Рудный қаласында жылдағы дәстүрмен ERG Run Fest жүгіріс фестивалі өтті. Жеңіл атлетика жүгірісіне әртүрлі қашықтық бойынша мыңнан астам адам қатысты. Олардың көбі – әуесқой спортшылар.
Кеншілер кентіндегі «Горняк» жастар спорт клубының стадионында таң-азаннан спорт мерекесінің көрігі қызды. Ақсу қаласынан эстафета ретінде ұсынылған фестивальге Рудный, Қашар кенттерінің тұрғындарынан бөлек, елдің басқа қалаларынан келген қонақтардың қарасы қалың. Жасынан жасамысына дейін жүгіріске қатысуға ниет білдіріп, арнаулы жейделер киініп, жас ерекшеліктеріне сай өздері сынға түсетін қашықтықты таңдасып жатты. Қатысушыларға жылдағыдай 3, 5, 10, 21 шақырымдық жарыстарда күштерін сынап көруге мүмкіндік ұсынылған. Сондай-ақ балдырғандар үшін де қысқа қашықтық белгіленді. Негізгі бағдарлама басталмас бұрын алаңда құрылған сахна алдында әуенді жаттығу, сергіту ойындары өтті. Қатысушылар назарына концерттік бағдарламалар ұсынылып, тегін шай мен түрлі сусын таратылып жатты.
«Бұл фестивалдің жылдан-жылға танымалдығы арта түсіп, қатысушылар саны да көбейіп келеді. Жарқын спорт мерекесі аясында саламатты өмір салты насихат етіліп қана қоймай, қаншама қатысушының жұлдызы жанып, топ ішінен жеңімпаз атанып жатады. Бүгін де ERG Run Fest тарихы жаңа есімдермен толыға түсері сөзсіз. Бәріңізге жеңіске деген жігер және сәттілік тілеймін! Сөреде кездескенше!» – деді іс-шараның ашылу рәсімінде Еуразиялық топтың бас директорының Технология және операциялық қызмет жөніндегі орынбасары Иохен Бербнер.
Көңілді фестивальде жоғары нәтиже көрсетуден үмітті жандар арасында тұрақты қатысушылар да, алғаш рет жарыс жолына түскелі келген желаяқтар да бар. Мәселен, Жанар Есентемірова кішкентай қызы Аяжан екеуі ертемен қатысушылар тізіміне тіркеліпті.
«Спорт марафонына қатысып отырғаныма ерекше қуаныштымын. Мұндағы атмосфера өте ұнап отыр. Өзім жүгіріске өмірімде екінші рет қатысып отырмын. Бұған дейін Қостанайда жарысқа түскен едім. Кәсіпқойларға ғана емес, әуесқой адамдарға да өзінің жеке ректордын орнатуға, жүлделі тұғырдан көрінуге талпынуына мүмкіндік берілгені қандай жақсы. Халықтың спортқа жақын болуы үшін, оны жас ұрпаққа насихаттау үшін мұндай іс-шараның жиірек ұйымдастырылғанын қалаймын», – дейді қала тұрғыны.
Сонымен, көп ұзамай әр қашықтықтың қатысушылары кезек-кезегімен жарыс жолына түсе бастады. Алғашқы болып 21 шақырымдық жартылай марафонның желаяқтары мәре алды. Олар жүгірісті стадионнан бастап, қала ішінде арнайы белгіленген жолдарды басып өтті. Нәтижесінде сөреге астаналық қонақ Асқар Жаңабергенов бірінші болып жетті. Уақыты – 1:18:07. Әйелдер арасында «Қашар Руда» АҚ қызметкері Наталья Черненко алдына жан салмай, 1:38:45 нәтижесімен керме жіпті үзіп өтті.
Ал 200-ден астам адам қатысқан он шақырымдық жарыста 37 минут 57 секунд көрсеткішімен Дәуір Досполов жеңіске жетті. Наталья Нерознак әйелдер ішінде көш бастады. Бес шақырымдық қашықтықты 18 минут 12 секундта Сергей Самарчук бірінші болып бағындырды. Дарья Нам – қыздар арасында даусыз жеңімпаз. Үш шақырымдық жүгірісте ерлер арасында Расул Хасен, әйелдер тобында Эвелина Карашева қара үзіп келді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, диплом, ақшалай жүлде және басқа да сый-сияпат тарту етілді.
Балалар арасындағы жарыс та тартысты өтті. Барлық дистанцияда ұзын саны 400 балдырған күш сынасты. 5–8 жас аралығындағы жеткіншектер 400 метрге, 9–13 жас шамасындағы балғындар бір шақырымға жүгірді. Үздіктерін сөре басында тиесілі медальдары мен бағалы сыйлықтар күтіп тұрды. Басқа да жас желаяқтар жарыстан соң көптеген интерактив және аквагрим алаңында уақыттарын көңілді өткізді.
Әрине, 1200 адам қатысқан ауқымды жарыста топ жарып шығу оңай шаруа емес. Дей тұрғанмен үздіктер тобына іліге алмаған үміткерлердің көңіл-күйі жүлдегердікінен кем түспейді. «Бастысы, жеңіс емес, қатысу» дейтін қағиданы ұстанғандардың бірі – «ССКӨБ» АҚ қоймашысы Елена Омарова. Жүгіріске алғаш рет қатысып отыр. Ол, ең бастысы, өз-өзін «жеңгенін» айтады.
«Алған әсерімді сөзбен жеткізу оңай емес. Балам да биыл бағын сынап көрді. Ол да марқайып, қуанып жүр. Енді бұл, әуелі, бойдағы қандай да бір кедергіні жеңіп, алға ұмтылуға серпін берген жарыс болды. Ерекше күш-қуат ала түскендеймін. Осыдан кейін марафонның тұрақты қатысушысына айналамын деп жоспарлап отырмын. Келесі жылы нәтижем жақсара түсетініне бек сенімдімін», – дейді Елена.
Айта кетейік, ERG RUN FEST жүгіріс фестивалінің келесі мерекесі бір аптадан соң Хромтауда жалғасын табады.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген – Ернұр ӘУЕЗХАН