Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Спорт нысандары ашылды

26 сентября 2024 8:42 • 305 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қарабалық ауданына жұмыс сапары аясында өңірдегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған негізгі әлеуметтік жобаларды іске асыру барысымен танысты. Солардың бастысы ретінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені және қалпына келтірілген «Орталық» стадионың атап өтуге болады.

Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударады. Осы маңызды міндетті шешу үшін облыста қажетті шаралар қабылданып жатыр, бірінші кезекте спорттық инфрақұрылым жақсара түспек.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені – бұл жаңа спорттық жабдықтармен қаматамсыз етілген және жаттығу залдары бар заманауи ғимарат. Оның құрылысына 1,3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды, ғимараттың жалпы ауданы – 3,4 мың шаршы метр. Бұл жер – спорт пен белсенді өмір салтын ұстанушылардың жиналатын орнына айналады.

Спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, асық ату, шахмат бағыттары бойынша үйірмелер ашылады.

Мемлекеттің осындай қолдауының арқасында бүгінде Қарабалық ауданында бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың қарасы көбейген. Жаңа спорт кешенінің ашылуына қатысқан өңір басшысы, спортшылармен, жаттықтырушылармен кездесті.

— Облыста 12 денешынықтыру-спорт кешендері бой көтеріп жатыр. Биыл соның бесеуі пайдалануға берілді. Бұл облыс тұрғындарының, әсіресе, жастардың спорт түлерімен шұғылдануына үлкен сеп. Болашақта Қостанай өңірінен де халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын мықты спортшылар шығатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Облыс басшысы Қ. Ақсақалов жолай «Орталық» стадионына соғып, жөндеу жұмыстарының сапасымен танысты. Стадион бір мезгілде бірқатар спорт түрлерінен жарыс өткізуге қауқарлы.

Қ. Ақсақалов осы жерде қарабалықтық жас футболшыларға «Тобыл» футбол командасының Түркияның Анталия қаласында өткен Суперкубок матчында Шымкенттің «Ордабасы» командасымен ойнаған ала допты тарту етті. Ол балғын футболшыларға сәттілік тілеп, болашақта үлкен кәсіби командалардың сапында өнер көрсетіндіктеріне сенім білдірді.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үстел ойындары және егде жастағы адамдар үшін сауықтыру сабақтары қолжетімді болмақ. Кешеннің ашылуы денсаулық пен физикалық белсенділікті сақтау үшін халыққа жағдай жасауға ұмтылысты көрсетеді.

Аяқталған нысандардың бірі – Қарабалық ауданындағы «Орталық» спорт стадионы. Оның құрылысына 876 млн теңге жұмсалды. Стадионды қалпына келтіру Қарабалық тұрғындарына спортпен шұғылдану үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Он жылдар бұрын салынған стадион енді әр түрлі масштабтағы спорттық іс-шараларды өткізуге дайын. Ол жүгіру жолдарымен жабдықталған және онда футбол алаңы, спорттық ойын алаңдары бар. Стадион – аудандық және облыстық жарыстарды өткізу, сондай-ақ жергілікті спортшыларға жаттығу базасы болу үшін салынған.

Сапар барысында әкім Қарабалық ауданының тұрғындарымен де кездесті. Онда Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы жөнінде есеп берді. Кездесу барысында өңірдің өзекті мәселелері мен даму перспективалары талқыланды. Құмар Ақсақалов мемлекеттік органдар мен халықтың бірлескен күш-жігері ауылдық аумақтарды табысты дамытудың негізгі факторы болып табылатынын атап өтті. Ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, ауыл әкімдері сөз алып, өңірдегі халықтың әл-ауқатын жақсартуда атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндап берді.

Жиынды облыс әкімі қорытындылап, мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасы өңірлерде мейлінше орындалып жатқанын тоқталды.

— Былтырдан бері облыс аумағында ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Соның арқасында жүздеген жұмыс орындары ашылды. Алдағы уақытта да мұндай ауқымды жұмыстар жалғасын табады. Соның арқасында экономика дамиды, әлеуметтік салаға өң кіреді. Бұл астықты өңір тұрғындарының лайықты өмір сүруіне жасалған қамқорлық екендігі даусыз, – деді Қ. Ақсақалов.

Сапар соңында Қостанай облысының әкімі облыстық спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, жарыстың басталуына бастама берді.

Кешкісін облыс әкімі XXXVll-ші облыстық жазғы спартакиаданың ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Айта кетейік, жазғы халық ойындарына облыстың барлық аудан, қаласынан 2000-нан астам спортшы қатысып жатыр. Үш күн бойы атлеттер спорттың он тоғыз түрі бойынша сынға түспек. Оның ішінде биылғы спартакиада алғаш рет көкпар, асық ату, велоспорт жарыстарын қамтып отыр.

Қостанай облысының басты спорт додасында 388 ұпаймен Қостанай қаласының командасы 1-орын иеленді. Облыс орталығы осымен он екінші рет жеңіс тұғырынан көрініп отыр. Ал 2-орын 384 ұпай жинаған Қостанай ауданы споршыларына бұйырды. Бұлар аудандар арасында жеңіске жетті. 3-орынды Рудный командасы қанжығаға байлады.

Айта кетейік, биылғы облыстық спартакиаданың басты жаңалықтарының бірі – жаңа спорт түрлерімен толыға түсуі.

Бағдарламаға алғаш рет велоспорт, көкпар, аударыспақ және асық ату енгізіліп, бұл спорт түрлерінен мына командалар жүлдегер атанды:

Велоспорт:
1-орын – Қостанай қаласы
2-орын – Қостанай ауданы
3-орын – Б. Майлин ауданы

Асық ату:
1-орын – Рудный қаласы
2-орын – Федоров ауданы
3-орын – Қостанай ауданы

Аударыспақ:
1-орын – Қостанай ауданы
2-орын – Жангелдин ауданы
3-орын – Амангелді ауданы

Көкпар:
1-орын – Қостанай ауданы
2-орын – Денисов ауданы
3-орын – Арқалық қаласы.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ