Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста Мемлекет басшысының Жолдауын орындау мәселелеріне басты назар аударылды.
Орындалған жұмыстар туралы баяндама жасап, облыс әкімінің орынбасарлары жоспарланған іс-шараларды іске асыру туралы толық есеп берді. Президент қойған негізгі міндеттердің бірі – инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
«Облысымыз инвестициялар үшін еліміздегі ең тартымды өңірлердің бірі болып табылады, – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов. – Мұнда 1200-ге жуық шетелдік кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы екі жылда біз өңірге шамамен 1 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарттық. Жалпы алғанда, алдағы жылдары 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланған».
Әкімнің айтуынша, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау үшін өңірде өндірістік инфрақұрылым белсенді дамып келеді, кәсіпорындар қажетті техникалық жағдайлармен қамтамасыз етіледі. Бұл жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр: өнеркәсіп өнімі көлемі бойынша Қостанай облысы өткен жыл қорытындысы бойынша Республикада 6-шы орын алады.
«Біздің жоспарымызда – алдағы үш жылда өнеркәсіп өнімі көлемі бойынша үштікке ену. Ол үшін біз өзіміз үшін маңызды салаларды: машина жасау, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді әрі қарай дамыта береміз», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ