Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Шынығуға да, тынығуға да мүмкіндік бар

5 сентября 2024 8:44 • 291 просмотров

Рудныйдағы «Жанұя» отбасыларға қолдау көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы аумағында жаңа спорт алаңы ашылды. Бұл нысан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында пайдалануға беріліп отыр.

Ауладағы спорт алаңы қала басшылығының бастамасымен және демеушілердің қолдауымен салынды. Мұнда бұлшық етті дамытуға және кардиобелсенділікті арттыруға арналған 11 жаттығу құралы бар. Бұған жергілікті бюджеттен 3,9 млн теңге бөлінген. Сатып алынған құрылғыларға орын тағайындап, оны абаттандырумен мекеме басшылығы жаз бойы айналысыпты. Оның игілігін орталықтың қызметін алушы рудныйлықтар көрмек.

«Жалпы, бұл мекеме тура бір жыл бұрын ашылды. Жұмысымыздың негізгі бағыты – ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға қолдау көрсету. Орталықта олар үшін барлық жағдай жасалған. Сан түрлі бағытта таңдау бар, қамқорлығымыздағы жандар көңілі қалаған іспен айналысады. Енді, міне, көптен күткен спорт алаңы да ашылып отыр», – дейді орталық директоры Наталья Кузнецова.

Қазір осы мекемеде әртүрлі өмірлік қиын хәлде қалған 23 адам тұрып жатыр. Олардың 15-і – балалар. Қамкөңілдерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Паналауға рұқсат етілген мерзімде олар уақытын бос өткізбейді. Спорт, білім, шығармашылық, сауықтыру сияқты сан саламен шұғылдануға мүмкіндіктері бар.

«Әрқайсысының осы орталыққа жүгінуіне себепкер болған мәселесіне жан-жақты үңіліп, шешу жолдарын қарастырамыз. Құжаттарын қалпына келтіреміз, қоғамдық өмірге бейімделулеріне көмектесеміз. Олар мұнда төрт мезгіл тегін тамақтанады. Жай-күй, хал-ахуалдарын жіті назарда ұстап отыратын қызметшілеріміз де бар», – деп толықтырды мекеме басшысы.

Ал зейнеткерлер күн сайын таңертең орталыққа жиналып, бос уақыттарын көңілді де белсенді өткізеді. Былтырдан бері мекеменің тұрақты «мейманына» айналған қарттардың бірі – Ғабдолла Ахметжанов. Ақсақал өз тұрғыластарымен бірге осында сейіл-серуен құрып, сергіп қайтатын жақсы дағды тапқан.

«Үлкен кісілерге де мына жаттығу құралдарының пайдасы бар екен. Жаңа ғана бірнешеуін «сынақтан өткізіп» көрдік. Қолымыздан келетіндей. Әрбір буынға, қан айналымына, қимыл-қозғалыс белсенділігіне пайдасы бар ғой. Бұған дейін де осында келетінбіз. Орталықта түрлі секция бар. Жүзуге, бильярд ойнауға болады, көркемөнер үйірмелері де жұмыс істеп тұр, не керектің бәрі осында. Тек үйде бос жатпа, ерінбей кел. Осының бәрі қарттар зерікпес үшін, егде жаста жеке өзімен қалмас үшін, ұжымдасып, әңгіме-дүкен құру үшін жасалған игі шаруа. Қала әкіміне және қалалық ардагерлер кеңесінің, орталықтың басшылығына разымыз», – дейді зейнеткер.

Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітовтің айтуынша, мұндай кең спектрлі қызметі бар орталықтың әзірге облыста баламасы жоқ. Осыдан соң қызмет алушылар әрі тынығып, әрі шынығып қайтатын мекеменің ықпалы бұрынғыдан да арта түсері сөзсіз.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, сурет Ернұр ӘУЕЗХАН