Арқалық қаласында 300 орынға арналған мемлекеттік тілде оқытатын Жайлы мектептің салтанатты ашылуы өтті.
Жайлы мектептің құрылысына 2,6 млрд теңге бағытталған. № 7 жалпы білім беретін мектебі оқушыларға сапалы жағдай жасай отырып, өз есігін айқара ашады.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының басымдығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біздің балаларымыз тұрғылықты жері мен оқу тіліне қарамастан сапалы білім алуы тиіс» деген міндетін орындау болды.
Мектептің ашылуында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали мектепте оқушылардың таланттары мен қабілеттерін дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. «Өңір үшін әлеуметтік әсері маңызды: 70 тұрақты жұмыс орны құрылды. Оқушылар қадамдық қолжетімділікте сапалы білім ала алады. Мектептің Арқалық педагогикалық институтымен ғылыми-әдістемелік өзара іс-қимылы жолға қойылады, болашақ педагогтар мектепте одан әрі жұмысқа орналасумен практикадан өте алады, ал Институттың жетекші ғылыми қызметкерлері ынтымақтастықты жалғастыру үшін қамқоршылық кеңестің құрамына кіруге дайын», – деп атап өтті ол.
Мектептің бастауыш, орта және жоғары буынды оқытуға арналған блоктары бар. 26 оқу кабинеті оқушылардың зерттеу дағдыларын қалыптастыру үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған. Робототехника кабинеттері мен компьютерлік сыныптардың, STEM-зертханалардың жарақтандырылуы өскелең ұрпақтың IT-құзыреттерін, ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Оқу залы бар заманауи кітапхана, жайлы коворкинг аймақтары және тыныш және белсенді ойындарға арналып жабдықталған алаңдары бар.
Мектеп ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға бейімделген, қауіпсіз білім беру ортасы, оның ішінде мобильділігі төмен азаматтар үшін де барлық жағдайлар жасалған.
Қазірдің өзінде мектепке 400-ге жуық бала қабылданды, оқыту екі ауысымда жүргізіледі.
Ардагер Әубәкіров Түбекбай Ғабсалықұлы барлық оқушылар мен педагогтарды мектептің ашылуымен құттықтап: «Ең бастысы, қазіргі заманғы стильде салынған оқу орнында өскелең ұрпаққа сапалы білім беру үшін толыққанды жағдайлар жасалса деймін. Бұл оқу орны тек білім беру ордасы ғана емес, қаламыздың спорттық және мәдени өмірінің орталығына айналады деп үміттенеміз».
Бұл облыста «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ашылған екінші мектеп. Жоба бойынша барлығы 4500 орынға арналған 6 мектеп ашылатын болады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды