Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Сарыкөл ауданына барды. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Сарыкөл ауданына жұмыс сапары аясында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Тағыл ауылындағы хоккей кортына барып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті.
Құмар Ақсақалов мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басымдығы ретінде дене шынықтыру мен спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Биыл облыста 12 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда, оның 5-і пайдалануға берілген. Сарыкөл ауданында осы жылдың маусым айынан бастап ауданы 1000 шаршы метрден асатын хоккей корты жұмыс істейді, оған күн сайын 100-ге жуық адам келеді. Корт құрылысына 21,9 млн теңге бөлінді, балаларға жылы киімдерін ауыстыратын қосымша бөлме салынды.
Жұмыс сапары барысында Сарыкөл ауданының жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесу өткізді. Кәсіпкерлер мен аудан әкімдігі өкілдерімен өзекті мәселелерді талқылау кезінде ауыл тұрғындарының қалаға қоныс аударуына алаңдаушылық білдірді. Ауылдағы өмір сүру сапасын арттыруды басым міндет және халықты тұрақтандырудың негізгі факторы ретінде атап өтті.
— Ауыл тұрғындары лайықты жағдайда өмір сүруі керек, ал біздің ортақ міндетіміз – оны қамтамасыз ету. 20 жыл бұрын біз ет пен сүтті көбірек өндірдік. Ал қазір біз халықты импорттық азық-түлікке отырғызуға дейін жеттік. 20 жыл ішінде 270 ауыл жабылды. Адамдарда жұмыс жоқ, өйткені мал шаруашылығы жоқ. Кәсіпкерлер әртараптандырумен айналыспайды. 20 жыл ішінде 100 000 адам ауылдан кеткен. Сарыкөл ауданында бірде-бір шаруашылық қалған жоқ. Қазір бәрін ретке келтіру керек, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, сапар аясында өңір басшысы Сарыкөл ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында облыс әкімі аудан басшысының баяндамасын тыңдап, өзі де облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты.
— Барлығы шаруа қожалықтарының басшыларына байланысты. Адамдар жақсы жағдайда өмір сүргісі келеді. Ешқандай жағдай болмаса, ешкім жұмыс істемейді және ауылда қалмайды. Кәсіпкерлер жұмыс орындарын ашумен айналысу керек. Біүгінгі күні қостанайлықтар ауыл шаруашылығындағы барлық позицияларын жоғалтты. Өкінішке қарай, бізде мақтанатын ештеңе жоқ. 20 жыл бұрын және 10 жыл бұрын біз ет пен сүтті көбірек өндірдік, мал басы да көп болды. Қайтадан өсу болуы керек және біз оны қамтамасыз етеміз, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Аудан әкімі Амантай Балғарин ауыл шаруашылығы экономиканың стратегиялық маңызды саласы болып қала беретінін атап өтті. Қостанай облысы дәстүрлі түрде ұн өндіруден көш бастап келеді, жыл сайын шамамен 5 млн тонна бидай өндіреді. Сарыкөл ауданында «Сатаев Б.Х.» ШҚ базасында өнімділігі сағатына 5 тонна тұқымды тазарту және сұрыптау желісі іске қосылды, бұл 1,2 млрд теңге инвестиция салуды талап етті және 10 жаңа жұмыс орны ашылды.
Алайда, Құмар Ақсақалов жергілікті билік пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ауылдардың инфрақұрылымына және «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға жеткілікті көңіл бөлмегені үшін қатаң сынға алды. Ол сондай-ақ кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті толықтай көрсетуі және ауылдық жерлердегі адамдардың өмір сүру жағдайларын жақсарту қажеттігін атап өтті.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды