Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Айшықты қаланың ажары ашылмақ

5 сентября 2024 8:47 • 325 просмотров

Рудныйда өңір журналистеріне арналып баспасөз туры ұйымдастырылды. Онда тілшілер қауымы қаладағы жол жөндеу жұмыстарымен және алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Құрылысы қызу жүріп жатқан бірнеше әлеуметтік нысанды аралады.

Биыл кеншілер кентінде 39 көшені жөндеу жоспарға алынған. Қазіргі таңда барлығында дерлік жұмыс аяқталды, тек Корчагин көшесі қалып отыр. Оған себеп, осы учаскеде жылу желілері жөнделу үстінде.

«39 көшенің төртеуінде асфальт бұған дейін де болған. Ал жеке сектордағы 35 көше ешқашан асфальтталмады. Мәселен, Комаров көшесінің тұрғындарынан үнемі шағым түсетін. Әсіресе көктем кезінде бұл аумақта аяқ алып жүру мүмкін болмайтын. Енді, міне, бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып отыр. Қостанайлық мердігерлер жөндеу жұмыстарын дер уақытында аяқтап берді. Тұрғындар дән разы», – дейді ТКШ, жолаушылар көлігі және автожол бөлімінің басшысы Юрий Итемгенов.

Ол биыл әсіресе магистралды көшелерді байланыстыруға көңіл бөлінгенін айтады. Ендігіде квартал аралық көшелердің асфальттарын қалыпқа келтіру көзделіп отыр. Сондай-ақ осы жылы мектептер мен балабақшаларға апаратын жолдар да жөнделді. Бұдан бөлек, журналистер Корчагин көшесіндегі бірінші жылу беру кешенінің жөндеу жұмыстарымен танысты.

«Жылу желілерін жаңғыртуға арналған екі жылдық жобаны қолға алдық. Рудныйда тозығы жеткен желілер үлесі 76 пайыз шамасында. Ал бұл қаланы жылумен қамтудың сапасына кері әсер етеді. Сондықтан былтырдан бастап магистралды желілерді қалпына келтіру жұмыстарына кірістік. Осылайша тозығы жеткен желілер үлесін 31 пайызға дейін төмендеттік. Президент тозығы жеткен желілер 45 пайыздан аспауы керек деген тапсырма берген еді, біз сол межеге жетуге күш жұмылдырамыз», – дейді «Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Олег Әбілқайыров.

«ГУМ» дүкені және басқа да сауда-саттық нысандары орналасқан ауданда тастөсемдер жаңартылған. Таяуда ғана магистралды құбырлар жаңартылған учаске бүгінде тақтайдай тегістеліпті.

Бұдан соң баспасөз туры Топорков көшесінде қалпына келтіріліп жатқан бес қабатты екі үйде жалғасын тапты. Кешегі қиранды ғимараттың бүгінгі келбеті адам танығысыз, құдды жаңадан тұрғызылғандай. Мұндағы пәтерлердің тұрғындар игілігіне берілер күні де алыс емес. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық мектеп те осы жылдың желтоқсанында пайдалануға берілмек.

«Бірінші қабат 95 пайыз дайын, тек спорт залы блогын аяқтау ғана қалды. Қазір еденді бетондау, сыртқы желілерді енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Күн суытқанша үш қабатты толық көтеріп, төбесі мен есік-терезелерін жауып, ішкі жұмыстарға кірісеміз», – деп отыр жоба жетекшісі Арман Болатов.

Бұдан бөлек, қалада 1200 орындық тағы бір мектептің құрылысы қызу жүріп жатыр. Мұны ERG компаниясы қаржыландырып, шамамен 6,5 млрд теңге бөлген. Мердігері – «Рудныйсоколовқұрылыс» АҚ. Мектептің жалпы аумағы – 19,5 шаршы метр. Құрылысы былтыр басталған оқу ошағы, бекітілген кестеге сай, 2025 жылдың желтоқсан айында ел игілігіне берілмек.

Қала орталығы мен №19 шағын аудан арасында екі бірдей Дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Әзірге «Чемпион» және «Старт» деп ныспыланған нысан құрылысына қазақстандық өнімдер пайдаланылуда. Кешен аумағында заманауи стадион да пайда болмақ.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, сурет Ернұр ӘУЕЗХАН