Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Инвестициялар мен дамуға жаңа серпін

7 ноября 2024 8:56 • 423 просмотров

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Астана қаласында өткен 2024 жылғы жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты.

Жылдағы дәстүр бойынша Қостанай өңірі тағы да бір ірі зауыттың құрылысын бастамақ. Шара аясында тараптар меморандумға қол қойды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Жаһандық инвестициялар бойынша VII қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты. Алаңда ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, энергетика және тау-кен өндіру салалары, қаржы секторы салаларындағы жетекші халықаралық және қазақстандық компаниялар басшыларымен бірге 500-ден астам бизнес өкілі, сондай-ақ отандық кәсіпкерлік сала өкілдері, инвесторлар жиналды. Пленарлық сессия «Жаһандық инвестициялық үрдістер: болашаққа көзқарас» тақырыбына арналды.

KGIR жұмысын аша отырып, Олжас Бектенов дөңгелек үстел Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысының қисынды жалғасы саналатынын және бизнес-қоғамдастықпен тығыз диалог құруға бағытталғанын атап өтті.

Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде елімізде 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, онда инвесторлар үшін салықтық және кедендік преференциялар көзделген, шетелдік жұмыс күшін жалдау рәсімі жеңілдетілген, бизнес үшін әкімшілік кедергілер азайтылған. Кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб тұрақты негізде жұмыс істейді. Басым инвестициялық жобалар үшін рұқсат беру рәсімдерінен өтуді жеделдететін «Жасыл дәліз» немесе Fast-track тетігі іске қосылады. Отандық және шетелдік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін барынша қорғауды қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалған. Мәселен, шетелдік бизнеске АХҚО-да ағылшын құқығы мен ұлттық құқықтық жүйе арасында таңдау мүмкіндігі берілді.

KGIR қатысушылары елімізде жобаларды іске асыру тәжірибесін бөлісіп, ынтымақтастықтың одан әрі келешегін атап өтті.

China Energy Investment Corporation бас директорының орынбасары Янь Гочуань энергетика саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп бірлескен жобалардың әлеуетіне сенім білдірді.

— Біз энергетика саласында көмірді әзірлеу және экологиялық таза пайдалану, жаңа энергетика, инфрақұрылымды қолдау жөніндегі қазақстандық жобаларға белсенді қатысу үшін озық технологияларымызды, кәсіби әлеуетімізді және тамаша басқару командасын толық көлемде пайдаланатын боламыз. Біз үшін Қытай мен Қазақстан арасындағы достық ынтымақтастыққа өз үлесімізді қосу маңызды, – деді Олжас Бектенов.

AstraZeneca-ның халықаралық биофармацевтика өңірі бойынша вице-президенті Нитин Капур өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азия фармацевтикалық нарығындағы басты ойыншы ретіндегі маңызына тоқталды. Компанияның жергілікті өндірісті және инновациялық шешімдерді дамыту жөніндегі күш-жігері атап өтілді.

«Қазақстан Орталық Азиядағы AstraZeneca бизнесінің локомотиві саналады және жаһандық биофармацевтикалық компания ретінде біз Қазақстан Үкіметінің өңірдегі фармацевтика өнеркәсібінің орталығына айналуға қатысты өршіл мақсатын қолдаймыз», – деді Нитин Капур.

Сондай-ақ пленарлық сессия барысында Power International Holding президенті Рамез Әл-Хаят, Fufeng Group Limited Директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунь, ACWA Power бас атқарушы директоры Марко Арчелли, Carlsberg Group» Еуропа, Үндістан елдері бойынша атқарушы вице-президенті Ларс Леманн, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю Делеони және Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) банк операциялары жөніндегі вице-президенті Маттео Патроне сөз сөйледі.

Костанай облысы өзінің зор мүмкіндіктері мен қарқынды дамып келе жатқан инфрақұрылымының арқасында инвесторлардың назарын аударуды жалғастыруда. Жақында ALUMCRAFT брендімен алюминий қорытпасынан жоғары сапалы пруттар мен профильдер шығаратын зауыт салуға байланысты бастама осының айқын мысалы болып табылады.

Дөңгелек үстел аясында облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен қытайлық серіктес Yin Xingqian (Ин Синцьен) арасында қуаттылығы жылына 29 000 тонна алюминий пруттары мен профильдерін өндіретін зауыт салу туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның серіктесі – Қытайдың алюминий бұйымдарын өндіру саласындағы көшбасшысы болып табылатын Conglin Aluminium Technology (Shandong) Co., Ltd. деп күтілуде. Зауыт аймақ экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, бюджетке қосымша түсімдер мен өнім экспорттау мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.

— Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды фактор – жаңартылатын энергия көздерін енгізу және Ақтөбе облысынан газ құбырын тарту жобалары. Бұл инфрақұрылымдық жобалар сенімді энергетикалық ағындарды қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде жаңа өндірістердің дамуына және инвестицияларды тартуға қолайлы жағдай жасайды.

Костанай облысы жаңа өнім түрлерін дамытуға және озық технологияларды енгізуге ұмтылған инвесторлар үшін орталыққа айналуда. Мұндай тәсіл тек өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, жергілікті тұрғындар мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

KGIR–2024 қорытындысы бойынша жалпы сомасы $7 млрд болатын 32 құжат пакетіне қол қойылды, оның ішінде Премьер-министрдің қатысуымен:

– Ақмола облысы әкімдігі, KAZAKH INVEST және Dalian Hesheng Holding Group арасындағы бидайды терең өңдеу бойынша құны $650 млн болатын стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

– ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, KAZAKH INVEST және CHN Energy арасындағы көмір химия өнімдерін өндіру бойынша $4 млрд-қа стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

– «Orhun Medical» ЖШС мен Қазақстан Үкіметі арасындағы ҚР денсаулық сақтау саласының медициналық қызметтері мен инфрақұрылымын жақсарту бойынша $80 млн-ға инвестициялық келісім;

– «SILK WAY ENERGY LTD» мен ҚР Үкіметі арасындағы Жетісу облысының Панфилов ауданында тәулігіне 1 000 000 нм3 қуат тұтынатын табиғи газды сұйылту зауыт салу туралы жалпы құны $305 млн-ды құрайтын инвестициялық келісім;

– «НК «ҚТЖ» АҚ мен «Транспортейшн Глоубэл Эл-Эл-Си» арасындағы теміржол машина жасау саласында цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу бойынша жобаны іске асыру туралы келісім;

– «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы елімізде алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салу бойынша жалпы құны $100 млн базалық қағидаттар туралы негіздемелік келісім;

– «Шин-Лайн» ЖШС мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі арасындағы әлемнің жетекші компанияларының қатысуымен Алматы облысында азық-түлік кластерін құру туралы базалық қағидаттар туралы негіздемелік келісім (35 өндіріс орны пысықтауда);

– Қостанай облысының әкімдігі мен «Tech Digital» ЖШС арасындағы алюминий қорытпаларынан жасалған жоғары сапалы шыбықтар мен профильдер өндіру саласындағы базалық қағидаттар туралы келісім;

– Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Hyundai Solar KZ 777» ЖШС арасындағы құны $167 млн болатын күн электр стансасын, қалдықтарды өңдеу кешенін, қоқыс жағу кешенін, модульдік жылыжай кешенін салу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум;

– «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен CNPC арасындағы «Солтүстік 1» блогындағы геологиялық барлау жұмыстарының әлеуетін зерттеудің бірлескен жоспары;

– «Отбасы банкі» АҚ мен Азия даму банкі арасындағы елімізде инклюзивті және жасыл тұрғын үйді қаржыландыруды ілгерілету жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды