Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Рудный қаласының әлеуеті зор

17 октября 2024 13:30 • 313 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Рудный қаласына жұмыс сапарымен барып, есеп беру кездесуін өткізді. Ол өңірдің дамуы туралы баяндап, тұрғындармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы облыс басшының баспасөз қызметі хабарлады.

Рудный тұрғындарымен кездесуде қаланың болашағына байланысты маңызды нәтижелер мен жаңа жобалар талқыланды. Рудный қаласының әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына өнеркәсіп саласы ерекше үлес қосатыны белгілі. Кеншілер қаласындағы кен өндірісінің ілгері жылжуы бүкіл аймаққа әсер ететіні сөзсіз. Кездесуде айтылғандай, 2024 жылдың 8 айында өнеркәсіптік өндіріс 10,5% өсіп, 468 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда он жарым пайызға көп.

Тау-кен өнеркәсібі ерекше өсім көрсетті. Атап айтқанда: темір рудасын өндіру 22%, ал шекемтас өндірісі 29,4% өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 44 млрд теңгеге жеткен. Қалада құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Осы саладағы жұмыстың көлемі он төрт миллирдтан асып жығылады.

«Бөлшек тауар айналымының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 млрд теңгеге ұлғайып, 52,7 млрд теңгеге жетті. Ал көтерме сауда айланымының көлемі 44,3 млрд теңге болды. Қалада 7906 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 7261-і белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал өнеркәсіптік өндіріс құрылымында «ССКӨБ» және «Қашар кені» АҚ үлес салмағы 76 пайыздан асады. Осыған байланысты қаланы дамыту бағдарламасының бірінші басым бағыты экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты болып белгіленді. Өңдеу саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, өнеркәсіптің жаңа салаларын дамыту мәселелеріне баса назар аударылады», – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Алда маңызды жобалардың бірі – ыстық брикет темір зауытының құрылысы. Бұл жоба 100 млрд теңгеге жылына 1,5 млн тоннадан астам өнім өндіруге мүмкіндік береді және 500 жаңа жұмыс орнын ашады.

Бұдан басқа, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған тағы 19 жаңа жоба ұсынылып отыр.

Сондай-ақ тұрғындардың инфрақұрылымды, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту туралы сұрақтарына жауап берілді. Тұрғындарды алаңдатқан сұрақтардың бірі – ойын-сауық орталығының құрылысы. Бұған қала әкімі Виктор Ионенко жауап берді.

— СОО бойынша инвестор 14,5 мың шаршы метрге мәлімделді, бірақ, өкінішке қарай, олардың алдыңғы екі жобасы шығындарға ұшырады және СОО жобасын екі кезекке – 8 және 10 мың шаршы метрге қайта өзгертуге тура келді. Жоба қайта қаралуда, біз инвесторлармен кездестік және келесі жылдың басында олар құрылыстың басталуына кепілдік берді. Жеке меншіктегі жер учаскесі, біз өз тарапымыздан барлық инженерлік коммуникацияларды іске қостық, – деді шаһар басшысы Виктор Ионенко.

Сондай-ақ, қалада 16 спорт алаңы салынып жатыр. Бұған қоса «Tugan Qala» жобасы аясында Рудныйдағы 10 және Қашарда екі нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бірақ халықтың бюджетке қатысуы аясында мердігермен проблемалар туындады, сол себепті ол өз нысандарын сала алмады. Мәселені қазір сотта шешіліп жатыр.

Кездесу барысында залдан Тобылдың арғы бетінен «Рудный қаласын айналып өту» автожолының құрылысы туралы мәселе келіп түсті. Бұл жоспарлар жүзеге асырыла ма? Қала тұрғынының айтуынша, ұзақ уақыт болды, өйткені көптеген транзиттік ауыр жүктерді қаладағы Топорков көшесін әбден тоздырған.

— Бұл жол Үкіметтің қаулысына енгізілді, жоба мен жұмыстардың құны 26 млрд теңге. Құрылыс мерзімі – 2025-2026 жылдар, 2027 жылы аяқталады. Желтоқсан айында конкурстық рәсімдерді өткізу, мердігерді анықтау күтілуде, егер ешқандай кедергі болмаса, алдағы көктемде жұмыстың басталуы болады, – деп жауап берді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды