Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жалпы қуаты 1 гигаватт болатын 165 жел электр станциясын салу туралы меморандумға қол қойды.
Қазіргі таңда бұл қадам өндірістік қуаттылық үшін энергия тапшылығын сезініп отырған өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды кезең болмақ.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов атап өткендей, бүгінгі таңда облыста электр энергиясын тұтыну 0,45 ГВт болса, өндіру тек 0,12 ГВт құрайды. Жаңа жобаны іске асыру осы тәуелділікті еңсеріп қана қоймай, электр энергиясын өндіру көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа станция тек электр энергиясын өндіруді ғана емес, 300 мегаватт көлеміндегі батареяда электр қуатын жинақтауды да қарастырады.
Осылайша, Қостанай облысы әкімдігі мен «Universal Energy (Qazaqstan) « компаниясы арасындағы меморандумға қол қойылды.
— Электр энергиясымен қамсыздандыру мәселесі экономика үшін де, өңір тұрғындарының жайлы да сайлы өмірі үшін де зор маңызға ие. Бұл қазір бүкіл әлемде өзекті мәселеге айналып отыр. Біздің өңір энергияға тәуелді. Тапшылықтың тарифке де салмағы түседі. Сондықтан қосымша қуат көзін іске қосу қашанда өзекті. Инвесторларды тартып, станциялар салу – күрделі мәселенің тиімді шешімі», – деді жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жел сияқты жаңартылатын энергия көздерінің артықшылығы олардың экологиялық тұрғыдан сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да пайдасы бар. Облыстың бірқатар аудандарындағы желдің орташа жылдамдығы жел турбиналарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, бұл Қостанай облысын жел парктерін салу үшін тартымды етеді.
«Universal Energy (Qazaqstan) « ЖШС компаниялар тобының тең құрылтайшысы Ерлан Қожасбай айтқандай, бұл жобаны іске асырудың маңызды аспектілері – жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту және өңірдің орнықты дамуы болмақ.
— Компаниямыз Шанхайдағы ғаламдық компанияның бір тармағы. Нарықта жеті жылдай жұмыс істеп жатырмыз. Осы уақыт аралығында 6 жел және күн энегриясы станциясын салдық. Станция салатын компаниялардың ірісі бізбіз. Сіздердегі Ыбырай Алтынсарин станциясы да біздің жобамыз. Қазірдің өзінде елде осындай 9 нысан салу үстіндеміз. Олардың екеуі жыл соңына дейін аяқталады. Қаржыландыру көзі – Қазақстан даму банкі, Еуропалық банк және екінші деңгейлі банктер. Таныстығымызға екі апта өтпей, бірден осындай келісімге шақырған алғашқы әкім өзіңізсіз. Уақыт оздырмай іскерлік кездесуге шақырып, жедел жұмысқа кірісіп жатқандарыңызға рахмет. Бұйыртса, құрылыс сәтті басталып, өңір жұрты игілігін көреді деген сенімдеміз», – дейді «Universal Energy (Qazaqstan) « ЖШС компаниялар тобының тең құрылтайшысы Ерлан Қожасбай.
Бақыт ТҰРАШ, сурет Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды