«Өнеріміз саған, Қазақстан!» облыстық байқау-фестивалі Бейімбет Майлин ауданында дүркіреп өтті. Дәстүрлі іс-шараға жергілікті өнерпаздар биыл да жоғары деңгейде дайындалған. Шабыттары шарықтап, ерекше қарым-қабілеттерін көрсетті.
Осымен 37-ші рет ұйымдастырылып отырған «Өнеріміз саған, Қазақстан!» фестивалі Тобыл-Торғай өңірінің сахна шеберлерін өзара сайыстырып, үздіктерін іріктеу үрдісін жалғастырып жатыр. Білікті мамандардан түзілген көшпелі комиссия бірер күн бұрын Майлин ауданының өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаны көріп, бағаларын беріп қайтты.
Биыл – аудан үшін ерекше жыл. Қазақтың көрнекті қаламгері, ұлт әдебиетінің алыбы Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толып отыр. Сондықтан жерлестері осы жылғы байқау бағдарламасына ардақты тұлғаның шығармашылығын арқау еткен. Сахна Би-ағаның атақты «Гүлденсе ауыл» өлеңімен ашылды. «Гүлденген ауыл» атты пролог-сюита да фестивальдің көркін кіргізген ерекше қойылымдардың бірі болды. Алқабы алтын дәнге, қойнауы алтын кеніне бай өлкенің, берекелі ауыл өмірінің бейнесі, туған жер келбеті, оған деген шынайы сезім эстетикалық тұрғыда жеткізілді. Майлиннің «Неке қияр» атты танымал шығармасының желісі бойынша сахналанған шағын қойылым да жергілікті театр ұжымының шеберлігін таныта білді. Сондай-ақ «Алғашқы сабақ» әңгімесін монолог түрінде орындап берген Айман Зыбалеваның өнері тыңдарман көңілін баурап алып, ыстық ықыласқа бөленді.
Белгілі айтыскер ақын Мамай Ізтілеудің арнауын ауданың кешегісі мен бүгінінен мағлұмат беретін айырықша таныстыру десе болатындай. Бірінен бірі асып түсетін күміс көмей, жез таңдай әншілер, вокалдық топтар сан түрлі сұлу сазбен көпшілікті тәнті етті. Бөлектеп айта кетері, би ұжымдарының дайындығы жоғары деңгейде екен. «Даймондс», «Экзерсис» ансамбльдерінің әртүрлі стильдегі билері талғамы биік төрешілердің назарын өздеріне аудартқаны сөзсіз. Мәселен, қазақ ұлтының болмысы, дүниетанымы, төл өнері айшықталатын «Алаш» биі ерекше есте қалды. Ұлттық нақыштағы қимыл-қозғалыс, үйлесім мен сән, астар мен мән, үлкен экраннан қатарласа көрсетілген бейнекөрініс бойға рух беріп, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімін ақсқақтата түсті десек, артық айтпаймыз.
Әлбетте, славян ұлттарының ән-әуені мен заманауи, субмәдени элементтер де қалың көрермен көңіл-күйін бір арнаға тоғыстыра түсті. Александр Кузьминых атты музыканттың халық әні «Япур-айды» саксофонмен сайратқаны да әсерлі болды. Әрбір нөмірді атап-түстемесек те майлиндіктердің өнері еш өңірден олқы болмады деуге келеді. Дегенмен артық-кемін таразыға тартып, тиесілі бағасын беру – қазылар алқасының еншісіндегі шаруа. Ол байқау-фестиваль қорытындысында белгілі болады.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ