Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театры Ресейдің Пермь қаласында өткен театр фестивалінен олжалы оралды.
Иран, Ресей, Жапония, Сербия сынды он шақты мемлекеттің маңдайалды театрлары қатысқан халықаралық байқауда Қостанай театры сахналаған «Шолпанның күнәсі» драмасы «Ең үздік спектакль» аталымын жеңіп алып, фестивальдың Гран-при жүлдесіне ие болды.
Сонымен қатар театрдың сахна безендірушісі Садыр Ниязқұнов «Үздік сценография» аталымының лауреаты атанса, бас кейіпкер Шолпанның рөлін жеріне жеткізіп ойнап шыққан талантты актриса Диана Тұрсынова «Үздік әйел бейнесі» аталымын жеңіп алды. Ал Сәрсенбайдың бейнесін сәтті сомдай білген Қуаныш Маратұлына «Үздік ер бейнесі» аталымының мүсіншесі табыс етілді.
«Бұл дәстүрлі байқауға өткен жылы шақырту алған едік. Сөйтіп, Пермь театрында «Шолпанның күнәсін» қойдық. Спектакльді субтитрмен тыңдаған көпшіліктің ерекше әсер алғанын көріп, өзіміз де толқыдық. Қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алдық. Енді бұл қойылым Мәскеу, Баку, Қазан қалаларына шақыртылып отыр. Олар да өздеріндегі дәстүрлі театр мерекелеріне қатысқанымызды қалайды», – дейді қойылым режиссері Батырбек Шамбетов.