Биыл Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл. Осыған орай Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінде қайырымдылық концерті өтті. «Алақандағы өмір» аталған іс-шарада көрермендер және мәслихат депутаттары жинаған қаражат қос балдырғанның еміне берілді.
Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы қабылданғаннан кейін мемлекеттік саяси құрылымның өзіндік моделі ретінде аймақтық мәслихаттар құру жөнінде шешім қабылданған еді. Алғаш рет 1994 жылы 7 наурызда жергілікті өкілдік органдардың сайлауы өтті. Осы тарихи оқиғаға биыл отыз жыл толып отыр. Қостанай облысының әр деңгейдегі мәслихат депутаттары бұл мерекені ерекше сипатта атап өтті. Олар өңір өнерпаздарымен бірлесе дайындаған концертін қайырымдылық мақсатымен ұйымдастыруды ұйғарған. Негізгі іс-шара басталмас бұрын облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещановтың еліміз үшін елеулі мереке қарсаңындағы бейнеқұттықтауы көпшілік назарына ұсынылды.
«Президент өзінің 2022 жылғы Жолдауында: «Ел мен халықтың сенім мандаты бар жауапты депутаттар мен мемлекеттік құрылыста белсенді рөл атқаратын күшті өкілді билік қажет», – деді. Біздің заңнамамыз өкілді биліктің рөлін жетілдіру мен күшейту жағына қарай қарқынды өзгерді. Конституциялық реформалардың арқасында 8-шақырылмдағы депутаттық корпус өз міндеттерін орындауға неғұрлым кәсіби тұрғыда қарауға мүмкіндік алған. Бұгінде өңірде комиссиялардың екі төрағасы белсенді жұмыс атқарады. Мәслихат төрағасының мәртебесі көтерілді. Мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізіне, азаматтық қоғамның сұранысын ілгерілетуді қамтамасыз ететін дербес билік органына айналды. Облыстық мәслихат депутаттары атынан, сондай-ақ өз атымнан барлық шақырылған депутаттарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтамын», – делінген С. Ещанов жолдаған құттықтауда.
Бұдан соң депутатардың күш біріктіруімен әзірленген концерттік бағдарлама ашық деп жарияланды. Сахна алдына қайырымдылық жәшігі қойылып, көрермендерге көпшілік көмегіне мұқтаж балалардың еміне ақша салуға мүмкіндік ұсынылды. Сондай-ақ сахнаның басты экранында балалардың церебралды сал ауруына дауа іздеген кішкентай Темірлан Ғалиуллин мен Алиса Василовскаяның электронды есепшоттары ауық-ауық көрсетіліп отырды. Жүргізушілер хабарлағандай, жиналған сома «Алақандағы өмір» қоғамдық жобасы аясында науқас балдырғандардың ем-домына аударылады.
Өнерсүйер қауым бұл жолы әдеттегі әртістердің емес, облыстың әр аудан-қаласынан келген мәслихат депутаттарының ән-жырын, әсем биі мен әсерлі күйін тамашалады. Сахна төрінде жұлдыздай жарқыраған лауазым иелері кәнігі өнерпаздардан кем түспейтінін дәлелдеп, дүйім жұртты дарын-қабілеттерімен тәнті етті. Бірі вокалдық мүмкіндіктерін, енді бірі әртістік қабілеттерін көрсетті. Көрермендер біресе ырғақты әнге елтіп билей жөнелді, біресе мұңлы әуенге көңілдері босап, көздеріне жас алды. Қалалық «Мирас» және Қостанай ауданының «Алтын дән» мәдениет үйлерінің әнші-бишілері де концерттің сәнін кіргізе түсті.
Концерт соңында жария етілгендей, іс-шара барысында көрермен залынан 300 мыңға жуық қаражат жиналған. Мұның сыртында, өңірлік мәслихат депутаттары «Алақандағы өмір» жобасы үшін 4 млн теңге жинап беріпті. Бұл қаржы Алиса мен Темірланның ата-анасына 2 млн теңгеден берілді. Сондай-ақ көрермендерден жиналған сома да қос балақайға теңдей бөлінді.
Осы игілікті іс-шараға белсенді қатысқан және концертті ұйымдастыруға атсалысқан азаматтар Алғыс хатпен марапатталды.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, сурет Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ