Облыс орталығы аумағында шомылуға арналған төрт ресми орын бар. Сөйте тұра тұрғындар рұқсат етілмеген аумақтарда суға түсуді азайтар емес.
Тәртіп сақшылары дамылсыз рейд жүргізумен айналысып келеді. Мақсат – қауіпсіздікті қадағалау. Бұл жөнінде қалалық әкімдікте өткен жиында баяндалды.
Биылғы шомылу маусымында «Мишутка», «Мохито», «Ақшаңырақ» демалыс базасы және қалалық орталық жағажай жұмыс істеп тұр. Дегенмен құтқарушылар «Геолог», «Дорожник» саяжай қоғамдарында, кәріс көпірі, КЖБИ жағалауы сияқты сегіз аумақты қадағалауда ұстауға мәжбүр. Себебі аталған маңайларда тұрғындар суға түсуді әдетке айналдырған. Жалпы, шомылу кезінде адам өліміне жол бермеу үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы қалалық ТЖБ басшысы Аслан Махмутов мәлімет берді.
«Оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатымен стихиялық суға түсу орындарында «Шомылуға тыйым салынады!» деген жазуы бар 27 белгі орнатылған. Бұл аумақтарда күн сайын рейд шаралары жүргізіледі. Тексеріс барысында қала акваториясында мас күйінде суға түскен жүз адамға, жалпы суды пайдалану ережелерін бұзған 164 тұрғынға хаттама толтырылды», – дейді ол.
Тәулік сайын жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, биыл Қостанайда бір адам суға батып қаза тапты. Нақтырақ айтқанда, Амангелді тұрғын алабында маусым айында 14 жастағы ұл бала көз жұмды. Мұндай қасіретті оқиғалардың туындауына шомылу үшін жабдықталған жағажайлардың жекелеген аумақтарда әлі күнге дейін аз екені бірден-бір себеп екенін айтады басқарма бастығы.
«Мұнымен қоса, коммуналдық жағажайларда қоғамдық құтқарушылар саны да жеткіліксіз. Қалалық жағажайдағы медициналық көмек бекеті жабдықталмаған, оның үстіне медициналық маман да жоқ. КЖБИ және КСК аудандарындағы адам көп баратын «қарапайым» жағажайлар құрылғыланса, ресми орындар көбейсе, суда оқыс жағдайлардың болмауын қамдауға мүмкіндік арта түсер еді», – дейді А. Махмутов.
Сондықтан ол адамдардың тілсіз жау құрбанына айналуына жол бермеу үшін бірқатар ұсынысын жолдады.
«Атап айтсақ, Қонай кентінде және КСК ауданында шомылуға жасақталған қосымша арнаулы орындар құру мәселесін қарастыру керек. Суда кісі қазасына жол бермеу үшін Гагарин тоғанын қоршау қажет, не болмаса, шомылу маусымында жылжымалы полиция бекетін орнату шарт. Қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра отырып, судағы қайғылы жағдайларға жол бермеу мақсатымен, бейнематериалдар дайындау керек-ақ, әсіресе, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар үшін танымдық мультфильмдер әзірленсе құба-құп. Қалалық жағажайға ықтимал оқыс жағдайлар кезінде адамдарға алғашқы көмек көрсету үшін медицина мамандарын тарту мүмкіндігін қарастыру қажет», – деп тізбелей өтті ол.
Бұл ұсыныстарды Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев толықтай қолдайтынын айтып, әр пунктті мұқият қарауға уәде етті. Сондай-ақ ол Тобыл өзені жағасындағы тасқын салдарынан зардап шеккен судан құтқару станциясын қалпына келтіру қажет екенін жеткізді. Құтқарушылардың материалдық-техникалық базасын бекіте түсуге де мықтап ден қойылмақ.
Жан Құрмашұлы