Қостанай өңірінде педагогикалық білім беру бастауында тұрғандардың бірі Би ағаң еді.
Қандай мемлекет болмасын оны тәуелсіз ететін – оның халқы, халқының саны, білімділігінің сапасы, деннің саулығы, жанның тазалығы, ақыл ойы, еңбеғі, зердесі, рухы – осының барлығына көпшілік жағдайда әлді әсерін тегізетін білім мен оқу екені сөзсіз.
Осы жағдайларды тереңінен, түсінген, атақты ағартушы, ұлтымыздың ұлы ұстазы Ы. Алтынсарин қазақтардың білім саласында өзге ұлт өкілдерінен кем болмай, іргелі ірі елмен қатар тұра алатын жағдайға жету үшін кезінде бодан болған, келешекте осы бодан бұғауынан босау жолы – халықты ағарту, білімге баршасын жұмылдыру, ұлтымыздың басқа ұлтқа кірігіп кетпеуінің бір де бір тиімді әдісі – қазақ тілінде өскелен ұрпаққа білім беріп, ғылым жолына жетелеу қажет екенін әркез есте ұстаған ұлт ұстазы атақонысы Қостанайда мектеп ашып, оны үлгілі оқу орнына айналдырады. Бұл мектептің ашылғанына да 140 жыл толғалы отыр. Ы. Алтынсариннің ағартушылық саласындағы үлкен еңбегінің нәтижесінде әлеуметтік ортада, ұлттық санаға оқу, білім алу кұндылақтары терең бойлап, жалпы ағартушылық ісіне деген оң пікір сол кездің өзінде қоғамда қалыптасқан еді. Көптеген ауыл жастары сол мектепке барып, интернатыңда жатып, біраздары қалада пәтер жалдап, үйлерінен қатынап оқып жүрді. Ал осы оқу орнын ойдағыдай аяқтаған жастардың басын көпшілігі ағарту саласына мұғалімдік жұмысқа бет алулары занды құбылыс болатын.
Сол Ы: Алтынсарин мектебінің талантты түлектерінің бірі Бейімбет Майлин де мұрағатта табылған құжаттар көрсетіп отырғандай мұғалімдік жолда 20 жылдан астам еңбек еткен. Жиырмасынша ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ өкілдерінің ішінен педагогика саласына мамандарды даярлау сол кездегі кезек күттірмейтін мәселе болатын. Мұрағат мұраларынан табылған құжаттардың бірінде «Кәсіби білім беру Басқармасының руқсаты бойынша 1923 жылы 1 шілде айында Қостанай қаласында педагогикалық техникум ашылды. Оқу 1923жылы 1 қыркүйекте басталды. Алғашқы педогогикалық техникумның меңгреушісі болып Аспандиаров Біләл тағайындалды. Ол Орынбор мұғалім мектебін бітірген, 14 жыл ағарту саласында еңбек еткен. Педтехникумның алғашқы тындаушылардың сана 83 оқушы. Олардың ішінде 42 ұл, 41 қыз, ал қазақ оқушыларының саны 24 болса, орыс ұлтының өкілдері – 56, басқа ұлт өкілдері – 3, шаруа отбасынан – 56, жұмысшылардан – 21, қызметкер отбасынан – 6.Жастарына қарай жіктесек 16-дан 18-ге дейінгілер – 65 оқушы, 18-ден 20-ға дейінгілер – 11 оқушы, қалған жеті оқушы 20 жастан асқандар», – деп көрсетілген.
Келесі құжатта «1923 жылдың 1 маусысынан 1924 жылдың 1 қыркүйек аралығындағы Қостанай губерниясының халыққа білім беру бөлімінің берген есебінің (есеп 30 беттен тұрады) 23-ші бетінде «Педагогикалық білім» бөлімінде былай делінген: «Қостанай педтехникумымең ашылуы өмір талабынан туындап отыр. Ағарту саласында мамандарды даярлау, әсіресе, қазақ мектептерінде қазақ тілінде сабақ жүргізу кезек күттірмейтін іс еді. Педтехникумның кұрамында 1923/24 ж. аяғында оқушылар саны 76 адам, олардын 28-і қазақ, әлеуметтік құрылымы бойынша казақ шаруаларынан – 20, орыс шаруарарынан – 37, қазақ жұмысшыларынан – 8, орыс жзұмысшыларынан – 11. Қаржының тапшылығынан техникум ауыр күйде болды. Алғашқысында өзінің баспанасы болмағандықтан сабақтар II-ші сатыдағы мектепте кешкі кезекте өткізіліп жүрді. Осы қиындықтарға қарамастан оқу үзілмей, сабақтар кестелері бұзылмай, оқу бағдарламасы толығымен игеріліп отырды. Келесі оқу жылы педтехникумның окушылары 120 адам, соның ішінде 60 адам қазақ оқушылары болуы көзделіп отыр» делінген.
Педтехникумның алғашқы орналасқан жері М. Дулатов қөшесі (бұрынғы Октябрь көшесіндегі 41 үй). Мұрағат құжаттарының ішінен ізденіс үстінде көзге түскен тағы бір дерек – педагогикалық техникумдағы оқытушылар туралы. Қостанай педагогикалық техникумның алғашқы оқытушылардың біріншісі болып алаштың атақтысы, халқының мақтанышты Бейімбет Майлин көрсетілген. Ағартушылық салада 1914 жылдан, жасы 31-де, қазақ тілінің оқытушысы, аптасына 6 сағат сабақ берген. Оның сыртында сол кездегі қала басшыларына кешкілік курстарда қазақ тілі мен әдебиетінен апта сайын сабақ беріп отырған. Балғожин Абдулғафар, мамандығы дәрігер Қазан университетінде оқыған, жасы 28-де, жаратылыстану пәнінің оқытушысы, аптасына 2 сағат және орыс тілінен аптасына 5 сағат сабақ өткізіп отырған. Біләл Аспандияров, жасы 38-де, 14 жыл ағарту саласында еңбек етіп келеді, жағрапия пәнінің окытушысы, аптасына 2 сағат беріп отырған. Ералин Нұртаза жасы 35-те, ағарту саласында 13 жыл қызмет еткен, дүниежузі тарихы пәнінің оқытушысы аптасына 2 сағат. Құсаин Мухамеджанов, 36 жаста, ағарту саласында 8 жыл, математика пәнінің маманы, аптасына 12 сағат. Мұқтар Мурзин, жасы 29-да, ағарту саласында 3 жыл, химия пәнінің оқытушысы, Томск институтының 2-ші курсын бітірген. Мұстафин Әбдірахман, Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесін тәмамдаған, ағарту саласында 7 жыл, жасы 30-да, ана тілінің оқытушысы. Нұрмұхаметов Жүнісбек, 28-жаста, ағарту саласында 2 жыл, жағрапия пәнінің оқытушысы, Челябі мұғалімдер семинариясын бітірген.
Солардың ішінде санаулы қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі, ірі көркемсөз шебері, өмірде де, шығырмашылық жолда да өз ерекшелігімен халқына таныла білген, төл тарихымыздың төрінен орын алатын, жазушы жерлесіміз, туғанына 130 жыл толғалы отырған Бейімбет Майлин бар қазаққа, әсіресе жас ұрпаққа жаңа қырынан – ұстаздығымен танылып отырғанын байқаймыз.
«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» – деп, ауыл десе жанын да, барын да салуға дайын тұрған Б. Майлин ауыл-аймақтарда болмауы мүмкін емес қой. Сондықтан халықтың сүйікті азаматы, сөз зергері, жүрдек қаламымен елге аса зор еңбек сіңірген Б. Майлиннің қандай ауыл-аудандарда болғаны туралы сауал көптен мазалап көкейде жүрген еді. Талай жылдар архивтерді ақтарып ізденіс жолында жақында олжалы болып, осы сауалға жауап ретінде құнды құжат қолға түсті. Онда Бейімбет Майлин Мендіқара ауданында бір айда екі рет болып, кеңейтілген активте екі рет сөз алғандығы көрсетілген. Алғашқысында 1929 жылдың 4-сәуірінде бұқара халықтың сауаттылығына көңіл бөліп, көркем әдеби кітаптарды жаппай оқуға, облыстық «Ауыл газетіне жазылу барысы» баяндалған. Екінші рет 1929 жылдың 10-сәуірінде аудан халқының алдында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығы туралы баяндап, астық жинап дайындау, бай-құлақтардан алған астыққа жайбарақаттанбай, мемлекетке астық тапсыруды дұрыс жолға қою, байларды тәркілейміз деп, астық тапсыруды, жалпы шаруашылықты уыстан шығарып алмауымыз керектігін алға тартады.
Сонымен, Би ағаң ауданға алғаш барғанда елдің сауаттылығы, білім арқылы ұлтының рухани байуына көңіл бөлсе, екінші сапарында ел экономикасы мен әсіресе ауыл шаруашылығына басымдық берілуіне, сол жолда талаптануларына сөйтіп мемлекеттің мықтылығын ауылдың дамуымен тығыз байланыстырады. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» – дегені осы болар!
Биылғы жылы Б. Майлиннің туғанына 130 жыл, Мендіқара ауданына бір жылда, бір айда екі рет келгеніне 95 жыл толуына орай аудан орталығына арнайы ескерткіш-белгі қойылса, сөз жоқ ұлтымыздың ұлы тұлғасы, жазушы, көсем сөзшебері, ақын драматург алдындағы өтелген парызымыз болары хақ.
Қалқаман Жақып, А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, философия ғалымдарының кандидаты