Министр Марат Қарабаев іссапар аясында Қостанай облысына келді. Алдымен теміржол вокзалына аялдады.
1974 жылы бой көтерген нысанға соңғы рет 2015 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тәулігіне орташа есеппен 2170 жолаушыға 18 маршрут бойынша қызмет көрсетеді. Ведомства басшысы вокзал жұмысымен танысып, алдағы жоспарларын талқылады.
Ары қарай министр облыс тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында көтерілген негізгі мәселелер: өңірге қарасты автомобиль жолдарының жағдайы, ақылы жолдар принципі, авиация мен теміржол саласы және автобуск парктерінің жұмыс жүйесі.
Енді кезегімен толығырақ тоқталсақ. Жергілікті халықты «Көкшетау-Қостанай», «Арқалық-Астана», «Жітіқара-Мықтыкөл», «Чайковский-Мариновка» тасжолдарының жағдайы мазалайды. Министр бұл бағыттағы жолдардың жағдайын білетінін жеткізді. Және жоспарға сәйкес жұмыс жүргізілуде деп атап өтті. Қазіргі уақытта өңірде жалпы ұзындығы 307 шақырым автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы Қостанай облысы бойынша 114 шақырым жол тапсырылады. Ал келер 2025 жылы жоғарыда аталған бағыттар бойынша қосымша 517 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.
«Алматы-Қостанай» бағытындағы пойыз вагондарының ескіріп, сын көтермей тұрғаны жиында көтерілген тағы бір мәселе. Кезең кезеңімен жаңартулар жүріп жатыр. Аталған бағытта жыл соңына дейін 10 жаңа вагон қатарға қосылады деп күтілуде.
Әуе бағыты бойынша: Арқалық қаласының әуежайын жөндеу жұмысы жоспарға енгізілді. Министрлік өкілдері арнайы зерттеу жүргізіп, шығын қаражатын анықтайды. Әзірге қойылған меже 2025 жыл. Ақпарат үшін: қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы 4 бағыт бойынша (Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан) 31 ішкі, 2 бағыт бойынша (Шарм-Эль-Шейх, Анталья) 6 халықаралық рейс орындайды. Басқа бағыттарға жаңа рейстер ашу өңір тұрғындарының сұранысына сай реттеледі.
Кездесу мен жеке қабылдауда түскен барлық өтініштерді министр өз бақылауына алып, жауапты қызметкерлерге тиісті тапсырмалар берді.
Жоспарға сәйкес Марат Қарабаев облысқа қарасты республикалық жолдардың жөнделуіне жауапты мердігер ұйым басшыларымен кездесті. Атқарылып жатқан жұмыс есебін тыңдап, алдағы жоспарды бекітті. Мақсат айқын – облыс тұрғындарын сапалы жолмен қамтамасыз ету. Ел Президенті қойып отырған тапсырманы межелі уақытта орындау.
Бақыт ТҰРАШ