Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұзынкөлдегі үлгілі ауыл

5 сентября 2024 8:48 • 299 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов іссапармен Ұзынкөл ауданына барды. Сапар барысында ауыл-аймақтың абаттандыру жұмыстарын қарап, аудан тұрғындарымен кездесті.

Ұзынкөл ауданының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Солардың бірі ретінде Ұзынкөл және Федоров ауылдары арасындағы «Мамлютка-Қостанай» республикалық маңызы бар автожол учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары. Қазір мұнда белсенді түрде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл учаскеде бұрын мүлдем жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін атап өткен жөн.

Жалпы жол мәселесі бойынша 2024–2025 жылдарға жоспарланған жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалады. Мәселен, жол төсемінің 12,9 шақырымын қайта жабу аяқталды және 5,3 шақырым асфальтбетон жабыны төселді.

Сондай-ақ, Ұзынкөл ауылында инженерлік желілер салу жобасы сәтті іске асырылуда. Бұл жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартады. Бұған қоса, мәдениет және демалыс саябағының, сондай-ақ ауылдың ажарын аша түсетін аллеялар мен саябақтардың, ойын алаңдарының жобалары әзірленуде.

Сапар барысында өңір басшысы Федоров ауылына барды. Онда «Веста» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қазір шаруалар егін жинау науқанына білек сыбана кіріскен. Алайда жауын-шашын қолбайлау болып тұр. Бүгін ауыр техниканың алқапқа шығуы бір мұң. Шаруашылықтың басшысы Виталий Неред – осы ауылдың тумасы. Ол кезінде әкесі бастаған істі жалғастырып, кәсіпті дөңгелетіп отыр. Қарамағында елуге жуық адам жұмыс істейді. Бәрі де осы Федоров ауылының тұрғындары.

— «Веста» шаруа қожалығында жұмыс тоқтамайды. Қысы-жазы жұмыс істейміз. Өйткені, егіннен бөлек, біз мал шаруашылығымен де айналысамыз. Бүгіндері үш жүз бас таяу ірі қара, жүзге тарта жылқымыз бар. Жұмысшылардың бәрі көпбалалы деп айтуға болады. Тегіс ауылымыздың мектебінде білім алады. Жұмысшылардың отын-суы мен жем-шөбі тегін. Жалақылары жоғары. Сол себепті ешкімінің қалаға кеткісі жоқ. Мінн, ауылымызға өтетін репсубликалық жол салынып жатыр. Енді жағдайымыздың одан сайын арта түсетіні сөзсіз,-дейді «Веста» шаруа қожалығының иесі Виталий Неред.

Ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданы 7100 гектарды құрайды. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі гектарына 20 центнерге жетті.

Кәсіпкердің көмегімен Федоров ауылын абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Оның бастамасымен балалар алаңы, жаңа саябақ салынды.

Сондай-ақ, биыл бюджет есебінен төрт көше жөнделді.

Мемлекеттің, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының және ауыл тұрғындарының күш-жігері мен бірлескен жұмысы арқасында агроөнеркәсіптік кешенді табысты дамыту қамтамасыз етілген.

— Барлық мүдделі тараптар арасындағы тұрақты диалог тиімді шешімдер табуға және туындаған қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы органдар жауапкершіліктің жоғары дәрежесін көрсетеді, ал шаруа қожалықтары өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар әлеуметтік мәселелерді белсенді түрде шешуде. Мұндай тәжірибе үнемі жалғасуы керек, – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Федоров ауылының тұрғындары Дзебчук отбасының үйіне бас сұқты. Отағасы Владимир «Веста» шаруашылығында жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарының бүгінгі жай-күйімен танысып, әңгімелесті.

Бүгінгі таңда олардың үйі газ жылытумен және барлық қажетті коммуникациялармен жабдықталған жаңа үй. «Веста» шаруа қожалығының қолдауының арқасында олар осы баспанаға қол жеткізді.

Бұдан соң өңір басшысы Құмар Ақсақалов аудан орталығына барып, тұрғындармен кездесті. Аудан халқы көкейде жүрген мәселелерді көтеріп, оған облыс әкімінен жауап алды.

Бақыт ТҰРАШ