Қостанай облысында Республика күні қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттеріне арналған жаңа заманауи жатақхана ашылды. Іс-шара облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өтті, ол студенттер мен оқытушыларды осы маңызды оқиғамен құттықтады.
Ақсақалов өз сөзінде студенттердің өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі болып табылатынын атап өтті. «Жастарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету оларға оқу процесіне жақсы бейімделуге және білім алу үдерісіне көңіл бөлуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті әкім.
1 млрд теңге көлемінде жеке инвестицияларға салынған жаңа жатақхана 320-дан астам студентті қабылдай алады. Барлық бөлмелер толығымен жиһазбен, душ кабиналарымен, санитариялық тораптармен жабдықталған. Әр қабатта ас үй, кір жуатын бөлмелер және нәрселерді сақтау орындары бар. Сонымен қатар, ғимаратта фитнес-клуб, дүкен және салон ашу жоспарлануда.
Жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін университет студенттерінің баспанаға деген қажеттілігі толығымен жабылды.
Сондай-ақ, әкім соңғы үш жылда облыста 2,3 млрд.теңге сомасына екі жатақхана салынғанын атап өтіп, студенттердің тұрғын үй жағдайын жақсарту жоспарлары жөнінен айтты.
— Біз жатақхана тапшылығын азайту үшін мақсатты түрде жұмыс істедік. Енді студенттерге пәтер жалдаудың қажеті жоқ. Бұдан былай барлығы жатақханамен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін 250 орындық екі жатақхана, 250 орындық медициналық колледжінде және 500 орындық автожол колледжіне салынды. Біз жүйелі түрде және бағдарламалық білім беруді жақсартуда жұмыс істейміз. Биыл АҚШ-тың Миннесота университетімен екі дипломдық білім беру бағдарламасы басталды, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Студенттер үйінің жаңа ғимараттары Пушкин көшесінде орналасқан. Бұл 324 орындық үш қабатты төрт ғимараттан тұрады. Мұнда 2,3,4 орындық бөлмелер бар. Сондай-ақ, ас үйі, кір жуатын бөлме және зат сақтау бөлмесі бар. Жақын арада фитнес-клуб, демалыс алаңы, дүкен және салон ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ, студенттердің жаңа үйінің ашылуын рәсімі профессор және тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы пен Айтмұхамбетов атындағы инженерлік және техникалық институты директорының міндетін атқарушы Берген Қалақов қиды.
— Біздің істеп жатқан жұмысымыз жатақханалардағы орындардың жетіспеушілігі мәселесін шешуге және еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – деп толықтырды Құмар Ақсақалов.
Өз сөзінің соңында әкім жиналған жұртты алдағы Республика күнімен құттықтап, амандық пен оқуда табыс тіледі.
— Еліміздегі жоғары білім саласында Ахаң атындағы университетінің алатын орны ерекше. Ахаң атындағы университетте 8 мыңнан астам студент оқиды. Араларыңызда оңтүстіктен, еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуып келген студенттер бар. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жаңа жатақхана ашылды. Осылайша, биылғы оқу жылында университет студенттерін 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз еттік. ҚӨУ тарихында мұндай жағдай болған емес. Сондықтан ең бастысы тек қана білім алыңыздар. Еліміздің келешегі сіздердің қолдарыңызда. Қоныс құтты болсын», – деп атап өтті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Қуанышбаев студенттер алдында сөйлеген сөзінде.
Студенттер үйі негізгі кампустан алыс емес. Бұл білім алушылар үшін де жайлы болмақ.
— Қостанайға оқуға Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданының келдім. Оқуға түсу кезінде жатақханада орын тапшылығына тап болдым. Биылғы жылы жаңа жатақхана жалға беріліп, бізді қоныстандырғанына өте қуаныштымын. Өткен жылы басқа жатақханада тұрдым. Бұл жаңа жатақхана өте ерекшеленеді. Мұнда екі бөлмелі ас үй, душ және тоңазытқыш бар. Душ қабылдау үшін кезекке тұрмаймыз, – деді екінші курс студенті Алина Кнац.
Нысанның құрылысы 2021 жылы басталды. Жобаны «Статус трейд» ЖШС жүзеге асырды. 2021 жылы «Статус Трейд» ЖШС-мен жаңа шарт жасалды. Шарт бойынша жатақханалар салу жобасы ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылды.
Айта кетейік, университеттің басқа жатақханаларында биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, жаңа электр плиталары орнатылды, есіктерді ауыстыру және жаңа жиһаздарды орнатылуда.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды