Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Шаруаларды қолдау жалғасады

3 октября 2024 9:08 • 316 просмотров

2025 жылдың көктемгі егіс жұмыстарына фермерлерді қаржыландыру биыл басталады. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің Қостанай облысына жасаған іссапарында айтылды.

Меңдіқара ауданының егіс алқабында вице-премьер Серік Жұманғарин Қостанай облысының фермерлерімен кездесті. Олардың көпшілігі – Премьер-Министр Олжас Бектеновтің биылғы 23 қыркүйекте агро сала өкілдерімен кеңейтілген форматта өткен кездесуіне қатысқандар.

Вице-премьер жұмыс басында өңірдің диқандарымен мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.

«Үкімет басшылығымен өткізілген кеңес – бұл Мемлекет басшысының еліміздің ауыл шаруашылығын қолдау және дамыту жөніндегі тапсырмаларына жылдам жауап. Біз фермерлерді қолдау көлемін біртіндеп арттырып жатырмыз. Атап айтқанда, көктемгі-күзгі дала жұмыстарына жеңілдігі бар қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтамыз, оның шамамен 40%-ы «Даму» қоры арқылы кепілдендіріледі. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке кредиттеу көлемі 100 млрд теңгеден 200 млрд теңгеге дейін өседі. Нәтижесінде жыл сайынғы жұмыстарды қамтамасыз ету үшін фермерлерді қолдау сомасы 900 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Биыл біз 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды бастаймыз», – деді Серік Жұманғарин фермерлерге.

Вице-премьер өңірлерде фермерлер жаңа жылдың басында көптеген қажетті тауарлардың бағасы өсетінін, сондықтан «КенДала» бағдарламасы бойынша көктемгі жұмыстарға қол жетімді қаражатты күзде алған жөн екенін айтқанын жеткізді.

«Биылғы қараша-желтоқсан айларында біз бұл процесті бастаймыз. Үлкен жоба бойынша жеңілдігі бар қаржыландыру көлемін келесі жылға жылдық 2,5% мөлшерлемемен 100 млрд теңгеден 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтып, несиелеу үшін тағы 8 жаңа бағыт қосамыз. Бұл – етті мал шаруашылығы, өнеркәсіптік жылыжай кешендері, жеміс сақтау қоймалары, балық өсіретін балық өңдеу шаруашылықтары, орау өндірісі, терең өңдеу және басқалары», – деп нақтылады Серік Жұманғарин.

Екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы институттарының жеңілдігі бар қаржыландыруын, сондай-ақ айналым және инвестициялық қаражат түріндегі қолдауларды қосқанда, мемлекеттік қолдау көлемі 1,3–1,4 трлн теңгеге дейін жеткізілетін болады.

«Бұл өте үлкен қаражат. Фермерлерге көмектесу арқылы біз қарсы міндеттемелер қоямыз. Оны қазір пысықтап жатырмыз, жалпы айтқанда, бұл агрономияны сақтау, тыңайтқыштар енгізу, өнімді тұқымдарды пайдалану, техниканы жаңарту. Жер еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Биылғы жылы біз 20 млн тоннаға жуық жақсы өнім алатынымызға ешкімнің күмәні жоқ, бірақ болашақта осы талаптардың орындалуының арқасында мұндай көлем әдеттегі күтілетін көрсеткішке айналуы тиіс», – деп атап өтті вице-премьер.

Фермерлер алдағы өзгерістерді, әсіресе көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру туралы жаңалықты қуана қабылдады. Олар сондай-ақ аймақта жеткілікті үлкен көлемде күтіліп отырған 4-сыныпты бидайды форвардтық сатып алу бағасы қанша болатынына қызығушылық танытты. Премьер-Министрдің орынбасары фермерлердің бағаға қатысты сауалдарын тыңдап, Азық-түлік корпорациясына оның мөлшерін мүмкіндігінше тезірек жариялауды тапсырды. Кездесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин барлық фермерді қазанның екінші жартысында Алматыда өтетін Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумына қатысуға шақырды.

Премьер-Министрдің орынбасары сондай-ақ Харьковское ауылының тұрғындарымен кездесті, Заречное кентінің жанындағы «Тэрра» шаруа қожалығының егіс алқабында көкөніс жинау барысымен және өнімді сақтау орындарының мүмкіндігімен танысты.

Серік Жұманғарин қызметімен танысқан тағы бір нысан қостанайлық жылқы тұқымын өсірумен айналысатын «Қазақ тұлпары» ЖШС болды. Қазақы жылқы тұқымын сақтап, насихаттаудың маңызын назарға ала отырып, вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қазақстанда құрылып жатқан Жылқы шаруашылығы институтының базасында жеке қаражат есебінен жылқы зауытын жаңғырту бағдарламасын дайындауды тапсырды.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды