Қостанайда «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» атты кеңейтілген кеңес өтті. Оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – этносаралық келісімді нығайту мәселелерін және Ассамблеяның бастамаларын талқылау.
Облыс әкімі өңірдің тұрақтылығы мен өркендеуі үшін этносаралық келісімнің маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол этносаралық және конфессияаралық келісім – біздің ұлттық брендіміз екенін атап өтті. Өңір басшысы мемлекеттік органдардың тұрақты жұмысы азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін айтып, экономикалық көрсеткіштердегі оң динамика туралы деректерді ұсынды.
— Қостанай облысында 18 жылдан бері бір шаңырақ астында ұлтаралық бірлікті нығайту саласында 19 этномәдени бірлестік үздіксіз жұмыс істеп келеді. Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясы жобаларына орта есеппен 55 000-нан астам адам қатысады. Облыстық Ассамблея мүшелері өңірдегі құрметті және танымал адамдар болып табылады, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Кеңес барысында жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлары ұсынылды. Білім беру және білікті кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан соң жиналғандар алдында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов сөз сөйледі. Лугмар Буларов азаматтар арасында бірлік пен ынтымақтың қажеттілігін атап өтіп, Ассамблея реформаларды қолдауда және барлық этностарды мемлекет дамуының стратегиялық міндеттеріне тартуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Сондай-ақ, ол этноәлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтауға және алдын алуға бағытталған ҚХА-ның «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» атты жаңа қоғамдық жобасы туралы айтып берді. Бұл жоба Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарында пилоттық режимде іске асырылды.
— Жобаның негізгі мақсаты мемлекеттік қызметшілерді, түрлі мекемелердің мамандарын этносаралық коммуникация дағдыларына, этникалық мінез-құлық нормаларын сақтауға үйрету болып табылады. Этностар арасындағы қарым-қатынаста триггер бола алатын оқиғаларды болдырмау үшін жалпыұлттық құндылықтарды, қоғамдағы сенім мен мінез-құлық мәдениетін ілгерілету бойынша ақпараттық-түсіндіру және ағартушылық тренингтер мен семинарлар сериясы ұйымдастырылды. Оң тәжірибені ескере отырып және этноәлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын жою мақсатында Ассамблеяның бұл жобасы Қазақстанның басқа өңірлерінде, атап айтқанда Қостанай облысында да іске асырылатын болады, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов және Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Қарымсақова сөз сөйлеп, Қостанай облысындағы этносаралық ахуалдың жай-күйі туралы өзекті ақпаратты ұсынды.
— Біз өңірімізді дамыту үшін инвестициялық жобаларды іске асыру мен білікті кадрлар даярлау бойынша жұмысты жалғастырамыз. Барлық қатысушыларға сындарлы ұсыныстар мен кеңеске белсенді қатысқандары үшін алғыс айтамын! Күш – бірлікте деп, біз бірігіп облысымызды өркендетіп, одан да мықты етеміз!», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Кеңес қатысушылардың өңірдегі этносаралық келісімді одан әрі нығайтуға бағытталған ұсыныстарын талқылаумен аяқталды.
Кездесуден кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Болатов облыстық Достық үйіне барып, әр ұлттың кабинеттерімен танысып, бейресми жағдайда ЭКҰ төрағаларымен сөйлесті.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды