Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Батпаққаралықтар баспаналы болды

12 сентября 2024 9:10 • 283 просмотров

Аманкелді ауданында көктемгі су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған отбасылар қуанышқа кенелді. Аудан орталығында бой көтерген үлгілі типтегі заманауи үйлер өз иелерін тапты.

Кілт табыстау рәсіміне облыс басшылығы, «Қазақстан халқына» қоры, зиялы қауым өкілдері, ауданның беделді тұлғалары және жергілікті тұрғындар жиылды. Жиында сөз алғандар мұны аудан тарихындағы маңызды оқиғаға балап, амангелділіктерге құттықтауларын жолдады.

«Қостанай облысында су тасқыны кезінде барлығы 1283 үйге нұқсан келді. Олардың үштен бірі қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінде су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 153 жаңа үйдің құрылысы толығымен аяқталды. Жалпы, баспана салуға ұзын саны 25 құрылыс компаниясы тартылды. Аманкелді ауданында тоғыз компания жұмыс істеді. Алты елді мекенде 27 үйді салып бітті. Міне, аудан орталығында жаңадан бой көтерген 18 үй пайдалануға беріліп отыр. Ендігі қалғаны – Арқалық қаласында салынған 50 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй. Тұрғындардың жаңа пәтерлеріне қоныстанатын күні жақын. Сонымен үй жөндеу, салу, сатып алу шаралары біржола аяқталады. Жаңа шаңырақтың иесі атанып отырған баршаңызды шын жүректен құттықтаймын», – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы.

Аманкелділіктердің қуанышын бөлісе келген «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Донорлармен жұмыс және стратегиялық жоспарлау департаменті басшысы Шыңғыс Шарапиев тілек-лебізін жеткізіп, Қостанай облысының әкімдігі мен қор арасындағы меморандум аясында сапалы да сәулетті үйлердің аз уақытта бой көтергенін атап өтті.

«Қордың, құрылысшылардың, әкімдіктің және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында тұрғызылған мына мықты үйлерге қарап, қоныстанушылармен бірге қуанып жатырмыз. Бұл жаңа үйлер адамдарды бақытқа кенелтіп қана қоймай, шалғай ауылдардың шырайын арттырды. Бұл – Мемлекет басшысының көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын тез әрі сапалы орындауға мүмкіндік берген жергілікті атқарушы органдардың, халықтың және барлық мүдделі құрылымдардың ортақ, үйлесімді жұмысының нәтижесі», – деді ол.

Белгілі меценат, «Тілеп» қайырымдылық қорының төрағасы, мәртебелі «Алтын адам» марапатының иегері Сапар Ысқақ та дүйім жұртқа жүрекжарды лебізін арнап, жерлестерін бірлікке, жасампаздыққа шақырды.

«Әр қиындықтың бір қайыры бар» деген осы болар. Мемлекет басшысы ба болып, айналасы 3–4 айда жеделдікпен тамаша үйлер салып беріп, бәрімізді разы қылды. Қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Бұл сынақ бәріңізді ендігі уақытта аудан игілігі жолында тізе қоса қызмет ету мұратына біріктірсін. Осындай үйлерді өз күшімізбен салатындай күнге жетейік. Өз өңірімізден шыққан қаншама құрығы ұзын кәсіпкер жерлестеріміз бар. Олар да туған жердің дамуына үлес қосып, бір-бір өндіріс ошағын ашып берсе, қандай игілік болар еді. Ауданымыз дамып, өркендей берсін», – деді ол.

Бұдан соң Ринат Мұхаметқали мен Шыңғыс Шарапиев кілт табыстау рәсімін жүргізді. Жаңа қоныс иелеріне кілтпен қоса тұрмыстық техника («Әсел-пеш») сыйға тартылды. Қуаныштары қойнына сыймай, шаттықтан жүздері бал-бұл жанған тұрғындар кезектесе тілек-лебіздерін айтып, билік өкілдеріне алғыстарын жаудырды. Үр жаңа үйдің иесі атанған ағайын үкіметтің қолдау-демеу көрсеткеніне шексіз разы екендерін жеткізді. Солардың бірі – ауданға қарасты Айтбай ауылында тұрған зейнеткер Зәкен Бопанұлы. Ол осы сәттен бастап аудан орталығының тұрғыны атанып отыр.

«Үйіміз су ортасында қалғанда мені отбасыммен құтқарушылар тікұшақпен шатыр басынан құтқарып алды. Ондан кейін де қамқорлықтан тыс қалмадық. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне, аудан азаматтарына, құрылысшыларға – бәріне тағдырлас ағайын атынан мың алғыс айтамын! Аз мерзімде салынып шыққан баспанамызға көңіліміз толады, шексіз разымыз!» – дейді зейнеткер.

Салтанатты рәсім өнер думанына ұласып, жергілікті дарындар қоныс тойды әсем әнмен әрлеп, күймен көмкерді. Іс-шара меймандары үй-үйді аралап, кең дастарханнан дәм татып, шаңырақ иелерін құттықтап шықты.

Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген – Ернұр ӘУЕЗХАН