сапарымыз еді. Ұзақ жыл бойғы жоспарымыз осы болғанымен, әртүрлі себеппен кейінге шегерілумен келді. Өзім 25 жыл Шоқанның өмірбаянын зерттеумен айналыстым. Бірақ осы уақыт ішінде тек ғұламаның кіндік қаны тамған Күнтимес ауылына көп көңіл бөлдім. Ұзақ уақыт архивте, облыстың кітапханаларында жұмыс істеуіме тура келді. Нәтижесінде «Киелі Күнтимес – Шоқан ауылы» атты жинақ шығардым. Осы ауылда туғанын дәлелдейтін құжаттар жинадым. Ал енді ғалым өмірінің Сырымбет, Омбы кезеңдеріне аса тереңдемеппін. Өзім кәнігі зерттеуші-ғалым емеспін, құрылысшы, жобалаушы, теміржолшы болып қызмет еткен адаммын. Тек ауыл ақсақалдарының аманатымен осы іске бел буып кірісіп, бір бағытта ғана ізденген едім. Сондықтан таным көкжиегін кеңітуге мүкіндік алып, аталған елді мекендерге жолымның түкеніне ерекше қуаныштымын. Бұл бір арманым орындалған сапар болды дей аламын. Экспедициядан көп дүние күттік, онымыз ақталды да. Өйткені Сырымбетте Шоқанға, оның әулетіне қатысы бар өте көп дерек жинақталған екен. Ал Омбыда көрем деп мүлдем ойламаған дүниелерге куә болдым. Онда Шоқанның 12 жасынан бастап, 1861–62 жылға дейінгі аралықтағы әр күніне қатысты дерек табылады екен. Тіпті оның сол жақта кімдермен достасып, кімге ғашық болғанына дейін білдік. Бұл сол жақтағы ғалымдардың Шоқанды түп-тұқиянына шейін зерттегендерін, Омбыдағы өмір кезеңін бес саусақтарындай білетінін айғақтайды. Олар қазақ ғалымын танитындарын мақтан тұтады. Омбыда 6–7 жыл өмір сүргені олар үшін үлкен мәртебе саналады. Ал егер ол сол жақта туған болса ше – төбелеріне тұтар ма еді? Оның есіміне берілген көшені айтсаңшы! Көше емес, тұтас бульвар деуге болатындай. Омбының орталығында сайрап жатқан кең даңғыл! Бір басында Шоқанның еңселі ескерткіші қасқайып тұр. Көкшетауда да «менмұндалайтын» ескерткіші, есімін алған көшесі бар. «Аузымызды ашып, көзімізді жұмып» разы болып, бір жағынан, туған жерінде мұндай құрмет жасалмағанына тілімізді тістеңкіреп қайтқан жайымыз бар. Ендігі айтпағымыз, біз де асыл тұлғамызды қаншалықты ардақ тұтатынымызды осындай деңгейде көрсетуіміз керек. Тіпті Омбыдан олқы түспей, одан асып кетуіміз шарт. Себебі Шоқан осы өңірде туып-өсті, алғашқы қадамын жасап, өмірге талпынды, тұңғыш білім алды, асқақ арманға қол созды… Бұл баба рухы алдындағы парызымыз ғой! Ал енді экспедицияны ардақты тұлға мәңгілік дамыл тапқан Алтын Емелде тәмамдау жоспарымызда бар.
— Туған жер дегеннен шығады, әлі күнге дейін Шоқанның кіндік қаны тамған ауыл туралы екі түрлі нұсқа айтылып келеді. Бірі Күнтиместе туған дейді, енді бірі Құсмұрынның тумасы екенін айтады. Сіз алғашқы нұсқаның шындыққа жанасатынын айтушылар жағындасыз. Осы бағытта ұзақ ізденген адам ретінде нақты дәлелдер келтіріңізші…
– 1990 жылға дейін Шоқан туралы ауыз ашпадық. Әкесі Шыңғыс, әжесі Айғаным жайлы айтуға да рұқсат болмады. Бірақ ауылдағы көнекөз, қазына кеуде қариялардың көп әңгімесін құлағымызға құйып өстік. «Мына жерде Шыңғыс сұлтанның ордасы болған, мына жерде құдығы бар еді, анау жерде қарауыл әскері тұрған, сұлтан мына ауылдың айналасында қырық шақырымдық ор қаздырған» деген сияқты мәліметтерді өскелең буынға айтып отырудан жалықпайтын. Оны ешқайда жарияламасақ та ішімізден біліп жүрдік. Тәуелсіздік алғаннан кейін соның бәрін індете іздеп, архив құжаттарын, күллі жазба деректерді көтеруге кірістім. Оған ширек ғасыр жұмсаппын. Нәтижесінде дәлелді жинақ шығардым. Әуелі Құсмұрынның қисынсыздығына тоқталайық. Бұл жер, біріншіден, бекініс салуға ыңғайлы деп танылған кезден бастап қонысқа айналды. Геодезистер, жобалаушылар келіп, зерттеп, Қараобадағы бекіністі осы Құсмұрынға көшіру шешімін шығарады. Бекініс соғылатын жер биіктеу әрі көл жағасында, оны оңайлықпен ешкім асып өте алмайды, келген жауды қарсы алуға қолайлы делінсе керек. Ол кезде Қараобада күкірт, қару-жарақ қоймасы, жауынгерлер казармасы, командирлер тұратын үйлер – жалпы барлық жағдай болған екен. Соған қарамастан, осының бәрін Құсмұрынға ауыстырған. Бұл 1845 жыл еді. Сол жылы шыққан бұйрықта Қараоба жабылып, Құсмұрын бекінісі ашылсын делініпті. Ал ол кезде Шоқан 9–10 жас шамасындағы бала. Бекініске дейін Құсмұрында ешқандай елді мекен болмаған. Бір дәлелі осы. Екіншіден, 1834 жылы Шыңғыс аға сұлтан болып сайланады. Сайлау өткеннен кейін Шыңғыс сұлтан өзіне қоныс іздейді. Содан қасына жер білетін азаматтарды ертіп алып, жер-жерді жағалай қарап жүріп, орман ортасындағы жайлы орынды көргенде «осы жерге қоныс тігемін» деген байлам айтады. Жаңа қоныс орнату жұмыстарының бәрін Айғаным ханшаның өзі басқарған екен. Ал Шыңғыс сұлтанды Баянауылға бұрыннан айттырып қойған Зейнеп ханымды алып келуге жібереді. Сұлтан үш ай жүріп, Зейнепті еліне ертіп келеді. Бұл кезде жаңа қоныста алты бөлмелі ағаш үй дайын тұрады. Шыңғыс жас келінді сол үйге түсіреді. Кейінірек сол маңға, үйінің арғы жағында қонақ үй, көмекшілерге тұрақ, ат қора секілді құрылыс салдырады… Ендігі жылы қарашада Шыңғыс сұлтан шаңырағында тұңғыш бала өмірге келеді. Сол мезетте үйіне Сегіз сері қонақтайды екен. «Тұнықтың басы тұңғышым туғанда қадірлі қонағым, атағы елге жайылған адам келді» деп, баласына Сегіз серінің шын есімін – Мұхаммед-Қанафия деген атын береді. Сегіз серінің өмірбаянын зерттеген Төлеш Сүлейменов оның Күнтимеске келуін, қалай қонақ болғанын, қандай өлеңдер айтқанын, Шоқанға аты берілгенін – бәрі-бәрін тарқата жазған. Мінекей, осылардан артық не дәлелдер керек?
— Экспедицияға қайта оралайық. Сырымбет, Омбы сапарынан ерекше әсермен оралғаныңызды айттыңыз. Енді солардың деңгейіне жету үшін біздің өңірде нақты қандай шаруалар атқарылуы керек? Қандай ұсыныстарыңыз бар?
— Иә, Көкшетауда да, Омбыда да Шоқанның үлкен ескерткішін көрдік, жақсы бағаладық. Талдықорғандағы Шоқан ауылында да биік дөңнің үстінде көлемі, шамамен, 4 метрдей болатын мүсіні бар. Енді Қостанайға да сондай ескерткіш сұранып тұр. Облыс орталығынан көрген көз сүйсінетіндей тамаша бір мүсінін орнататын кез келді. Сосын Қостанайдың қуыстау, елеусіздеу бір бұрышында Шоқан атындағы келте көше бар. Бұл да көңіл көншітерлік көрініс емес. Орталық көшелердің біріне есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сосын Омбыдағыдай, Көкшетаудағыдай мұражай ашу керек. Оның сыртында, Шоқанның туған ауылына көңіл бөлу, көтеру қажет. Әйтпесе, мерейтойында тыстан келетін қонақтарға қалай, несін көрсетеміз? Бұл тұрғыда біздің көптен әзірлеп жүрген ұсыныстарымыз, әдемі жобаларымыз бар. Басшылық қолдаса, оның бәрін жүзеге асыру соншалық қиын емес. Мерейтой қарсаңында осындай әрекеттер жасалуы керек. Өйткені қазіргі Күнтиместі Шоқанның туған ауылы деп айтуға ауыз бармайды. Ал Талдықорғандағы Шоқан ауылына барсаң, көзің тояды. Мұнда кезіндегі 80 шақты үй қазір 450-дей түтінге көбейген. Қалай көтерілген! Ал біздің сексен үйі болған Күнтиместе қазір екі-үш-ақ отбасы қалды, білем. Құртып жіберді. Барлық әлеуметтік ғимараттардың дал-дұлы шықты. Қоныстан тұрғын, өрістен мал кетті. Құдды бір қастандық жасалғандай, дымнан-дымы қалмады. Мұны басқаша қалай түсінуге болады? Миға сыймайды. Осыларға қарап отырып, Шоқанның есімі сырт жақта әлдеқайда ардақтырақ па деген ойға келеді екенсің.
— Таяуда Күнтимеске аспан астындағы музей салу ұсынысы айтылып еді. Ол жобаның тағдыры не болып жатыр?
— Мұны да көптен бері айтып келе жатырмыз. Міне, қолымызда нобайы да бар (көрсетті). Төргі жағында Шоқанның ескерткіші орналасады. Төңірегінде кезіндегі Шыңғыстың үйі, Айғаным ханшаның ақ үйі, Ықылас бидің тұрағы, Шоқанның алғашқы ұстазы болған Әбубәкірдің қонысы, бұрынғы мешіті, қарауылдар бекеті жайғасады. Мұның бәрі қоршауға алынуы шарт. Оның сыртында Шоқанның ескерткіші қойылуы керек жердің әшекейлі жобасы да әзір тұр. Таяу келешекте бұл жоспарымыз жүзеге асар деген үміттеміз.
— Үміттеріңіз ақталғай! Әңгімеңізге рахмет!
Жан Құрмашұлы, суретті түсірген — Нұржан Смайылов