Қостанай ауданының Айсары, Садовый, Алтын дала ауылдарында Фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Жаңа нысандардың құрылыс барысы өңір журналистеріне таныстырылды.
Қазір аудан көлемінде сегіз нысан бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, Мәскеу ауылында дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ Айсары, Алтын дала, Садовый, Александров, Алтынсарин, Надежин және Майкөл ауылдарында ФАП құрылысы жүруде. Мәселен, Айсары ауылындағы ФАП іргетасы биыл мамыр айында құйылған. Қазір жоспар 70 пайызға орындалып тұр. Сыртқы жұмыстары толық аяқталған. Енді бөлмелер кафельмен қапталып жатыр.
«Абаттандыру жұмыстары да 80% аяқталды. Ауланы қоршау, төсемтас салу, электр және байланыс желілерін кіргізу шаруалары қалып отыр. Қазір ішкі қабырғасы мен төбесін қаптауға кірісіп жатырмыз. Жалпы, келісім-шарт бойынша, нысан келесі жылы тапсырылуға тиіс. Бірақ біз мұны жыл соңына дейін пайдалануға береміз», – дейді мердігер ұйым – «Экспо-Транс» ЖШС өкілі Аянбек Халиканов.
Ғимарат құрылысына 219 млн теңге, құрылғылар сатып алуға 93 млн теңге бөлінген. Бұған дейінгі ФАП-тардың ешбірінде болмаған заманауи жабдықтар толығымен сатып алыныпты.
«Айсарыдағы ФАП құрылыс қарқыны жөнінен басқа нысандардың алдында келеді. Мұнда бір дәрігер, бір фельдшер, үш медбике және техникалық қызметкерлер жұмыс істемек. Бұл көршілес Половников және Қостомар ауылы тұрғындарына, жалпы есеппен алғанда, 2 мың шақты адамға қызмет көрсетеді», – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әлімжан Мейірманов.
Садовый ауылындағы ФАП та дәл осындай үлгіде салынып жатыр. Жобаға құйылған қаржы сомасы да бірдей. Мұның құрылысы да мамыр айында басталған. Жылу, электр, байланыс желілері толығымен тартылыпты. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілу үстінде. Мердігер ұйым – «Карген сервис» ЖШС өкілдері қазан айының соңында құрылысты толық аяқтауға уәде беріп отыр.
Ал Алтын дала ауылындағы ФАП құрылысы мерзімінен кешірек басталған. Қазығы шілде айында қағылғанымен, бұл нысанның да сыртқы жұмыстары аяқталыпты. Қазір ішкі шаруалары қызу жүріп жатыр. Иженерлік коммуникация тарту жұмысы да бірер күнде бітеді.
«Ішке жылу, электр желілері енгізілді. Ауылымызда газ бар екенін білесіздер, бірақ, жоба құжаты бойынша, нысан электрмен жылытылады. Бұған дейінгі ФАП балабақша ғимаратының айналдырған екі бөлмесінде болатын. Мұнда 1200 астам халық тұрады. Сондықтан жаңа ФАП қажет болып еді. Осы мәселе шешімін тапқалы отыр. Тұрғындар Жамбыл ауылына, аудан орталығына бұрынғыдай сабылмайтын болды», – дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Жанай Алтынсарин.
Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту жобасы аясында өңірде 20 жаңа нысан салынып жатыр. Құрылысы былтыр басталған екі амбулаторияны қоса есептегенде, Қостанай ауданында он медициналық нысан пайдалануға берілгелі отыр.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, сурет Рабиға Атуллинадан