2022 жылы қанатқақты жоба ретінде басталған «Қостанай жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында бүгінге дейін өңірде 200-ден аса жас отбасы баспаналы болды.
Биыл үшінші рет іске қосылған бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» 2 млрд 100 млн теңге қаржы бөліп отыр.
Өңірлік коммуникация қызметі орталығында өткен баспасөз жиынында бағдарламаның биылғы шарты, талабы, мақсаты жөнінде айтылды.
«Аталған бағдарлама өңірдің барлық қалалары мен аудандарында түрлі салада еңбек етіп жүрген 34 жасқа дейінгі жас мамандарға арналған. Өтінімдер 21 қазаннан бастап 1 қарашаға дейін қабылданады. Үміткердің кем дегенде бір жерде алты айлық жұмыс өтілі және облыс аумағында тіркелген тұрақты мекенжайы болуы керек. Бағдарламаға отбасы мүшелерінің біреуі ғана қатыса алады. Қатысып жатқан үміткерлерді арнайы комиссия анықтайды. Қатысушыларды іріктеу ашық түрде өтеді, ол конкурстық комиссия отырысында балдық жүй бойынша жүргізіледі. Үміткерлер бірдей ұпай жинаған жағдайда, жасы үлкен қатысушыға артықшылық беріледі», дейді облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Әсел Құлмағамбет.
«Отбасы банк» АҚ Қостанай филиалының директоры Әсел Асқарованың айтуынша, аталған бағдарлама аясында жас кәсіпкерлерге де қолжетімді баспана алу мүмкіндігі беріліп отыр.
«Бағдарламаға қатысушылардың айлық табысы да ескеріледі. Мысалы, ерлі-зайыптылардың, олармен бірге тұратын ата-анасының соңғы жарты жылдық табысын алты айға шаққанда ай сайын 150 АЕК-тен, яғни 553 мың 800 теңгеден аспауға тиіс. Сонымен қатар өтінім берушінің басында соңғы бес жыл ішінде тіркелген баспанасы болмауы керек», дейді филиал басшысы.
Жалпы, «Қостанай жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында әр салада қарапайым еңбек етіп жүрген көптеген жас отбасының жайлы баспанаға қол жеткізіп жатқаны қуантады. Айлығы асып-тасып бара жатпаса да, облыс әкімдігі мен «Отбасы банктің» ұтымды шешімінің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізіп, баспана қуанышына кенеліп жатқан қарапайым еңбек жастары көп. Соның бірі – облыстық жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Бақытбек Досмағұлов.
Жастар
Бақыт ТҰРАШ, сурет Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды