Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді. Мемлекет басшысы өңірдегі бірқатар өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралады. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты.
Мемлект басшысының Қостанай облысына жұмыс сапары «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын құю зауытымен танысудан басталды. Аталған кәсіпорын өңірдің индустриялық аймағында орналасқан.
Президент жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орнын аралап көрді. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Гуртовой зауытта жылына 45 мың тонна шойын құймасы өндірілетінін айтты. Құны 78,2 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылды.
Мемлекет басшысына жобаға Қазақстанның инженерлері мен технологтары атсалысып жатқаны баяндалды. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі тәжірибелі инжиниринг компанияларының сарапшылары мен еуропалық машина жасаушылар тартылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа шойын қорыту және қалыпқа құю, сондай-ақ бұйымды өңдеу секілді жұмыстардың толық процесі көрсетілді.
Зауыт барлық заманауи талапқа сай келеді. Автоматтандыру және энергиялық тиімділік деңгейі жоғары болғандықтан, қоршаған ортаға әсері аз. Қазіргі уақытта мұнда 30 робот бар. Олар анағұрлым күрделі әрі ауыр технологиялық операцияларды орындайды.
Бұдан соң зауытта еңбек ететін отандық жас инженерлермен әңгімелесті.
— Бүгінде біз жұмысшы мамандарды қолдап жатырмыз. Ол жөнінде Жолдауымда да айттым. Келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияладық. Еңбек – қашан да құнды. Бұл жерде кіл жастар жұмыс істейді екен. Біз ірі және шағын кәсіпорындарда қызмет ететін мамандарды, әсіресе жастарды міндетті түрде қолдаймыз. Елімізде еңбек өтілі 100, 200 жылды құрайтын, тіпті одан да асатын жұмысшылар әулеті бар. Сондықтан біз осындай отбасыларға, әулеттерге құрмет көрсетеміз. Сіздер секілді жастардың өмір жолы енді басталып жатыр. Еліміздің дамуына зор үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа өндірілген цилиндрлар блогына қолтаңба қалдырып, жоба қатысушыларына Қазақстанның машина жасау кластерін дамытуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірге инвестиция тарту жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, индустриялық сектордағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі, металлургия, машина жасау және логистика салаларындағы жаңа жобалар туралы баяндады.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жоспар іске асырылған кезде, жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есе өсіп, жыл сайынғы бюджет түсімі 75 миллиард теңгеге ұлғаяды. Сондай-ақ орташа жалақы мөлшері 1,5 есе артып, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барды.
Президентке құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталғаны туралы баяндалды. Жоспарға сәйкес, конвейерден алғашқы көлік сынақ режимінде келесі жылдың шілде айында шығарылады.
KIA Qazaqstan бас директоры Ким Дэ Ки зауыт 2025 жылдың қазан айында іске қосылатынын жеткізді. Автокәсіпорын бастапқы кезеңде Sorento моделін шығаруды жоспарлап отыр. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған Sportage моделі құрастырылады.
Президентке KIA зауыты жылына 70 мыңға жуық автокөлік шығара алатыны жөнінде мәлімет берілді
Кәсіпорында жаңадан 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мұнда өндірістің тиімділігін арттыруға әрі экологиялық тұрғыдан зиянсыз етуге бағытталған технологиялық шешімдер қолданылады. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорынның дәнекерлеу желісінде, автокөлікті бояу және құрастыру жұмыстарына 70 робот пайдаланылады. Жобаның құны 200 миллион долларды құрайды, оның 80 пайызға жуығы тікелей шетелдік инвестицияның үлесінде.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа зауыттың жанынан қосалқы бөлшектер өндірісінің кластерін құру жобасы таныстырылды. Бүгінде Локализация орталығының құрылысы басталған. KIA компаниясы автокөлік компоненттері мен қосалқы бөлшектерін өндіруші жаһандық компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. КСС Corporation компаниясы автокөлік компоненттері бөлімінің басқарушысы Пак Сэйон мен Seoyon Ehwa Global компаниясы жаһандық бизнесті басқару тобының жетекшісі Чанг Сэоквон Оңтүстік Кореяның өндірушілері Қазақстанда өз өндірісін ашуға әзір екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қостанай ауданының Майкөл ауылдық округіндегі «Надеждинка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту шаралары жөнінде мәлімет берді.
Құмар Ақсақаловтың баяндауынша, биыл диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен. Элиталық тұқымның үлесі мен минералды тыңайтқыштарды себу көлемін ұлғайту, сондай-ақ машина-трактор паркін жаңарту арқылы егін шаруашылығының өнімділігін арттыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына өңірде мал және құс шаруашылығы салаларын дамыту туралы баяндалды. Атап айтқанда, алдағы үш жылда 14 тауарлы сүт фермасына инвестиция тартылады. Мал шаруашылығына арналған 44 кешен және екі ірі құс фабрикасы салынады. Аталған жобалар есебінен облыстағы сүт және ет өндіру көлемі 1,4 есе, ал құс еті өндірісі 5 есе көбейеді. Бұдан бөлек, бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде үш жыл ішінде терең өңделетін өнімдердің үлесін 70 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған.
Мемлекет басшысы егінді уақтылы жинап алу, еңбек өнімділігін арттыру және аграрлық салаға жаңа технологиялар енгізу, ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатқа сай пайдалану маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет отандық фермерлерді қолдауды жалғастыратынын және табысты жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсететінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының Локализация орталығын аралап көрді.
Президентке дөңгелекті ауыл шаруашылығы техникалары мен жалпы машина жасау саласы үшін қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорынның жұмысы таныстырылды. Бүгінде мұнда 700 адам еңбек етеді. Зауыт жылына 250 мыңға жуық бөлшек өндіреді. Жыл басынан бері зауыттан 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарылған.
Президентке Локализация орталығы CLAAS тракторлары мен комбайндарының бірқатар қосалқы бөлшегін дайындауға тапсырыс алғаны жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек, жуырда аспалы және тіркемелі техникаларды өндіруде әлемде үздік саналатын AMAZONE компаниясымен келісімшартқа қол қойылады. Биыл зауытта дән себу және бүрку қондырғыларының өндірісі де іске қосылмақ.
Мемлекет басшысына орталық қазіргі уақытта KIA компаниясымен бірлесіп, 2025 жылы іске қосылатын жаңа зауыттың құрамдас бөліктеріне арналған жабдықтар өндіру жұмыстарын бастағаны туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның еңбек ұжымымен жүздесті. Зауыт жұмысшылары Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын зор ықыласпен тыңдағанын, әсіресе, жұмысшы мамандардың беделі арта түсетініне ерекше қуанғандарын жеткізді.
Мемлекет басшысы орталық жұмысшыларымен әңгімелесу барысында өндірістегі жергілікті үлесті арттыру, білікті мамандар даярлау және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қажет екеніне тоқталды.
— Елімізде тозығы жеткен техникалар өте көп. Кейбір мамандардың айтуынша, ол 80 пайызға дейін жеткен. Қазақстанда шығарылған техниканың есебінен барлық паркті жаңартатын уақыт келді. Қазір колледждерде жұмысшы мамандықтар бойынша білім алған жастардың өндіріске келгені қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде зауыт еңбеккерлері машина жасаушылардың атынан Президентке жұмысшы мамандарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
«Юбилейный» шағын ауданында орналасқан нысан жақында пайдалануға берілген. Мұнда жергілікті тұрғындар спорттың шағын футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі сияқты түрлерімен емін-еркін айналыса алады. Сондай-ақ орталықта жаттығу және хореография залдары жұмыс істейді. Ерекше қажеттілігі бар жандарға тиісті жағдай жасалған.
Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев Президентке облыс орталығында бұқаралық спортты дамыту шаралары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, қала тұрғындарына дене шынықтыру нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай қаласындағы балаларға арналған IQostanay smart орталығының қызметімен танысты. Қазіргі уақытта мұнда екі мыңға жуық оқушы қосымша білім алады. Өскелең ұрпақтың игілігі үшін 24 үйірме жұмыс істейді.
Оқушылар сарайында жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған киберспорт, инженерия, авиамодельдеу кабинеттері, жаңартылатын энергия көздері, химия және физика-техникалық зертханалары, сондай-ақ мәжіліс, оқу және хореография залдары бар.
Орталықтағы робот техникасы, инженерия және авиамодельдеу үйірмелеріне қатысатын балалар Президентке өз жобаларын таныстырып, виртуалды зертханада тәжірибе жасап көрсетті.
— Болашақта өз білім-біліктеріңізді іске асыруға мол мүмкіндік бар деп ойлаймын. Өйткені мұның бәрі қазіргі заманда, экономикада және басқа да салаларда сұранысқа ие. Біз уақыт талабына сай технологияны меңгерген ұлтқа айналуымыз қажет. Елімізге отандық технологияны дамытатын сіздер секілді азаматтар керек, – деді Мемлекет басшысы.
Оқушылар Қасым-Жомарт Тоқаевқа техникалық мамандықтарға арналған білім гранттарын көбейткені үшін рақмет айтты.
Бақыт ТҰРАШ